Зейнетақы зары қайта басталды

images Жақында жұрттың жалақысы айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Себебі еліміздегі жұмыс беруші барлық мекемелерге қоластындағы қызметкерлерінің зейнетақы қорына табысының тағы да 5 пайызын аудару міндеттелмек. Үкімет зейнетақымен қамту туралы заңға осындай өзгеріс енгізіп, жаңа құжатты мәжілісмендер бірінші оқылымда қолдады. Жаңа заң жобасына сай, зейнетақыға үш тарап: мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың өзі жауапты болады. Билік зейнетақы қорындағы ақшаны осылайша көбейтпекші. Жаңа норма 2018 жылдан бастап енгізілмек. Үкімет бұл әдісті дүниежүзілік үш деңгейлі зейнетақы жүйесінен алыпты. Шетелдерде компаниялар қарамағындағы жұмысшылардың зейнетақы қорына ай сайын табысының 16 пайызын аударады екен. Алайда, кейбір депутаттар бұған қарсы. – Бірінші кезекте жа­лақы төмендейді. Кем дегенде, сол қызметкерлердің зейнетақысына қосылатын 5 пайызға азаяды. Ресми жалақыны жасыра бастайды, яғни соған сай салық та азаяды. Бюджетке түсім миллиардтарға кемиді, – деді депутат Азат Перуашев. Ал мәжілісмен Гүлжан Қарақұсова негізсіз жалақыны төмендеткен жұмыс берушілер қатаң жазаланатынын ескертті. Зейнетақы зары бізде аз айтылмағанын білесіздер. Осы бір заңға қаншама өзгерістер енгізіліп, мың құбылттық. Бұрынғы кеңестік кезеңнен жеткен жүйені жоғалтып, зейнетақы қорын құрдық. Олардың саны көбейіп кеткен соң бәрін біріктіріп, басын қостық. Зейнеткерлік жасты бір рет ұлғайтып, тағы да көтермекші болдық. Былтыр зейнетақыны Президенттің өзі тағы да 9 пайызға көтеруге тапсырма бергенде «алдында бес пайыз көтергеміз» деп небары төрт пайыз ғана қосып көпшілікті көңілін қалдырғанымыз және бар. Халықты осыншама әуре-сарсаңға салып, мәселе тым ушығып кеткен соң Елбасымыз зейнетақыға байланысты 2018 жылға дейін ешқандай өзгерістер жасамау туралы мараторий жариялауға мәжбүр болды. Оған дейін әлі екі жыл уақыт бар болғанымен, енді міне дау-дамай мерзімінен бұрын қайта көтерілді. Осы шетелдің соңынан шапқылаймыз деп шатымызды айырып бітетін болдық. Біріншіден, шетелдіктер мен біздің жалақының арасы жер мен көктей екенін неге ұмыттық? Оған қоса олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен біздікін салыстыруға келмейді. Бүгінгі дағдарыс кезінде кім де болса әрбір тиынын санайды. Екіншіден, бізде әлі де зейнетақылық жүйе толықтай бір қалыпқа түсіп үлгермеген. Бұрындары еңбек өтілімен өтелсе енді зейнетақы қорын кіргізіп жатырмыз. Көптеген адамдарымыз осы заңның зобалаңынан өмір бақи жұмыс істеп, қартайып күш-қуаты кеткенде мардымсыз зейнетақымен қалды. Үшіншіден, біз алдымен жұмыс берушілердің жұмысын тексеретін құқық және салық орындарының қызметін дұрыс жолға қойғанымыз жөн. Былықтың бәрі осы жерден басталады. Бірі шынайы табысты жасырса, екіншілері соны біле тұра шара қолданбайды. Бұл жерде де жемқорлықтың иісі аңқып тұр. Бұл аз болса, алдымен Елбасының жарлығын орындауға міндеттіміз ғой. Сондықтан 2018 жылға дейін онсыз да жарылуға шақ тұрған зейнетақының мазасы мен шықпа жаным шықпа деп жүрген зейнеткерлердің зәресін алмай тұра тұрсақ дұрыс болар еді.

Зейнолла АБАЖАН

"Қазақ үні" газеті