KazSat-2 жер серігінің жұмысы неліктен тоқтап қалғаны анықталды

KazSat-2 жер серігінің жұмысының бұзылуына күн активтілігінің артуы әсер етті. Бұл туралы Республикалық ғарыштық байланыс орталығы хабарлады.

казсат2

«Спутник жұмысының бұзылуына күннің белсенділігі әсер етті деп үлкен сеніммен айта аламын. Өздеріңіз білесіздер, табиғатта түрлі апаттар болып жатыр. Бізге бағынбайтын құбылыстар бар. Солар спутниктегі бағдарламаның бұзылуына соқтырды», – деді «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ президенті Виктор Лефтер

Оның айтуынша, спутник жұмысындағы ақауды жоюға тәуліктен аз уақыт кетті.

«KazSat-2 жер серігінің жұмысындағы телеметрия көрсетулерінің ауытқуы 30 маусымда 9 сағат 20 минутта орын алды. Борттағы қуатты үнемдеу үшін біз аккумуляторларды өшіріп тастадық. 1 шілдеде 2 сағат 30 минутта ахау жойылған соң аппарат іске қосылып, қалыпты жұмысқа кірісті. Өшірілген телеарналар қайтадан хабар тарата бастады», – деді  Лефтер.

Ол KazSat-2 жер серігінің өзі зардап шекпегенін мәлім етті.

«Біздің мамандар бағдарламадағы осал тұстарды тауып, тез арада жаңадан жасалған бағдарламалар массивімен алмастырды», – деді ол.

KazSat-2 жер серігінің бағдарлама жұмысындағы олқылықтарды анықтап және жоюмен «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ бас оперативтік басқару тобының қызметкерлері мен аппарат және жер серігін басқару жүйесін жасаған Мәскеу «Марс» жеке конструкторлық бюро қызметкерлері айналысты.

Бұрын хабарланғандай, KazSat-2 жер серігіндегі апатты жағдай 30 маусым күні сағат 10-да  басталып, соның салдарынан Қазақстанның жекелеген аймақтарында облыстық және бірқатар спутниктік телеарналар хабар таратпай қалды.

Дереккөз: КазТАГ