Қазақты Құдай қалай сақтады?!.

Ақ олимпиада өткізуден қазақ құтылды, қытай тұтылды...

Сонымен, 2022 жылғы Ақ олимпиада өткізуден қазақ құтылды, қытай тұтылды... Малайзия астанасы Куала-Лумпурде Халықаралық Олимпиада комитетінің 128-ші сессиясы барысында 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын қабылдайтын Бейжің қаласы болып танылды. Бейжің қаласы Жазғы олимпиаданы да, Қысқы олимпиаданы да өткізген тұңғыш ел болмақ. Әттең, ақтық сайыста бұтын қысып, тілін жұтқан біраз қазақ жемқор­лары­ның жанарларын өкініш жас жуды... Миллиардтарды жымқырған ел тізе бүгіп, миллиардтары жыбырлаған ел жеңіске жетті. Алматы әкімі Ахметжан аға Есімовтың ағылшынша сөйлегеніне әрі қуандым, әрі қапа болдым: қуанғаным – шау тартқан шағындағы кісінің талабы таудай екен; қапа болғаным – қазақ та ана тілі бар іргелі ұлт еді, әттең, тілсіз жануардай жат тілде салақтаттық... Кім білсін, біздің асығымыз алшысынан түскенде: Қазақ Елі мен Алматы қаласын әлем кеңірек таныр ма еді – өйткені, қысқы спорт ойындарын жер бетінде 3 миллардтан астам жанкүйер үздіксіз тамашалайды; сосын, қазақтың қысқы спорт ойындарының түрлері көбейе түсер ме еді – небәрі алты қысқы ойындарға қатысқан қазақтарда жеті ғана медаль бар, оның біреуі ғана алтын; ең ақыры, Алматының инфрақұрылымы жақсарар ма еді – әрі әрбір олимпиада өткізетін қалада 50 мыңнан – 300 мыңға дейін жұмыс орындары ашылады т.с.с. Әйткенмен, қазақты құдай сақтады. Қазір әлем қаржылық дағдырыстан теңселіп тұр. Қара алтынның бағамы күн сайын құлдырап барады, ал, ертеңді ешкім болжай алмайды... Адамзат тарихында табыс әкелген олимпиадалардың барлығы дерлік елде және әлемде экономика жаңа қарқынмен дамыған кезеңде ғана орын алды. Ал, олимпиадалардың дені елдерді тұралатып кетті... Мысалы, күні кеше футболдан «ЕВРО-2012» өткізген Украина 4 миллиард евро көлеміндегі шы­ғын­ға ұрынды да, артынша терең қар­жы­лық дағдарыс шұңқырына құлады... 2004 жылы Афина Олимпиадасында Грекия 10 миллиард АҚШ дол­ларынан айырылып, сұмдық эко­номикалық дағдарысқа жол ашып берді. Олимпиадаға арнайы салынған зәулім ғимараттар түгел қаңырап қалып, ел жағдайын тығы­рық­қа (дефолт) тіреді. Шаш-етек қа­рызға батқан гректер құлаған шы­ңырауынан бүгінге дейін шыға алмай келеді. 1976 жылы Монреаль Олимпиадасын ұйымдастырған канадалықтар «сасқан үйрек артымен сүңгіп», көптеген тауарлардың (ішінде темекі де бар) акциздік салықтарын өсіріп, ұзын-шеті көрінбес бақандай 30 жыл бойы қарыз қайтарып, 2006 жылы әзер есін жиды... ...2011 жылы біз Азия ойындарын абыроймен атқару үшін инфра­құ­рылымдар салуға 1,4 миллиард АҚШ дорлларын, ойындарды ұйымдастыруға 250 миллион АҚШ долларын жұмсап, барлығы 1,65 миллиард АҚШ долларын жұмсадық. Тапқан «пайдамыз» бен нәтижеміз мынадай: түсіміміз небәрі 31 миллион доллар, Қаржы полициясы 57 миллион доллардың қолды болғандығын анықтады және бір шенеунік баукеспе-ұрылығы 5, 5 жылға сотталды. (Бәлкім, қазір бостандыққа шығып, түрік теңіздерінің бірінде салқын суға шомылып жүрген шығар?!.) ...Бір қызығы, осынау ойлы әңгі­меміздің бәрі 2022 жылғы Ақ олим­пиа­даның бюджеті туралы өрбісе, баланың ойыншығы болып қалады. Ең алдымен, қазақ үкіметі 2022 жылы Алматыда Қысқы Ақ Олимпиада өткізу үшін Халықаралық Олимпиада комитетіне 75 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржылық кепілдік берді. Ал, Олимпиаданың бюджеті 4-5 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде белгіленген. Енді қазақтың тамағы сау, тәбеті күшті шенеуніктері Олимпиада таянған кезде шығынды 2-3 есеге көтеріп жіберуге әбден машықтанып алған...(Алматы жеңіліс тапқан сәтте миллиардтаған долларлардан дәмелі қаншама бишігіштердің өкіріп жылағанын көзге елестетудің өзі қиын!..) Егер Алматы жеңіске жеткенде, бізде коммуналдық төлемдердің (энергия қуаты, газ, ыстық және суық су, белгілі бір салық түрлері, тұрғын үй бағасы т.с.с.) аспандап қымбаттауы сөзсіз еді. Бізді құдай сақтады: Қазақ Елі экономикалық дағдарыстың алдын алды. Аса ірі көлемдегі жемқор­лықтың жолы кесілді. Қаңырай­тын ғимараттар салынбайтын бол­ды. Коммуналдық төлемдер шарық­тамайды. Салық түрлері өспейді. Басты ақиқат: біз әлі жас, әлсіздеу елміз: 1. Біз әлі қаржылық басқарудың тиімді жүйесін құра алған жоқпыз. 2. Отаншылдық қасиетіміз – отбасымыздан алыстап кеткен жоқ. 3. Олимпиададан кіріс кіргізіп, табыс табуды үйренгеніміз жоқ. ...Әйтсе де, көңіл түсіп, жүрек сыз­дайтын дәнеме көрмедім: құдай қаласа, ел аман, жұрт тыныш болып, әл-ауқатымыз қуаттанған кезде талай қызық ойындарды өзімізді өткереміз... Қазір асыққанымыз – сайтанның ісі. Әне, «тойдың болғанынан – боладысы қызық» деп, біздің «данышпан» үкімет тиын таппай, зейнетақы жиынына қосымша 5 пайыз салым қоспақшы екен; ал, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің маңайы көңірсіп, қыруар қаржылары миллиардтап тоналып жатқан көрінеді... ...Біз болсақ, шамамызға қарамай, Бейжіңмен текетіресіп-таласқымыз келеді. Сол Бейжің жемқорлармен әңгіме айтып әуре болып жатпайды, алаңға апарады да, атып тастайды...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

qazaquni.kz