Баукеңнің ескерткіші төңірегіндегі үзік сыр

bauirzhan Зейнеп АХМЕТОВА Егер ата Кеңес өкіметінің асты-үстіне төңкерген заманынан бұрын өмір сүрген болса, көріпкел, әулие болар ма еді деп ойлаймын. Себебі, бетіңе қарап сенің сол сәттегі ішкі сезімдеріңді, не ойлап отырғаныңды дөп басатын. Бізге белгісіз, біздің санамыз жете бермейтін, тек өзіне тән құпия түйсікпен алдағыны болжап, айтқандары айна-қатесіз келді. ...1974 жылы мамыр айының 17-ші жұлдызы, жұма күні ата Бақытжан екеумізді қасына шақырып алды да, суреті бар бір қағазды көрсетті. Сурет бізге ұғымсыздау болғандықтан, олай-бұлай айналдырып, кезекпен қарап жатырмыз. Ештеңе түсіне алар емеспіз. – Түсінбедіңдер ме? Бұл – менің бейітімнің жобасы, – дегенде мен орындықтан құлап қала жаздадым. – О-о-ой, ата! Сөйте ме екен?! – Басқа сөз аузыма түспеді. Бәкең көзі бақырайып, ұзын кірпіктерін қағып-кағып жіберді. – Ей, неменеге сонша үрейлерің ұшты? Мен құзғын емеспін ғой мың жасайтын. Аманатқа уақытша берілген шыбын жанның иесі, ажалды пендемін. Дүниені үріп ішіп, шайқап төксең де, алтын тақтың үстінде отырсаң да, ағаш табытқа бір түсеріңді ұмытпауың керек. Мен бұл суретті қатты бір ауырған кезімде салғанмын. Бүгін соны әдейі сендерге көрсетіп отырғаным... Мен өлгенде басыма ескерткіш қоямыз дейсіңдер, сол кезде миларың ашымасын деп, басыма қойылатын белгінің қандай болатынын өз қолыммен сызып қойдым. Бейіттің төрт құбыласына, яғни, төрт құлағына төрт қараағаш тігіңдер. Қараағашқа арнайы күтімнің керегі жоқ, тамыр тартып бір көктесе болды, өсе береді. Өзі – өте саялы ағаш. Мұнда «жоңышқа» деп шартты түрде жазылған, топырақтың үстіне көпжылдық шөптесінді өсімдіктердің бірін егіп тастау керек. Шағын қара тасқа аты-жөнім ғана жазылсын, – деп маған қарады да: – Сен күнделік жазғышсың ғой, мен айтқан өсімдіктердің аттарын ұмытпай, бір жерге түрте сал. Жолжелкен – подорожник, киікоты – душица, қара андыз – девясил, шайшөп – бессмертник. Кейін ретіне қарай біреуін таңдарсыңдар... – Неғып қалақайды айтпадың? Меніңше, ең лайықтысы – қалақай, – деп баласы сөзге киіп кетті. – Перестань шутить! – деп ата зекіп жіберді. – Қайдағы қалжың?! Өзің ғой бізді ақымақ етіп, қинап отырған, – деп Бәкең де дүрсе қоя берді. Менде жан жоқ, екі қошқар арасында шыбын өлетінін білемін. «Төбелесті көрмегелі көп болды, бастан басқа жерді ұрмайық» депті ғой бір әумесер. Сол айтқандай, әкелі-балалы Момышұлдары бас жаққа кетіп қала ма деп, иманым қаза болса да, істер амал таба алмай, жүздеріне жалтақтап қарай бердім. Құдай оңдағанда, ата сөзді ушықтырмады, өзі өргенін өзі түйді. бауке-5– Черновик, – деді баласына қарап салмақты үнмен, – сен мені дұрыс түсінгін. Еріккеннен сендерді қинау үшін айтып отырғаным жоқ. Менің жаным да, тәнім де жаралы, қартайған адаммын. Жасы келген есі дұрыс адам кейінгісін бір сәт ойлап, бала-шағасына өсиет, аманат айтады. Оны айту да – парыз, орындау да – парыз. Құдай өмір сүруге мүмкіндік берсе, тіршілікте жүре тұрғанды кім қаламайды дейсің?! Бірақ қашан, қайда, қалай кетерін ешкім білмейді. Мен биік ескерткіштерді, бейіттің басына сәндеп сурет салғанды ұнатпайтын адаммын, – деп үндемей қалды да, – есіме бір әңгіме түсіп кетті. «Алтын Орда мемлекетінің астанасы Саран қаласында өмір сүрген Сэниф Саран деген ғұламадан қалған сөз екен» деп жас кезімде әкем айтып берген еді. Өте дәулетті бір байдың баласы әкесінің қабірінің басына келсе, сол маңда жарлының баласы да өлген әкесінің қабірінің басына келіп, Құран оқып отыр екен. Содан Құранын оқып болған соң, байдың баласы ана байғұсты мұқатып: «Менің әкемнің күмбезі алуан түрлі нақыштармен өрнектеліп, мәрмәр тастармен өрілген. Жазуы алтынмен жазылған. Ал сенің әкеңнің бейіті бірнеше қатар шикі кірпішпен қалана салған», – деп шіреніпті. Сонда кедейдің баласы: «Сенің әкең ауыр тастар мен әшекей алтынның арасынан қозғалғанша, менің әкем жаннатқа жетіп барады», – депті. Кімнің қайда баратынын бір Алла білер. Бейіт сәндеу бәсекеге айналмауы керек. Белгісіз төмпешік болмай, бала-шағасы келіп, Құрап оқып тұратын нышан, белгі болса жетеді. Ал мына өз қолыммен сызылған сурет – сендерге менің аманатым, – деді. – Неге үлкен ескерткіштерге қарсысың? – деп Бәкең төтесінен сауал қойды. Ата «ы-ы-ым» деп отырды да: – Сен Мәскеудегі Ново-Девичье зиратын аралап көрдің бе? Ол жерде орыс халқының небір ұлы түлғаларының ескерткіштері бар. Біреуі «сен кімсің» дегендей, төбеңнен карап, біреуі айбарланып, біреуі шаттанып дегендей, неше түрлі кейіпте қасқиып тұр. Астында өздері баяғыда шіріп, сүйегі қурап калған. Маған осының бәрі аяныш сезімін туғызады. Жарайды, мұны сендерге түсіндіру қиын. Мен басқа жағынан ұғындырып көрейін. Айтайық, маған үлкен еңселі ескерткіш қойылды дейік. Құс биік жерге қонғанды жақсы көреді, табиғаты солай. Менің кім екенімде құстың шаруасы жоқ, ұшып келеді де, төбеме қонақтайды. Аспандағы құсқа жердегі адамның билігі жүрмейді. Басыма қонған құс бір кезде саңғытып жібереді. Ол төмен қарай ағады. Егер ескерткіш мыстан жасалған болса, міндетті түрде тотығып, бірте-бірте жап-жасыл болады. Сол кезде оны көрген жұрт «әкелеріңнің басына біреу бояу құйып кетіпті, ай қарап отырсыңдар ма» деп сендерді жазғырып, кінәлайды. Ол – бір! Екіншіден, біреу сол мысқа қызығып, ұрласа қайтесіңдер? – деді ата. Бақытжан қолын сермеп: – Ондай сұмдықты естіген жоқпыз, қаражүрек біреу болмаса, бейіт бұзуға кімнің дәті барады? – деді. – Кто знает... Кто знает... Ата екіұшты жауап қатты да, ажырамас серігі – темекісін бұрқыратып кетті. *** бауке-4 ...Мәңгілік уақыт ырғағы өз бағытынан ауытқымай, өз ережесімен жылды жыл қуалап, өтіп жатты. «Адамдыққа сен де жаса адамдық, Кісіліктің жолы солай қаланбақ! Жүректі ер ар-намысшыл келеді, Намысты ер тек күресіп өледі» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, «елім», «жерім», «тілім», «дәстүрім» деп қазағының ар-намысы үшін жанын жалау еткен ата да озды өмірден. Әкеміз бақилық болған соң Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тікелей нұсқауымен қаулы қабылданып, атаның қабіріне үлкен ескерткіш қойылатын болды. Ол кезде Қазақстан Орталық Комитетінің идеология хатшысы қызметін атқарып отырған атаның «қара баласы» – Кәкімжан аға Қазыбаев болатын. Ескерткіштің барлық ісі сол кісінің құзырына берілгендіктен, біз Жан-ағаға барып, баяғы атаның өз қолымен сызып қалдырған аманат-қағазын көрсеттік. Кәкімжан аға басын шайқап: – Сендерді түсініп отырмын, «әке аманатын орындау – парыз» деп тұрсыңдар. Бірақ Бәукең – бір отбасының шеңберінен әлдеқашан шығып, әлемге аты жайылған қазақтың қайталанбас хас батыры. Егер соған лайықты жақсы ескерткіш койылмаса, халық өкіметті де, сендерді де кінәлайды. «Өзі айтқан» деп шаршыға жетпейтін тасқа атын жазып, төрт ағашты төрт жағына тігіп койсақ, Баукеңді ардақтаған ел-жұрт оны түсінбейді. «Батырымызды құрметтемеді, бағаламады» деп үлкен реніш туады. Баукеңнің асқақ рухын бейнелейтін келісті ескерткіш, ең алдымен, халық үшін, келер ұрпақ үшін керек. Ол – халықтың адамы. Сондықтан, сендер ештеңеге араласпай, тыныш отырыңдар. Осы кезге дейін ешкімнің ескерткішіне өкіметтен мұндай қомақты қаржы – 5000 сом бөлінген емес. Қазір белгілі мүсіншілер Шәкен Ниязбеков пен Павел Шорохов жұмысқа кірісіп кетті. Негізгі басшылық маған тапсырылды. Жұмысты кадағалап орындату істеріне Алматы қалалық Атқару комитеті жауап беріп, маған баяндап отырады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жеке шаруа емес, мемлекеттік іс-шара. Өзім хабарласып тұрамын, – деп бізді шығарып салды. Көнбеске амалың қайсы?! Ол кезде партия мен өкіметтің шешіміне қарсы келсең, қатердің отына күйіп кетер едің. Ағаның айтқандарының бәрі қисынды. Бір тойды 1000 соммен дөңгелетіп өткізетін заманда атаның ескерткішіне бөлінген ақша да зор қамқорлық болатын. Сонда да... Иә, сонда да, «ата аманатын орындамағанымыз қалай болар екен» деп ойламайын десем де, есіме түсе беретін. Содан не керек, атаның басына уақытша қойылған белгі екі жылға жуық тұрды. Өкіметтің қолындағы істе қағаз көп жазылып, кабинеттерді аралап, қолдан-қолға өтіп жүреді екен. Ескерткіш қанша мәрте сынақтан өтіп, өңделіп, жөнделіп, тағы бірдеңелерінің реті келмей, тоқтап қалып, осылай уақыт өтіп жатты. Қай жерге барсақ та, «неге ескерткіш жоқ» деген сұрақ алдымыздан шығады. Оны айтасыз, үйге адамдар келіп, ақша жинап беретіндерін де айтты. Біз оларға жақсы ескерткіштің жасалып жатқанын, әне-міне қойылатынын, бұл біздің қолымыздағы іс емес екенін түсіндіруден жалықпадық. Көптің аты – көп, елдің бәріне калай ұқтырасың?! Сыртымыздан жүрген-тұрғанымызды қалт жібермей, сынап қарайтын міншіл көздер көбейді. Әртүрлі ортада, кұрығанда, екі-үш адам сөзбен түйреп тастайды. Сонда бұл не дейсіз ғой?! Бұл – қазақ халқының батырына деген сүйіспеншілігі. Оның қасында біздің небір тікен сөздерді естігеніміз, жүйкемізді жазықсыз жұқартқанымыз ештеңе де емес. Атақ-мара­паттың ең шынайы да қадірлісі – халықтың ықыласы. Ата сол сыйға көзі тірісінде ие болып еді, содан әлі жалғасып жатыр. Мысалы, біз кімнің әкесінің қабірі кайда екенін білмейміз, ал біздің әкеміздің зиратына атаны өмірі көрмеген қаймана қазақ та барып, бас иеді. *** Атаның атымен байланысты кез келген іс оңайлықпен біткен емес, бірсыдырғы болып жеңіл өтпейді де. Міне, көптен күткен ескерткіш қойылатын күн де туды. Таң құланиектен сіркіреп кана басталған жауын бірте-бірте күшіне мінгендей. Аспан түнеріп, қабағын қарс жауып, сарылдап тұрып құйды-ай келіп... Ата осы ескерткішке риза болмай, қарсыласып жатқан секілді. Мынандай толассыз жауында тау жақтағы ата жатқан төбеге елдің көтерілуі де оңай емес. Бізге Тельман досымыз хабарласып: «Бүгін бізде бюро отырысы, өзім шыға алмаймын. Қазір бір жігіт машинамен барады. Сендерді сол апарады», – деді. Көп ұзамай дембелше келген, әп-әдемі келбеті бар орысша сөйлейтін жігіт келіп, өзін Ғани деп таныстырды. Ол қазіргі генерал Ғани Қасымов болатын. БаукеЖауынның сонша жау­ға­нына қарамай, бір қауым ел жиналған екен. Үлкен басшылар кеше елден бөлек өздері келіп, көріп кетіпті. Қалалық Атқару комитетінің орынбасары біраз нөкерлерімен келіп, сөз сөйлеп, ескерткішті ашты. Келген адамдар бір-біріне құтты болсын айтып, қуанып жатыр. Ескерткіш мыстан жасалған. Сонша күткізетіндей бар екен, ең бастысы, атаның образын бере білген. Жауапкершілікпен, ұқыптылықпен жан-жақты ойластырылған мағыналы әрі көрнекі болып шығыпты. Айналасын төңіректеп қарай бердім. Ондағы ойым – тым болмаса, ата аманат еткен қараағаш тігетін орын табу. Қабір түгел мәрмәр таспен жабылған, аты-жөні жазылған тастың касындағы азғантай жерге шым төселген, шөп өсіп тұр. Қабірдің күнбатыс жағында бір ағаш отырғызатындай жер бар екен. «Қайтсем де, осы жерге караағаш өсіремін» деп көңілімнің олқы соғып тұрған қуысын толтырғандай болдым. «Құдай бұйырса», «Алла жазса» демей, «қайтсем де осы жерге ағаш отырғызамын» деп күпірлік еттім бе, бір күні келсем, біреу мен көздеген жерге гүлшетен (сирень) отырғызып тастапты. Алғашында «бұрқ» етіп әлгі ағашты алып тастап, қараағаш отырғызбақшы болдым. Алайда «бейіт бүзғандай болмайын» деп сабырға келіп, тиіспедім. Дегенмен, гүлшетен деген атаның табиғатына келмейтіндей көрініп, бұрынырақ қамдан­ба­ғаныма қатты өкіндім. Ол ағашты атаның аманатынан хабарсыз адам – атаның кейінгі әйелі отырғызғанын соңынан естідім. Сонымен не дейсіз, «ескерткіш неге жоқ», «қашан қойылады» деген сансыз сауалдардан құлағымыз тыншып, еңсемізді тік ұстай бастадық. Күн артынан күндер, айлар айналып, қысты жаз ауыстырып, уақыт өте берді. Байқаймын, атаның мыс ескерткішінің түсі біртүрлі жасылдау реңге өзгере бастағандай көрінді. Бір кездері Ленинградтағы I Петр патшаның «мыс салт атты» атанып кеткен ескерткішінің қошқыл жасыл түсін көріп, алғашында таңғалып едім. Сөйтсем, сыртқы әсерден – су мен ауадан тотығып, сондай өзгеріске ұшырайды екен. Бірақ ол тұтас мыстан құйылған, ал атанікі мыспен қапталған болатын. Сөйтіп жүргенде бір күндері «Бәукеңнің басына бояу құйып кетіпті» деген хабар жетті. Екі өкпемізді қолымызға алып, бейітке жеттік. Атаның папахасынан төмен қарай аққан жасыл бояуды көрдік. Арнайы алып келген бүктемелі сатымен көтеріліп, әлгі бояуды тазаламақшы едік, сүрткенге де, жуғанға да кетпейтін бір бәле екен. Сонда барып атаның баяғы құстар туралы айтқаны есімізге түсті. Бәкең өзінің химик танысына хабарласып, мән-жайды айтып, ақыл сұрады. Ол бізге бір шиша қоспа әкеліп беріп, сонымен тазартып, атаның бетіне аққан дақтарды кетіріп, көңіліміз орнына түскендей болды. Бауке-2Тағы біраз уақыт өткенде үйге аты-жөнін айтпаған бейтаныс әйел телефон шалды да, бірден шабуыл жасады: «Майысып телевизордан сөйлегенде аузыңнан май тамады, қайын атаңның төбесінен құйылған бояуды тазаламай, қай бетіңмен жастарға ақыл айтпақшысың...» деп біраз жерге апарып, мені керектен шығарып тастады. Ата марқұм: «Ит үреді екен» деп айыптай алмайсың, қабаған ит жақсыны да, жаманды да таңдамай тістей береді. Үру, ырылдау, шәуілдесу, қауып алу – иттің табиғаты», – деп еді бір кезде. Ештеңенің байыбына бармай жатып ит мінезін көрсететіндерге не дерсің?! Жаға жыртысып оның деңгейіне қалай түсесің? Қолымыздан келері – қайтадан бейітке барып, ескерткішті тазалау. Біраз тынышталады да, «бояу жыры» және көтеріледі. «Ойпырым-ай, Бәукеңнің басына бояу құйып кетіпті» деп естідік, қандай оңбағандар екен мұны істеп жүрген» деп жаны ашитындар жиіледі. Онсыз да әркімнен бір сөз естіп, іштен тынып мүжіліп жүргенде одан ары жасытып тастайды. «Бояу емес» деп ешкімді сендіре алмадық. Қайта-қайта сатымызды көтеріп, қабір басына барамыз, қоспамен сүртіп тазалаймыз. Біраз уақыт өткен соң «таз қалпына» қайта келеді. Өзге қонатын жер таппағандай қанатты бәтшағарлар өз тірлігін істей береді. Ата бізді көзге шұқу үшін құстарды әдейі шақыратындай ақылға сыймайтын қиял-ғажайыпқа сене бастадым. Дәл біз секілді әлекке түсіп жүргендерді көрмедім де. Зират басшылығына рақмет, біздің жағдайымызды түсініп: «Қоспаны бізге беріңдер, біз осындамыз ғой. Арасында көгерген кезде тазалап тұрайық», – деп көмек қолдарын созды... Содан 1995 жылы тамыз айының 21-і күні ертеңгі сағат тоғыздар шамасында Сара апа үйге телефон соғып: – Айналайындар-ай, қалай айтарымды білмей тұрмын... – Дауысы дірілдеп тұншыға шықты. – Азанда Құрекең мен Бәукештің басына Құран оқытып келейін деп, молданы алып барсам, Бәукештің ескерткіші қирап жатыр. Әлі ешкім көрмесе керек, зират мекемесіне кіріп, айтып кеттім. Үйге келе сала сендерге хабарлап тұрмын, – деп жантүршігерлік жаманатты естірткенде не болғанымды білмедім. Есім ауа жаздап, керегеге сүйеніп құламай қалдым. Бақытжан қап-қара болып, теңселіп кетті. Сәл өзіне-өзі келген соң Алматыда Ішкі істер басқар­масында істейтін Нұржанға хабарласты. Ол – атаның наға­шысы Рахметхан көкеміздің ұлы. Нұржан жол-жөнекей жұмысынан Ержанды алып тез-ақ жетті. Қабір басына барғанда өзімді ұстай алмадым. Ата өмірден енді өткендей дауыс салып жыладым. Бәкең де, Нұржан мен Ержан да егіліп тұрды. Мұндай қаралы күнді, біз көрген көріністі қас дұшпаныма да тілемеймін. Айналасы тас-талқан, ескерткіштің мысын түгел сыпырып әкеткен. Ішіндегі арбиған темір сояулары мен сынған цемент қаңқасы қалыпты. Оның үстіне қап-қара мата жабылыпты. Зират қызметшілері жапқан болуы керек. Анадайда қойын ұрлатып, қорасын күзеткен қойшыдай қолында таяғы бар бір милиционер отыр. Енді неғып жүрген сақшы екенін ит білсін бе?! бауке-3Жүрегіміз тілім-тілім қансырап, айналсоқтап кете алмай біраз тұрдық. Мұнда жүргенде не бітіреміз, тиісті жерлерге мұрагер ретінде хабарлауымыз керек кой, Нұржан өз тарапынан бір әрекеттерді істеуге кетті де, Бәкең Алматы қалалық әкімшілігіне хабарласып, сол кездегі әкім Шалбай Құлмахановты таба алмады. Оның орынбасарларының бірі – Бейбіт Исабаевпен сөйлесті. Бәкеңнің сондағы сөзі әлі есімнен кетпейді.– Тіршілігінде күн көрсетпеп еді, енді көрде де тыныш жатқызбады. Әкеме өкіметтен бұйырған жалғыз мыс шинель еді, оны да шешіп жалаңаштап, бейітті ойрандап кетіпті, – деп көзінің жасын булыға жұтты. Әкімшілік бұл оқиғадан мүлде бейхабар екен. Жаманат көрпе жауып көмсең де жасырыла ма, кешкісін тәуелсіз арналар бірінен соң бірі жарыса беріп жатты. Бірақ мемлекеттік арналар жақ ашпады. Халықтың ашу-ызасында шек болмады, ағыны тасты аударар тасыған өзендей толқи бастады. Содан сескенді ме, құқық қорғау орындары «Күдікті хулигандарды ұстадық, тексеріп жатырмыз...» деп арнайы хабар берді. Баяғы ескі әуен. Осы «хулигандар» заң қызметкерлерін ылғи «құтқарып» жібереді. Обалы не керек, әкімшілік тез іске кірісіп, комиссия құрылды. Мұрагер ретінде Бақытжанды қатыстыра отырып, ескерткішті қалпына келтіруге кірісті. Ескерткіштің бастапқы авторлары Шәкен Ниязбеков пен Павел Шороховта алғашқы макет сақталғандықтан, жұмыс қайтадан сол кісілерге тапсырылды. Дәл бұрынғыдай «бірге-бір, мыстан жасаймыз» дегенге Бәкең қарсы болды. – Мұрагер ретінде менің сөзім бірдеңеге тұратын болса, мыстан жасамаңыздар. Тағы да қастандық жасалмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, табиғи материал – гранит тастан жасасаңыздар екен, – деп өтініш айтты. Ешкім бұра тартпай осы тоқтамға келіп, мүсіншілер іске кірісіп кетті. Абырой болғанда, онша көпке созылмай, бірнеше айда Қордайдың гранитінен ескерткіш қайтадан бой көтерді. Заң орнындағылар болса сол тексергеннен ұзақ тексеріп «мынау кінәлі» деп бір «хулиганды» көрсете алмай, шерменде болды. Ақыр аяғы ол іс жабылып тынды. Ақын Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, әттең, бір қапы дүние-ай!..

"Қазақ үні" газеті