Өткеніңді қоңырсытып, аянышты халге енбе...

Бүгінгі көркем әдебиетің құнының құлдырағаны соншалықты, біреудің қойын дәптеріндегі ескірген естелігін көркем шығарма деп жариялап жар салатынды шығардық. Осындай «көркем шығармалардың» бірі - «Болмаған балалық шақ» деген повесть. Ақ иесі - Ақберен Елгезек.
Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар дейтін ақын ағамыз, Ақберен Елезегіміз көркем прозаға жоламай-ақ қойғаны жөн бе деп ойладық. Проза - ауыр жанр. Екінің бірі етегіне іліп кете беретін жолда жатқан түйіншек емес. «Ақынмын» деп адуындамай, белі көтеретін шоқпарды біліп жүргені дұрыс болар еді. Олай дейтініміз, тақырып таңдаудан, өзіне таныс өмір құбылыстарын сұрыптаудан, дүниеге көзқарасы және эстетикалық танымынан, типтік образ жасаудағы тәсілдерінен, сюжет, композиция және жанр талғауынан, тіл мен сөйлем құрылысының ерекшелігіне тән көріктеу құралдарынан, бейнелеу тәсілдерінен жазушылығы көрінбейді.
Ал осылардың бәрін жиып келгендегі жазушы шығармасына тән идеиялық-көркемдік ерекшеліктердің бүкіл жиынтығы мен олардың тұтас бірлігін стиль деп айтады. Олай болса Ақберен Елгезектің жазушылық стиль белгілерінің бірі - тіл мен сөйлем құрылысының ерекшелігі туралы айтар болсақ ұзаққа кетеміз. «Болмаған балалық шақ» повестінен мысал келтіре отырып, соның бір парасын сөз етелік. Мәселен: «Үржардағы сары үрпек» деп басталатын бөлімін оқиық. «Әкем жарық дүниеден өтісімен, біз Үржарға көштік. Алматыдағы үйімізден алғанымыз - бар болғаны екі-үш шамадан киім-кешек екен. Соны автобусқа артып алып, шешемнің төркініне тартыппыз. Әкемізден үшеу қалған ек. Үлкеніміз Маржан, ағам Данышпан және мен»  Міне бұл абзацтың өн бойынан жазушының  тіл мен сөйлем құрлысындағы қателіктері бірден көзге ұрады. Оқиғаны «Әкем жарық дүниеден өтісімен, біз Үржарға көштік.» деп бірінші жақта баяндап келе жатып, автор сөзден жаңылыс жасайды да «Алматыдағы үйімізден алғанымыз – бар болғаны екі-үш шамадан киім-кешек екен. Соны автобусқа артып алып, шешемнің төркініне тартыппыз.» деп үшінші жақтың баяндауына түседі де, келесі сөйлемде қайта бірінші жаққа көшеді «Әкемізден үшеу қалған ек. Үлкеніміз Маржан, ағам Данышпан және мен.» . дәл осындай қателіктер мына абзацтан да көрінеді  «Мені білетін Үржардағы көрші-қолаң, туыс-жекжат «біртүрлі бала» - деп атайтын. Оның өзіндік себебі бар. Үлкендердің айтуына қарағанда мен маңайдағы тәмам жұртты жинап алып, «өзім бастан кешкен» таңғажайып оқиғалардан сыр шертетін көрінем. Мысалы үшін, басқа планеталарға шеккен сапарларым жайлы таңды таңға ұрып, елді еш шаршатпай әңгімелеп береді екем.»  деп үшінші жақта баяндап келе жатып сол обзацтың соңын «Немесе, сол кездегі КСРО-ның таңбамаңдай басшысы Михаил Горбачевпен өткен неше дүркін кездесулерімнің нәтижелері жайлы таратып айтамын.» деп тағы да бірінші жаққа көшеді. Осылайша әңгіме басталмай жатып- ақ қателікке бой ұрады. Тіпті қарапайым сөйлемді құрауда да үлкен қателікке бой ұрғанын мына сөйлемнен көре аламыз: «Оны мен кейін хат танығаннан кейін оқыдым» бір сөйлемде үйлесімсіз үстеу мен шылаудың қатар қолданылуы сәтсіз. Дәл осы сөйлемді «Оны мен хат танығаннан кейін оқыдым» деп қолданса дұрыс болар еді. Ал қарапайым құбылыстарды баяндауда сөздік қордың мағанасына мән бермей қалай болса солай қолданған. Әр сөзде жан бар. Әр сөзде өмір бар. Сөздің де обалы бар екенін ұғынса ғой, шіркін... Амал нешік. «Қазаншының өз еркі бар қайдан құлақ шығарса» деуге келмейді ғой. Енді мына мүгедек құрмалас сөйлемге қараңызшы, жүрегіңіз ауырады: «Семей жаққа күз ерте келіп, артынан қыс көп ұзамай қылышын сүйретіп, сау ете қалатын» Құдайым-ай, «...сау ете қалды» дейтіндей таудан құлай түскен жылқы немесе қараңғыда қапыда қалдыратын жау әскері емес қой! Қыс бір күнде ғана түсіп қалады. Бәлкім, соны айтқысы келген шығар. Қысқа қатысты кәдімгі қар да сауылдап емес қапалақтап жауады емес пе? Осыған байланысты «қылышын сүйретіп қыс та жетті» деп халық аузында көп айтылатын тұрақты тіркес бар. Айта берсең көп қой. Ал мына сөйлемде: «Біз ағам екеуміз қуыстай бөлмедегі жиналмалы тар төсекте жататынбыз»  бұл арадағы «қуыстай» деген сөзді «тар» деген мағанада алған, бұл дұрыс емес әдетте үй бөлмелерін «қуыс-қуыс» деп айтыла береді, сондықтан «тар» деген мағанаға «қуықтай» деген сөз қолданылады. «- Дәкай қатты ұйықтап қалды. Ол енді оянбайды... – деді. Мен әлі де елең-алаң қалпымда тұрмын.» бұнда  қарамен белгіленген «Елең-алаң» деген сөз таң енді атып келе жатқан кезді айтады. Абыржуды білдіретін сөз әдетте «алаң-салаң» деп қолданылады.
«... Үлкендердің айтуына қарағанда мен маңайдағы тәмам жұртты жинап алып, «өзім бастан кешкен» таңғажайып оқиғалардан сыр шертетін көрінем. Мысалы үшін, басқа планеталарға шеккен сапарларым жайлы таңды таңға ұрып, елді еш шаршатпай әңгімелеп береді екем. Немесе, сол кездегі КСРО-ның таңбамаңдай басшысы Михаил Горбачевпен өткен неше дүркін кездесулерімнің нәтижелері жайлы таратып айтамын. Ол ол ма, менің әңгімемді қызықтаған қауымға үйдің қасындағы тоғайдан Гитлер мен Борманды кездестіріп, үшеуіміздің екінші дүниежүзілік соғыстың салдарын сараптағанымызды паш етемін! Жұрт ду күлісіп, «айт, айта түс» » Бұл жерде көркем шығарманы артық етем деп тыртық қылғаны көрініп тұр. Бұндай шарықтауды тіпті «Мың бір түн» хикаясынан  да таппайсың. Ақын Ақберенің бүгінгі қоғамға ертегі айтуының өзі повестегі жаңалық болып отыр. Ойлаңыз олар неқылған аңқау жұрт еді. бесіктен енді белі шыққан төрт-бес жастағы баланың сандырағын тыңдап таңды таңға жалғап отырып беретін. Әлде бұл ертегі әлемінің елінен бе? Ал КСРО-ның басшысы Михаил Горбачев туралы айтам дегені тіпті миға симайды, Гитлермен кездестім деуі де асыра сілтеу 90-жылға дейін жаппай Гитлерді қаралау болды, ауыл ақсақалдары Гитлердің атын естісе бүкіл қаны басына шабатын кез. Ақберен ағаның осынша «самғауы» нені білдіреді? Көркем шығарманың адамға адами тәрбие беруі былый тұрсын, осындай күмәнді ойлары көп. Осыдан соң бұл мектеп оқушысының пісіп-жетілмеген қол жазбасы дер едім. Дәл осы туралы Достоевский «Кәдімгі жағдайды алып төпелеп жаза беру немесе оған немқұрайлы қарау, меніңше реализм емес, тіпті керісінше болуыда мүмкін...» деген сөзіне құлақ түрсек өмір шындығы мен көркем шындық жөнде көп сырлар барын түсінеміз. Әдетте көркем шындық, өмір шындығына қарағанда жинақталып, типтендіріліп, өмірде жоғары тұрады, мұнда оқиғаның сөзсіз болуы шарт емес, шындыққа  жанасымды болуы талап етіледі. Сондықтан әркім өзі үшін жазған шимай-шатпақ қойын дәптерін көркем шығармаға қосақтай бермесе екен. Мен көңіліме келгенін айттым, көрсеқызарланғын жоқпын. Артық айтсам, асылық айтсам көкірегінде күн жанған мәртебелі оқырман сөйлесін. Мүмкін, мен қателескен шығармын?!
Р. S .
Ер жігіттің басына, не келіп, не кетпейді?! Өткеніңді қоңырсытып, аянышты халге енбей, жылап-сықтай бермей елдің жайын, ұлттың қамын ойлаңдаршы ағалар! «Өз сөзім – өзімдікі».
Айжамал КӨПЕЕВА,
Әдебиет порталы