Қазақстан демалысы қолжетімді елдер қатарына енді

Қазақстан аз ақшаға демалуға болатын 10 қызықты мемлекеттер қатарына жатқызылды.

Фото adme.ru 10 арзан туристік елдер тізімін Adme.ru сайты жариялады. “Ақша үнемдеу — үйден шықпай отыру керек дегенді білдірмейді. Біз блогерлер жазбалары мен әр елдің жол көрсеткіштерін сараптай келе, жол шығынынан бастап, тамақтануға дейін ең аз қаражатты талап ететін 10 мемлекет тізімін жасап шығардық”, — делінген жазбада. Портал тамақ пен жатын орын үшін кететін шығынды шамалап, есептеп шыққан екен. Басылым елімізде қымбат емес кафелерде жүрек жалғау 12 долларға, ал мейрамханаларда екі адамдық тамақтану 45 долларға айналады деп жазды. “Астанадағы арзан қонақүйлерде екі орындық бөлмеге бағалар 35 доллардан басталады”, — деп мәлімдеді рейтинг құрушылар. Портал тілшілері саяхатшыларға Бәйтерек, Хан Шатыр, Бейбітшілік пен келісім сарайын, Қазақстанның тұңғыш президентінің мұражайы, “Нұр Астана” мешіті, “Алтын-емел” Ұлттық мемлекеттік саябағы мен Медеу таулы аймағын көріп қайтуға кеңес берген. Қазақстаннан өзге тізімге Армения, Әзірбайжан, Сербия, Тунис, Өзбекстан, Грузия, Үндістан, Польша мен Мысыр кірді. Толық тізімді сайттан қарауға болады.