Құрманғазы-Пушкин постері үшін елден кеткен

Құрманғазы мен Пушкиннің сүйісіп тұрған суретін салғаны үшін айыпталған Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінің директоры Дария Хамитжанова қазір Киевте тұрады. Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінің директоры Дария Хамитжанова.
Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінің директоры Дария Хамитжанова.
Азаттықтың Киевтегі студиясында берген сұхбатында Дария Хамитжанова Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы туралы және елден не үшін кеткені жайлы айтып берді.
Азаттық: - Айыппұл салынған соң агенттік жұмысын тоқтатты ма?
Дария Хамитжанова: - Иә, жақында біз  34 миллион теңге (187 мың АҚШ доллары) айыппұл салынған шағым бойынша кассациялық сотта жеңіліп қалдық.
Азаттық: - Бұл мемлекеттік құрылымдардың «біз белгілеп берген шектен асып кетсеңдер осылай болады» дегенді аңдату шарасы ма?
Дария Хамитжанова: Әрине. «Өз пікірлеріңді айтардан бұрын жүз рет ойланыңдар» дегенді іс жүзінде көрсетті. Өкінішке қарай, шығармашалық ортада бұл жазалаушы аппаратқа біз күткендей баға берілмеді. Енді тапсырыс берушілер «біз жасап жатқан материалдар біреудің сезімін қорламай ма?» деп ойланатын болды.
Азаттық: - Қазақстан үкіметіне, оның құқық қорғау жүйесіне әдетте саяси белсенділер мін тағады. Олар көбіне сөз бостандығы, саяси үдерістегі мәселелер, сайлау жүйесі проблемаларын көтереді. Мұнайшылардың әйгілі ереуілі болған кезде жұмысшылар қозғалысы да біраз салмақты талаптар қойды. Ал сіздікі – саясатқа қатысы жоқ мәселе. Демек, мәселе билікте ғана емес, қоғамның өзінде де болып тұр ғой?
Дария Хамитжанова: - Бізде өте күшті билік вертикалі қалыптасқан. Сондықтан бізде жазалау мақсатындағы сот процестері өтеді, оның ішінде журналистер де бар. Орынсыз себептермен тұтас бір басылымдар жабылып қалады. Жүйе дұрыс қалыптаспағандықтан, мұның бәрі ұрда-жық әдістермен жүреді және жұрттың үлкен наразылығын туғызады. Егер біреуді  жария түрде жазалағың келсе мұны дұрыстап, дайындықпен, халыққа түсіндіре отырып жасауға болады. Бірақ мемлекет біреуге бірдеңе түсіндіру қажет деп ойламайды.
10 жыл ішінде екі жарым мыңнан астам мешіт бой көтерді. Тіпті «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы да мұндай қарқынмен жүрген жоқ.
Қоғам неге бұлай жауап берді? Меніңше, бұған да билік кінәлі. Жұрт бүгінмен өмір сүрмейді және болашақта не болатынын білмейді. «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» сияқты президент бағдарламалары халықтан тым алыс. Шын мәнісінде халық не істеу керектігін білмейді, сосын ресейліктер сияқты олар да руханиятты азық етеді, өткенін еске алып, сонымен күнелтеді.Ресейде бұрынғы совет заманын аңсап, Сталинді пір тұтып жатса, поптар президентпен қатар отыратын болса, біз ескі дәстүрді еске аламыз. Кешегі өткен батырлар мен хандарды мақтан тұтқаннан басқа еш қызық қалмай тұр.Оның үстіне қазір Қазақстанда ислам бас көтеріп келеді. Соңғы 10 жыл ішінде екі жарым мыңнан астам мешіт бой көтерді. Тіпті «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы да мұндай қарқынмен жүрген жоқ.
Азаттық: - Жұрт Қазақстан тарихы туралы және Ресей президенті жоққа шығарған Қазақ хандығы туралы көп айтады. «Бізде мұны тарихтың ерекше бір кезеңі ретінде еске алады» деп отырсыз. Бірақ әңгіме қазақ ұлтының өкілдері туралы болып отыр. Сіздерде басқа ұлттардың өкілдері де көп тұрады ғой. Олардың бұл мемлекеттілік дәстүрімен, бұл дінмен байланысы жоқ емес пе?Дария Хамитжанова: - Қазақстанда олардың үшінші буыны өмір сүріп жатыр. Бізге қарсы шыққандардың көбі қазақ ұлтының өкілдері болды. Олар Құрманғазының суретін пайдаланғанымызға ашуланды. Ал «Пушкиннің суретін неге қойдыңдар?» дегендер өте аз болды. Біле білсек, бұл да біздің ортақ игілігіміз емес пе?
Азаттық: - Жұрт болашағын елестете алмайды дедіңіз. Сонда жастар Қазақстанда қалғысы келмей ме?
Дария Хамитжанова: - Жастар қалғысы келмейді.  1990-2000 жылдардағы өз өмірімді көз алдыма елестетсем, ол кезде оптимизм көбірек болды. Алуан түрлі саяси көзқарастар болатын. Халық өз пікірін көбірек білдіретін. Қазір қысым көбейгені сондай, жұрт өз пікірін айтудан қорқады, бәрі «асүйдегі диссидентке» айналған. Менің таныстарымның көбі шетелге кетуді ойлап жүр.
Азаттық: - Мұндағы Ресейдің ықпалы қандай? Ресейде де пікір білдіру бостандығы осы деңгейде ғой. Сонда екі ел қатар келе ме?
Дария Хамитжанова: - Ақпараттық кеңістік те маңызды рөл ойнайды. Ресей телеарналарынан берілетін сандырақ... (олардың рейтингі бізде жоғары) тәулік бойы халықтың көкейіне құйылып жатыр. Украина мен қақтығыстан басқа ешқандай жаңалық жоқ сияқты.​
Азаттық: - Демек,  Қазақстандағы Ресей телеарналарын көретін халықтың көбі Ресей-Украина қақтығысында Ресейге жақтасады ғой? Олар Қазақстанға да осындай қауіп төнуі мүмкін деп қорықпай ма?
Дария Хамитжанова: - Бұл туралы тек ұлтшыл-патриоттар айтып жүр. Менің айналамдағылардың барлығы Украина жағында. Басқа халық тұтас теледидар көреді.  Егер Украина ақпарат құралдары Қазақстанға келсе, жағдай өзгерер еді.
Азаттық: - Бір кезде  Қазақстанның үлкен қалаларында қазақ тілінде сөйлеп, әдеби шығармалар оқи алатын адамдар өте аз болатын. Украинадан Қазақстанға келген біз үшін бұл біртүрлі көрінетін, себебі бізде ресми саясат қандай болса да украин тілі барлық жерде қолданылады. «Қоғамдағы қазақ тіліне деген көзқарас өзгере ме  екен?» деп көп ойлайтынмын.
Дария Хамитжанова: - Статистика бойынша халықтың 60 пайызы қазақша сөйлейді. Өз басым қазақ тілін тұрмыстық деңгейде ғана білемін, сол үшін де қатты ұяламын. Қызым бірінші сыныпқа барғанда тілді онымен бірге үйреніп алам ба деп ойлап едім.  Оқулықтар бірдеңеге оқытатындай етіп жазылмаған болып шықты. Бір жылдың ішінде қызым қазақ тілінен гөрі ағылшын тілін жақсырақ үйренді.
Республикалық бюджет қысқартылып жатыр. Бұл туралы айқайлап тұрып айту керек.
Азаттық: - Бұрынғы одақтас республикалардың ішінде Қазақстан экономикалық реформаны жүзеге асырып, жұрттың бизнеспен айналысуына жағдай жасаған, жақсылы-жаманды инвесторлар тартқан ел саналады. Сонда олардың болашаққа сенбеуінің себебі не?
Дария Хамитжанова: - Үмітті сөндіретін жағымсыз жағдайлар болып жатыр. Мәселен, жақында Қазақстанда мектептегі тегін тамақты алып тастады. Күзде мектепке баратын балаларға тіпті алма да, печенье де бермейді. Ал жұртты АҚШ-тағы біржынысты некені заңдастыру туралы сот шешімі көбірек толғандырады. Бәрі соны айтып даурығып жүр. Бұл менталитет өзіңнің айналаңда болып жатқан проблемаларды көруге мұрша бермейді. Ойланған кісіні бұл мәселелер қатты толғандырады. Республикалық бюджет қысқартылып жатыр. Бұл туралы айқайлап тұрып айту керек. Себебі қаржы Назарбаевтың имидждік жобаларына -  «Экспо 2017», универсиада, 2022 жылғы Олимпиадаға өтініш беруге жұмсалып жатыр. Әлеуметтік сала мешел қалып жатқанда бұл жобалардың қажеті жоқ.
Азаттық: - 2013-14 жылдары Украинада болған оқиғалардан соң Жаңаөзен оқиғасына қайта баға берілді ме? Майдан Владимир Путиннің де, Нұрсұлтан Назарбаевтың да режиміне біраз қауіп төндіретін фактор емес пе?
Дария Хамитжанова: - Бұлай болады деп ойламаймын. Біз украиндарға қарағанда инерттіміз, бізді үйден шығару қиын. Халық Жаңаөзен оқиғасын біледі. Бірақ көшеге шығып, үшеуден көп жиналғандар қатаң жазаланады. Жұрт қорқып, бір-біріне бас шұлғудан әрі аспайды. Әркім тек өзін ойлайды. Қазақстанда Майдан сценариі болмайтынына сенімдімін.
Жұрттың көбі қазіргі өмірін тұрақты деп ойлайды. Ештеңені өзгерткісі келмейді. Сондықтан мен елден кетіп қалдым.
Қазір ешқандай оппозиция жоқ. Президентке бәсекелес болатын лайықты адамды да көріп тұрған жоқпын. Егер ондай адам пайда болған күннің өзінде, ол сайлау науқанын ұйымдастырып үлгере алмайды. Себебі біздегі сайлаулардың барлығы мерзімінен бұрын өткізіледі.Жұрттың көбі қазіргі өмірін тұрақты деп ойлайды. Ештеңені өзгерткісі келмейді. Сондықтан мен елден кетіп қалдым. Десе де, азаматтық қоғамның белгілері байқалып қалады. Мұнда қаламын ба, қалмаймын ба, әлі шешкен жоқпын. Украинаны әзірге бақылап жүрмін. Өзім барған көп елдің ішінде ең тартымдысы, ең түсініктісі осы ел болды. Маған бұл жер ұнайды, мұнда мүлде басқа адамдар тұрады.
Азаттық: - Қазақстанда Украинадағыдан жақсы бірдеңе бар шығар. Мәселен, мемлекеттік аппарат, қалалық өзін өзі басқару салаларында?
Дария Хамитжанова: - Халыққа қызмет көрсету орталықтары. Мұндай орталықтар қаланың әр ауданында, Қазақстанның барлық аймағында бар. Яғни, мемлекет бюрократиялық кедергілерді азайтуға күш салып жатыр. Мұнда ондай жоқ.
Виталий Портниковтың сұхбатын орыс тілінен ықшамдап аударған -  Мұхтар Екей.