Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі Әуезов театрына ауыстырылды

Қазақстандық танымал әнші, музыкант Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі Алматыда 1 мамырда Жамбыл атындағы филармонияда емес, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өтетін болды.

SONY DSC Бұған дейін Батырхан Шүкеновтің өнерін құрметтейтіндер Алматы билігінен әншімен қоштасу рәсімін бұған дейін белгіленгендей филармонияда емес, Республика сарайында өткізуді сұраған. Продюсер Баян Есентаева Facebook желісінде қоштасуға барғысы келетін жұрттың филармония ғимаратына сыймайтынын жазған. Батырхан Шүкенов 29 сәуірге қараған түні 53 жасқа қараған шағында Мәскеуде жүрек талмасынан қайтыс болды. Әншінің өлімі оның өнерін құрметтейтіндерге ауыр тиді. Алматы мен Астанада 29 сәуір күні кешке жүздеген адам жиналып, Батырхан Шүкеновтің әндерін орындады. Шүкенов шығармашылығы Қазақстан мен Ресейде кең танымал болды. 2000 жылға дейін ол “А’Студио” тобының жетекші вокалисі болды. Топтан кеткен соң ол жеке орындаушылық жобалармен шұғылданды. Батырхан Шүкенов өмірінің соңына дейін жаңа әндер жазып, бейне баян түсірді.