5 реформа тиімді экономикалық және саяси жүйе қалыптастыруға көмектеседі

Бес институционалдық реформа елді одан әрі дамытып, тиімді экономикалық және саяси жүйе қалыптастыруға көмектеседі, соның арқасында Қазақстан әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына кіре алады. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылған «Қазақстан жолы: Бірлік. Патриотизм. Реформалар» атты халықаралық конференция барысында ҚР парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

«Қазақстандық жолға үнемі дамуға, реформаларға, жалпы жаһандық ортада өз-өзін жетілдіруге деген ұмтылыс сынды қасиеттер тән. Осы мақсатта Қазақстан мемлекет құрудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ол, әлбетте, Ұлт Көшбасшысы ұсынған 5 институционалдық реформамен тығыз байланысты. Және бұл құжат алда өткен президент сайлауында халықтың қызу қолдауына ие болды. Бұл реформаның аясына мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, экономикалық өсімді ынталандыру, қазақстандық біртектілікті нығайтып, транспарентті әрі есеп беруші үкімет жұмысын арттыру мақсаттары жатыр. Оны тиімді жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» атты ұлттың бас жоспары қабылданды», - деп атап өтті ол.

Өз сөзінде Мәжіліс спикері, ең алдымен, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіріп, меритократия қағидаларына негізделген жоғары кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселесіне тоқталды.

«Реформаның екінші бөлігінде сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының тиімділігі мен ашықтығын арттыру арқылы заң үстемдігін қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Сондай-қ, сот жүйесін реформалай отырып, инвестициялық дауларды шешуде шетелдік инвесторлардың сенімін нығайтуды көздейміз.

Экономиканы реформалау аясында отандық шикізатты жан-жақты өңдеп, инновациялық индустрия құруға үлкен екпін қойылуда. Осы тұста да біздер заманауи технологиялық жаңашылдықтар мен әлемнің үздік компанияларының тәжірибесіне сүйенетін боламыз. Сондай-ақ, отандық кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары да қызу жалғасын табады», - деді Қ.Жақыпов.

Өз сөзінде спикер көздеген мақсаттардың бәріне тек халықтың ауызбірлігінің арқасында, оның жасампаз еңбегі мен қазақстандық патриотизмнің арқасында қол жеткізуге болатынын ескерді. Сол себепті «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші реформаға аса үлкен маңыз беріліп отырғанын атап өтті. Оны нығайту үшін «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – Үлкен отбасы» атты кеңауқымды жобасын қабылдау көзделген.

«Институционалдық реформаның қорытынды бесінші бөлімі елдік демократияны сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін мүлде жаңа қадам жасауды қажет етеді. «Ашық үкімет» қалыптастыру аясында азаматтардың мемлекеттік органдардың ақпаратына қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік орган басшыларының жыл сайын жұмыс нәтижесі жайлы халық алдында есеп беруін тәжірибеге енгізу, орталық меморгандардың статистикалық мәліметтер базасының онлайн-ашықтығын қамтамасыз ету жоспарланған.

Аталған реформалардың бәрі елімізді одан әрі дамытып, Қазақстанды әлемнің әлдеқайда дамыған елдерінің қатарына қосға мүмкіндікберетін тиімді экономикалық және саяси жүйе құруға бағытталып отыр», - деп қосты Қ.Жақыпов.