25 жастағы қазақстандық алғашқы тапқан $2 млн-ын қайырымдылыққа аударды

25 жастағы қазақстандық жас ғалым Асхат Мырзабаев әлемдегі ең ірі банк топтарының бірі саналатын Barclays компаниясында (Ұлыбритания) жарты жыл жұмыс істеп, тапқан  $2 млн доллар табысын қатерлі ісікті зерттеу жұмыстарына жұмсады.

peYYFL9tuam0008NBsEtNFmR931FIo

Бұл жайында ол блогер Бота Жұмановаға берген сұхбатында мәлімдеген.

“Менің бұл жобадағы негізгі мақсатым ақша табу емес еді. Мен үшін ең бастысы – тәжірибе жинау, таныстық ортаны кеңейту, білім алу. Біз банктегі топ-менеджерлер арасында әңгіме құрып, алатын еңбекақымызды қайда жұмсайтынымыз туралы әңгімелестік. Көпшілігі бізді түнгі клубтар, қымбат яхталар мен өзге де ойын-сауыққа құмар деп ойлайтын шығар. Жоқ, Barclays командасында жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі салауатты өмір салтын ұстанады”, – дейді Мырзабаев.

“Аталған кездесуде мен өзімнің қаражатымды түгел әлемдік маңызға ие пайдалы іске жұмсағым келетінін айттым. Кейін, ол ақша қолыма тиген кезде оны рак ауруын зерттейтін халықаралық ұйымға түгелдей аударып жібердім. Ал, банктің өзге топ менеджерлері болса мен аударған әрбір фунттың үстіне тағы 2 фунт қосып аударуға уәде берді”, – деп сөзін жалғастырды жас ғалым.

“Миллион долларды еңбектеніп тапқан адам ол ақшаны екінші рет те таба алады. Бірақ бұл біздің өміріміздің мәні, мақсаты емес қой. Біздің мақсатымыз ауқымды болу керек”, – деп түйіндеді Асхат Мырзабаев.

Қазіргі таңда ол жас өнертапқыш ғалымдарды әлемнің ең үздік компанияларына жұмысқа орналастырудың қамымен жүр. Асхаттың мақсаты – талантты жастардың басын Қазақстанда қосып, оларға еңбек нарығында ыңғайлы алаң ұсыну.

Дереккөз: BAQ.KZ