Бішкекте жарылып өлген қазақ жігіт кім?

Маусымда Қырғызстан түрмесінен қашқаны, ал шілденің басында Бішкектегі ұстау операциясы кезінде өзін жарып жібергені туралы хабарланған қазақстандықтың сүйегін туыстары алып қайтты.

D815BC14-737F-4E4B-A7A3-6862DE831CF7_w640_r1_s_cx0_cy30_cw0

Фото: azattyq.org

Шілденің басында Бішкекте қырғызстандық қауіпсіздік күштері ұйымдастырған арнайы операция кезінде қайта қолға түспеу үшін өзін гранатамен жарып жібергені хабарланған Альберт Абхиннің туыстары Азаттыққа оның мәйітін алғандарын айтты.

Батыс Қазақстан облысының тумасы 24 жастағы Альберт Абхиннің немере інісі болып келетін Нұрсұлтан Абхиннің сөзінше, қаза болған жігіттің анасы Атырау облысымен шектесетін Жаңақала ауданында тұрады, ал әкесі бір жыл бұрын қайтыс болған.

«Бір үйде үш бала: екі қыз, бір ұл. 1996, 1997 жылы туған екі қарындасы да тұрмыста. Үшеуі де өзгеше бағыттағы ағымға ілесіп кеткен. Альберт басында құр намазға жығылып жүрді. Кейін Орал қаласындағы базардың жанында орналасқан қызыл мешітке барып жүретін. Ол жерде бірыңғай ұзын сақалды, қысқа балақтылар жүреді», – деді Нұрсұлтан Абхин.

Альберттің ұстанған діни бағытын қолдамайтын Нұрсұлтан немере ағасының үйіне аса көп бармағанын, оның өзімен ашылып сөйлеспегенін айтты.

Альберт былтыр бұрын бала-шағасын қалдырып, «Сирияға кетіп бара жатқан жерінде» Қырғызстанда қолға түскен

Нұрсұлтанның сөзінше, соңғы жылдары ата-енесімен бірге тұрған Альберт былтыр бұрын бала-шағасын қалдырып, «Сирияға кетіп бара жатқан жерінде» Қырғызстанда қолға түскен. 2014 жылы Альберт Абхин мен Жанболот Амиров есімді және бір қазақстандықты Қырғызстан соты «шекараны заңсыз кесіп өтті», «жалған құжат жасады» деген айыппен төрт жылға соттаған еді.

Альберттің артында төрт жас баласы жетім қалды

Қырғыз билігі биыл маусымның 25-і күні түрмеден қашып шыққан Абхиннің шілденің 1-і күні Бішкекте оны ұстау бойынша ұйымдастырылған арнайы операция кезінде жарылып өлгені туралы хабарлаған. Альберттің артында төрт жас баласы жетім қалды. Азаттық тілшісі Альберт Абхиннің нақты қандай жағдайда қаза болғаны туралы толық ақпарат алу үшін Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарласқанымен, мәлімет алу мүмкін болмады.

Бішкек қаласынан Альберттің сүйегін алуға барған немере әпкесі Света Абхина бауырының «мектепте жақсы оқыған тәртіпті оқушы болғанын, кейін токарь мамандығы бойынша білім алғанын» баяндады.

«Мен Альберттің әкесінің әпкесі едім. Ауылдағылар (басқа туыстары – ред.) «сүйегін бізге бермейді» деген соң [Бішкекке] өзім бардым, бауырымды далада қалдырғым келмеді», – деді Света.

Ол Альберттің «теріс ағымға түсуіне» қайын жұртының ықпалы болуы мүмкін деп күдіктенеді.

«Өзіміздің елдегі (Қазақстандағы – ред.) орган адамдары маған «[Альберттің] сүйегі шашылып қалған, алатын ештеңесі жоқ, тек фотодан ғана көре аласыз» деп айтты. Бірақ мен оларды тыңдаған жоқпын. Шындығында бір жақ қолы ғана жоқ екен. Қырғызстан жағынан [мүрдені беруге қатысты] ешқандай мәселе болған жоқ» деді Света.

Немере әпкесі Альберттің өзін жарардан бұрын үйіне хабарласқанын айтады.

Менің ешқандай шансым да, баратын жерім де, елге қарайтын бетім де жоқ

«Менің ешқандай шансым да, баратын жерім де, елге қарайтын бетім де жоқ. Осылай болғаны үшін мені кешіріңдер. Түбінде мен кететін болармын» депті. Мен бұл әңгімені мамасынан естідім. Өзімен өзі жүрген бала еді. Мұндай жолға түскеніне кім себеп болғанын білмеймін», – деді ол Азаттыққа.

2013 жылдың қазан айында интернетте тараған «Сирияға жиһад жасау үшін қоныс аударған 150 қазақстандық» туралы видеодан соң елдегі діни радикализмге бет бұрған жастар мәселесі әлеуметтік желіде жиі талқылана бастады. Жуырда Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы қазақ драма театры туыстары Сириядағы діни ультра-радикал содырларға қосылған отбасылар туралы спектакль қойған.

ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев маусымның 29-ы күні қазір Ирак пен Сириядағы қарулы қақтығысқа 150-ден аса қазақстандық қатысып жүргенін, олармен бірге 200-ден астам әйел мен бала да ілесе барғанын мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық