Қайрат Жамалиев Әліби Жұмағұловты соққыға жыққанын мойындады

“Әлібидің ісі” бойынша сот тергеуі аяқталуға шақ қалды. 5 тамызда сотталушы Қайрат Жамалиев соңғы сөзінде Әліби Жұмағұловты соққыға жыққанын мойындады.

жамалиев1

Қайрат Жамалиев сот залында. Фото: infozakon.com

Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Адамды заңсыз бостандығынан айыру, бопсалаушылық, сексуалды зорлық көрсету деген айыптарды астаналық кәсіпкер Жамалиев қисынсыз санайтынын алға тартты.

Сотталушы Әліби Жұмағұловты соққыға жыққанын мойындады. Жамалиев мұндай әрекетке Әлібидің өзі мазасын алып, хабарласа бергеннен кейін барғанын айтты.

“Мен шыдай алмадым. Оның әйеліме тіл тигізіп, бассыздық жасағанына қарап тұра алмадым. Ақыры оған дене жарақаттарын салдым… Мен оның әкесі барын білгенде, бұлай соққыға жықпай-ақ, әкесімен сөйлесіп, мәселені шешер едім”, – дейді Қайрат Жамалиев.

“Осы театрдың бәріне сеніп қалдым. 45 жыл өмірімде алғаш рет осылай алданып отырмын… Бұл менің балаларымның қайғысы, жұмысынан айырылып жатқан жүздеген адамдардың қайғысы”, – деп жалғастырды Жамалиев.

Еске салсақ, ағымдағы жылдың сәуірінде Әліби Жұмағұловты аяусыз соққыға жыққан қалталы кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің әрекетін зардап шегушінің әкесі елге жария еткен болатын.

Барлық дау Айнұр Исина есімді әйелге бола басталды деп шыққан Нұрлан Жұмағұлов ұлының соққыға жығылғаннан кейінгі жантүршігерлік фотосын желіге жүктеген еді. Фото желіде тез таралып, соңында кәсіпкер қамауға алынды.

Іске қатысты сот шешімі 7 тамызда шығарылатын болады.

Дереккөз: Nur.kz