Мәскеудегі парад кезінде Назарбаевтың георгий лентасын тақпағаны желіде қызу талқыланды

9 мамыр күні Мәскеуде Жеңістің 70 жылдығына орай өткен әскери парадта Нұрсұлтан Назарбаевтың георгий лентасын тақпағаны әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

назарбаев - парад-02

«Елбасы Мәскеу парадын тамашалауға шыққанда, кеудесіне түк те таққан жоқ. Жанындағы Қырғызстан, Қытай, Моңғол, Сербия көсемдері лента бейнеленген төсбелгімен шықты. Шеруге қатысқан қазақстандық әскери құраманың кеудесіне георгий лентасы тағылыпты. Протокол бойынша солай шығар. Оған түк те ренжіген жоқпын», – деп жазады желіні қолданушылардың бірі.

назарбаев - парад

Әлеуметтік желіні қолданушылардың дені Назарбаевтың әскери парад кезінде георгий лентасын тақпағанына ризашылық білдірді.

Жыл сайын 9 мамыр жақындағанда тұрғындардың көбісі кеудесіне тағып шығатын георгий лентасына Қазақстанда тыйым салынған. Аталған лентаның қазақстандық баламасы жасалынып, мереке қарсаңында тұрғындарға тарату дәстүрге айналып келеді.

Ал Жеңіс күні қарсаңында Оралдағы балабақшалардың бірінде балалардың георгий лентасын таққанына тыйым салғаны үшін ата-аналардың бірі шағымданған.

Uralskweeks.kz сайтына сұхбат берген №28 балабақшаның директоры Жанна Ықсанова балаларға лентаны тағуға тыйым салмағанын, алайда, патриоттық тәрбиенің рөлі зор екенін айтқан.

«Қазақстанның өз лентасы мен өз төсбелгілері бар. 1 мамыр күні еріктілер бізге өзіміздің ленталардың бірнеше данасын таратты. Бұл балалар Қазақстанда тұратындықтан оларға өзіміздің лентаны тағу туралы айтуға мен міндеттімін. Мен басшылықтан нұсқау алғаным жоқ, тек патриоттық сезімнен осындай қадамға бардым», – дейді директор.

Дереккөз: Nur.kz