Шай еңбек дауын шеше алмайды

абилгазы Елдегі жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы жанжалдың шай үстінде шешілгені дұрыс деді Астанаға келген Халықаралық еңбек ұйымының бір өкілі. Шайды жақсы көретін қазақтар соттасып уақыт өткізбей-ақ, дауды дастархан басында реттеуге болатынына сенімді секілді шетелдік маман. Тіпті, мейман өзімен бірге ала келген термосты ішіндегі шайымен қоса Әбілғазы Құсайыновқа сыйға тартты. Кәсіподақтар федерация­сының төрағасы тосын сыйға таңырқаса да одан бас тарта алмады. Қазағымыздың қонағын Құдайындай сыйлайтын дәстүрін жақсы білетін Құсайынов халықаралық дәрежедегі шенеуніктің айтқан ұсыныстары мен кеңестеріне келіскен сыңай танытты. Ал, еліміздегі бұл мәселе бойынша шын мәніндегі жағдайды бес саусағындай білетін төраға дабыра қылмай ішіне бүгіп қалды. Соңғы үш жыл ішінде елімізде жұмысшылар 80 рет көтеріліп, ереуілге шыққан екен. Басты себеп – сол баяғы жалақы жыры. Ең даулы аймақ ретінде Маңғыстау мен Қарағанды облысы және Астана қаласы дараланып отыр. Батыста мұнайшылар, Орталықта металлургтер, Арқада құрылысшылар жалақыларын талап етіп, адамды құлша жұмысқа жегетін басшыларына қарсы шығуға мәжбүр. Соңында соттан әділдік таба алмай жатқандары да жетерлік. Әлемдегі экономикалық дағдарыс та кәсіпорындарды банкротқа ұшыратуы мүмкін. Бұл өз кезегінде наразылықтың үдеуіне әкеліп соғары сөзсіз. Соңғы деректерге қарасақ бізде биылғы жылдың бірінші тоқсанында жұмысшыларға деген қарыз үш еседен аса өсіп кеткен. Дәлірек айтсақ, бұрынғы 106 миллионнан 365 миллион теңгеге бір-ақ секірген. Бұл толық емес дерек. – Еліміздегі еңбекақыға бай­ланысты даулы компания­лардың тізімі бар. Бәрін қадағалап отырмыз. Былтыр жұмысшылардың ала алмай жүрген 1,5 миллиард теңге жалақысын қайтарып бергіздік, - дейді Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың өзі де. Сөз жоқ, бұған толық сенеміз. Күрең қою шайды бәріміз сүйсіне ішеміз, бірақ ол Қазақстанда еңбек дауын шешеді дегенге сенім аз. Жалпы шетелдіктердің кейбір пікірлері күлкі тудырады. Олар біздің жағдаймен толық таныспай жатып ақыл айтатындары таңқалдырады. Оларға қазақтар артта қалған ел болып көрінетін секілді. Өздеріндегі жағдай жетісіп тұрғандай ақылгөйситінін қайтерсіз. Шетелде шерулер мен бас көтерулер бізге қарағанда әлдеқайда көп. Олардың да қарапайым еңбек адамдарының шекесі қызып жатқаны шамалы. Бұл – капиталистік жүйенің созылмалы ауруы екенін коммунизмнің көсемі Карл Маркс атамзаманында айтып кеткен. Ағымыздан жарылсақ, еңбек дауын біздегі соттардың өзі реттей алмай отыр емес пе? Жұмысшылар өзін-өзі өртесе де былқ етпейді біздің жұмыс беруші байларымыз. Әсіресе, шетелдіктер басқарған компанияларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылмай отыр. Бір ғана миллиардер үндістің қарамағындағы «Акселор Митталл Теміртау» компаниясы неге тұрады. Шахтада ондаған кеншілер көміліп, өндірісі апаттан көз ашпаған бұл кәсіпорын иесі маңдай термен тапқан жалақыларын талап еткен қатардағы жұмысшылар түгіл, жоғарыда отырған шенеуніктердің өзімен бір дастарқан басына отырмайды. Атақты миллиардер тек қана Елбасынымыздың алдында ғана тізгінін тартатынын білеміз. Ал, шетелдік мырзаның мәселені шай үстінде шешіңдер дегені ұсыныстан гөрі мысқылға қатты ұқсайды. Шай емес, кең кеңірдегі мен екі ұртына қазы-қарта, жал-жая тығындасақ та жағдайдың түзелгенін көрмеппіз. Бұл жерде жалақыны төлемей жұртты жылатқандарға қалтасын тақырлап қағатын қатал заң ғана керек. Жұмыс­шы­лардың жалақысын айлап, жылдап бермей, олардың бала-шағаларын ашқұрсақ еткен шығайбайларды түрменің түбі­нен бір-ақ шығарсақ сауап болар еді.

Зейнолла АБАЖАН

"Қазақ үні" газеті