Әбдіғаппар АЙДАРОВ. Сынған айна.

image001 Халқымызда «Өзім кез­беймін, несібем кезеді» деген сөз бар. Алла-тағала қай жерден дәм бұйыртса, соны татасың. Дастархан басында көргені мол, көзіқарақты қариялар болса, нұр үстіне нұр. Айтқан әңгімелері көңілден шығып жатса, ондай кісілермен бірге отырған уақытқа қалай сүйсінбессің! Бірде осындай қонақта отырып, керемет жайттың куәсі болғаным бар. Оқу жылы аяқталып, ҰБТ бітті дегенше, бір-бір бала жетектеген ата-ананың ары-бері алашапқыны басталады емес пе? Осы жағдай биылғы жылы біздің отбасына да келіп, зайыбым бір ұл, бір қызымды алып, Астана асқан. Әйел үйде болмаса, еркек байғұстың мүсәпірлігі әп-сәтте ғой. Десек те, қонақжайлылық қалпын, жомарттық салтын берік сақтаған оңтүстіктің дархан пейіл халқының арасында үзілмей келе жатқан бір тамаша үрдіс бар. Ол қатар жүрген замандастар арасында осындай кездерде үйде қалған ер-азаматтарды шақырып, сый қонақ ретінде қонақасы беру. Осындай себеппен әрі дос, әрі жезделігі бар Махамбет пен Мейрамгүл әпкенің үйіне қонаққа бардым. Үйде Махаңның әкесі Қадір ақсақалмен бір туған әпкесі, жасы сексенді алқымдап қалған Айманат апа отыр екен. Осы өңірге белгілі бесбармақтың былқыған турамасынан бір-бір тостағанын «құтты жеріне» қондырып алған соң, жапатармағай көк шай ішуге кіріскенбіз. Әдетте, үлкен адамдардың әңгіме бастай қоюы қиын, ал бір басталған соң, лажы болса ойын бөлмеу ләзім. Айманат апа сонау бір атың өшкір Голощекиннің күллі қазақ жеріне зобалаң әкелген отызыншы жылдары дүниеге келіпті. − Ол кездері біз ненің мәнісін білеміз. Келе-келе ес білген соң әке-шешеміз айтып отырса, халық шіркіннің көрмегені жоқ екен ғой дейміз. Бес-алты жасқа келген ойын баласымыз, күні бойы асыр салып далада ойнап жүреміз. Сөйтсек те кешке әкеміздің шешемізге сыбырлап бір нәрселерді айтып отыратынын байқаушы едік. «Көрші ауылдан пәленшені ұстап кетіпті, «халық жауы» екен, түгеншені де...». Бір қызығы, осы әңгімелердің барлығын біреу естіп қоймасын дегендей жайлап қана айтады. Мен «Өз үйінде өзі неге мұнша сыбырлап айтады» деп таңқалатынмын. Енді ойлап қарасақ, адам баласының өзге тұрмақ өз көлеңкесінен қорқатын заманы келген-ақ екен сол кезде. айна- Беу, дүние! «Аузың асқа тигенде мұрның қанасын» дегендей ел енді еңсесін тіктеген кезде соғыс басталды емес пе? Бас-аяғы он-он бес күннің ішінде әкеміз майданға аттанатын болды. Шешемізді жұмыстан босатпаған соң, әкені шығарып салу інім Кәдір екеумізге бұйырды. Біз ненің парқына жеткендейміз, әйтеуір, ат-арбамен екі күн жүріп Өзбекстанның Гүлстан қаласына жеттік. Пойыз дегенді алғаш рет сол жерде көргенбіз. Станса басы ығы-жығы халық. Біреумен біреудің шаруасы жоқ. Қым-қиғаш шапқылаған жұрт. Әскери киінген адамдардың әмір берген саңқылдаған дауыстары. Арагідік біреулердің жылап-сықтаған үні шығып қалады. Қойшы әйтеуір, вокзал басында үш күн жаттық. Үлкендердің айтуына қарағанда «состав» толмай жатыр екен. Үш күннен кейін әкеміз жолға жинала бастады. Әскерилердің бұйрығынан кейін жұрттың бәрі жақын-туыстармен қоштаса бастады. Әкем де інім екеумізді кезек-кезек сүйе берді. Соның аз-ақ алдында әкем Тәшкенге барып келгенде маған базарлық деп айна әкеп берген. Сырты қалың таспен көмкерілген кішкентай айна сол кездердегі сыйлықтың үлкені болатын. «Тас айна» деуші едік. Қайдан ойыма келгенін, сол айнаны әкеме сыйлағым келді. «Көке, қолыңыз босағанда мына айнаға қарап, сақал-мұртыңызды басып отырасыз» деп әлгі айнаны әкеме ұсындым. Әкем рахаттанып күлді де маңдайымнан сүйіп, айнаны қалтасына салып алды. Әкемнің мұрты қияқтай еді. Көңілді кездерінде колхоздың жұмысынан қанша шаршап жүрсе де ыңылдап ән салып, мұртын кезек-кезек шиырып қоятын. Сонысы өзіне жарасып-ақ тұратын. Бала болсам да ойым соғыста да сол әдемі қалпынан айнымасын дегенім шығар. Көкемді шығарып сап, екі-үш күн дегенде ілдебайлап ауылға зорға жеттік. Келе сала шаруашылыққа араласып кеттік. Апам күні бойы жұмыс істеп келеді де, түнімен майшамның жарығымен қолғап, шұлық тоқиды. Бәрі майдан үшін, майдандағы жауынгерлер үшін. Кейде-кейде ауданнан арнайы келген уәкілдерге сол бұйымдарды тапсырып жатқанда, тура менің әкеме біреуін апарып беретіндей болушы еді маған. Әне-міне дегенше екі-үш ай өтті арада. Көкемнен алғашқы хат та келіп жетті. «Ұрысқа дайындалып жатырмыз» дейді. Бір күндері ауылымызға әр түрлі ұлт өкілдері қаптап кетті. Сұрастырсақ, соғыс жүріп жатқан аймақтардан алып келген бейбіт тұрғындар екен. Колхоз бастығы әр үйге екеу-үшеуден үлестіре бастады. Қабылдамаймын деуге шара қайда? Біздің үйдің еншісіне екі кемпір тиді. Кейін білдік, екеуі де неміс ұлтынан екен. Колхоз бастық «Бұлар ана жақтың немістері емес, өзіміздің немістер, сондықтан үсті-басына, ішіп-жеміне дұрыстап қараңдар» деп табыстап кетті. Ал, енді, қайтеміз? Әкеміз немістермен соғысып жүр, біздің үйде немістің екі кемпірі бізбен бірге тұратын болды. Мұндай қарама-қайшылықты кім көрген? Ініміз екеуміз әлгілерге тегі үйренісе алмадық. Апам болса ешнәрсемен жұмысы жоқ. Таңның атысы, күннің батысы «бригад» деген бишігін үйіріп, ат ойнатып келеді де тұрады, колхоздың жұмысы деп дігірлеп. Бір үйде тұрып жатырмыз дегеніміз болмаса сырттай тату, іштей араз екі ел сияқтымыз, әлгі екі кемпірмен. Оларды қайдам, інім екеуміз оларға біртүрлі үрпиіп, үрейлене қараймыз. Осылай әрі-сәрі боп жүргенде майданнан хат келіп қалады. Көкемнен бір хабар келсе, біздің үй ішінде де, көрші-қолаңға да үлкен қуаныш. Үшкіл хатты бәріміз жабылып, нүкте, үтіріне дейін ежіктеп оқимыз. Әкеміздің амандық-саулығын білгеннен кейін, қуанғаннан көзімізге жас үйіріледі. Біздің бұл қалпымызға қарап отырып анамыздың да көңілі босайды. Ең бір қызығы, мұндай кезде неміс апалар жанын қоярға жер таппай кетеді. Шүлдір-шүлдір етіп бір нәрселерді айтады. Менің басымнан сыйпап, құшақтап, өбектеген болады. Кәдір болса, шарылдап жылап, ана жақтан ат-тонын ала қашады. Осынау жер-дүниенің тоз-топалаңын шығарған зұлматты қасіретке осы шүйкедей екі кемпір бейне бір өздерін кінәлі есептейтіндей сезілетін маған. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз шөлмек сынбайды» деген ғой. Әлде Құдай-тағала тілеуімізді қабыл көрді ме, әйтеуір, әкеміз екі жыл дегенде жараланып елге оралды. Оң қолынан екі саусағын оқ жұлып кетіпті. Содан госпитальде шамалы уақыт жатып, жарасы жазылған соң өкімет қайтарыпты. Біз үшін бұдан артық қандай бақыт бар?! Әкем келген күні ертеңіне үйге ағыл-тегіл ауыл адамдары келе бастады. Қой сойылып, қазан асылып абыр-сабыр болдық та қалдық. Шешемді бір күнге жұмыстан босатты. Онымен қоймай, колхоздың қоймасына майдангердің тойына деп жарты қап бидай бөлінді. Шіркін, сол заманның қол диірмендері-ай! Әлеуетті бір келіншек әп-сәтте шыр көбелек айналдырып бидайды заматында ұн ғып беретін. Кебегін ажыратпай пісірген ұнның наны қандай тәтті болатын! Сонымен, біздің үйде дүрілдеген той өтті. Оттың басы екі күн бойы құтты болсын деген тілектен толастаған жоқ. Інім Кәдір екеуміз көкемнің қасынан шықпаймыз. Әлсін-әлсін жұлынған саусақтарының орнын сипалап қоямын, қызық көріп. Ондай кезде әкем ерекше мейірлене жымиып, басымнан иіскеп қояды. Неміс апалар мәз. Әкем аман-есен келген соң ба, менің оларға деген өшпенділігім бірте-бірте ұмытыла бастағандай. Көп ұзамай әкем де еңбекке араласып кетті. Арада он шақты күн өткенде әлдеқалай есіме түсіп кетіп, баяғы әкеме берген тас айнаны сұрадым. Әкемнің өңі бірден құп-қу болып кетті де, мені құшақтай алып, өкіріп жылады. − Жаным-ау, жарығым-ау! Сол сен берген тас айна ғой мені ажалдан алып қалған. Бірінші оқ менің кеудемде тиді емес пе? Қалай аман қалдым деп, есімді жиып, көкірегімді сипаласам, тас айнаның күл-паршасы шыққан екен. Әке мұртыңызды басып жүресіз деп өзің ұсынғанда сәби қолыңды қақпайын деп ойымда еш нәрсе жоқ, ала салған едім. Енді ойласам, қолдаушым – Құдай, қорғаушым – өзің екенсің ғой, құлыным – деп құшағына қыса түсті. Перзенті тілегі періш­тенің тілегімен парапар болатынын кім білген, Жарығым! Қара да тұр, соғыс біткен соң Тәшкенге барып Қойлықтың базарынан тас айнаның талайын әкеп беремін, Жаным сол! Әкем уәдесінде тұрды ғой, айтса айтқандай талай айна әкеп берді. Бірақ кей-кейде сол әкеме берген тас айна есіме түссе, көңілім алай-дүлей болып, толқып кетемін. Айманат апа әңгімесін осылай аяқтады. Адамзат үшін шешілмеген жұмбағы көп тылсым дүниеде мынадай бір тұжырым бар. Әр адамның желеп-жебеп жүретін қорғаушы періштелері болады дейді. Мейлі солай-ақ болсын. Ал,енді, байқап отырсаңыз Айманат апа, әкесі үшін тірі періште емес пе? Шындығында да солай...

"Қазақ үні" газеті