ҰЛТ ҮШІН ЗОР ҚАУІПКЕ БАРА БІЛГЕН...

Дуке-1 Қазақта шығармалары ең көп тараған, оқырманы да көп санды құрайтын көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан екені белгілі. Бұл 2010 жылғы республикамыз бойынша сұрау салудың нәтижесі. Бізде бір ғана жазушы бар – Астанадағы ойшылдардан, ауылдағы қойшыларға дейін оқитын. Ол – Дүкенбай Досжан! Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа алғаш қалам тартқан да осы Дүкенбай ағамыз. Біз Дүкеңнің өмір жолын­дағы бір деректі білмей келіппіз. Оны жаңа «Қазақтың Дүкенбай Досжаны» деректі фильмінде жазушыға зор баға берген Мұхтар Мағауин айтты. Дүкең студент кезінде «қазақтың тілі құрып барады. Ұлттық мүдделеріміз аяққа басылуда» деп листовка таратып жүріп милицияға ұсталыпты. Олар да ұлттық қаны бар жігіттер болса керек, өзі жалғыз, артында ешқандай ұйым жоқ болған соң Дүкеңді қатаң ескертумен сақтандырып, босатып қоя беріпті. Қараңыздар, сонау қылышынан қаны тамған қаһарлы Кеңес империясы кезінде осылай ерлік жасаған! Ол кезде ол аяғы түрмеде шірумен аяқталатын аса қауіпті Тәуекелділік! Тәуелсіздікті аңсаған Тәуекелділік! Қазір біз, ұлтшылдар (ұлтшыл деген сөз бұл күнде мақтанатын, «ақталған» атау екенін жақсы білесіздер деп үміттенемін), тіл жанашырлары жыл сайын Мұхтар Шаханов ағамыз бастап 22-қыркүйекте тіл митингісін өткіземіз. Қала әкімшілігі митингі өткізуге көбінесе рұқсатын береді, Конституциядағы «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген баптың орындалуын талап етеміз, бәрі заңды, соның өзінде біздің зиялы қауым, қаламгер-қайраткерлер, саясаткерлеріміз жоламайды, қашып жүреді. Асүйде тісін шұқылап отырып: «осыларға не жетпейді?» деп күңкілдейді... Бір таңғалғаным, осындай ұлт үшін зор қауіпке бара білген Дүкенбай ағамыз осы оқиғаны еш жерде айтып, өзін көрсеткен емес. Бұл оның ішкі мәдениетінің жоғарылығын көрсетеді. Ал кейбір зиялыларымыз бен саясаткерле­ріміз егер сол дәуірде мұндай ерлік жасай қалса, онда қазір ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермес еді... Дуке-3 Біз Дүкенбай Досжан ағамыздың бұл ерлігіне алда арнайы тоқталуымыз керек деп білемін. Елдің ең алдымен тегінен «ов» деген құлдық жалғауды алып тастауының сыры осында екен ғой... Мұхтар Мағауин «Дүкенбайдың нағыз листовкалары – оның кейін жазған құнды шығармалары болды» деп тура бағасын берді. Осылай көрнекті тұлға­ларды құрметтеп отырған Қызылорда облысы әкім­шілігіне, Қырымбек Көшер­баев мырзаға, әруаққа тағзым етуге елді жұмылдырып, қол­дау жасаған руханиятқа қам­қор қайраткер ағамыз Ислам Әбішевке, жазушының бар мұрасына ие болып, шырылдап, шырақшысы болып жүрген ақын Сәуле жеңгемізге зор рахмет айтамыз. Мен сөзімді ойыма оралған екі-үш ауыз жыр шумақтарымен аяқтағым келеді: Тарихтан толғар абызсың, Халықпен жасап келесің. Қорқыттай терең аңызсың, Сырдариядай көнесің. Ерекше жазу ерені, Табылдың заман төрінен. Тәуелсіз елің келеді, Сен жазған «Жібек жолымен» Жатыр ғой атың жаңғырып, Шырақшы болды жан-жарың. Ұлықтайды елің мәңгілік, Қазақтың нағыз Бальзагын! Қазыбек ИСА "Қазақ үні" газеті