Сүткент, сүт мекенiм – қалашығым

 Ауыл тойы айырықша аталды

IMG_3671             Естеріңізде болса, газетіміздің бұдан бұрынғы нөмірлерінде Сүткент ауылының құрылғанына 70 жыл толып, ауыл халқы осынау мерейлі мерекені атап өтпек екендігін бірнеше рет хабарлағанбыз. Әуелі жылқы жылының қараша айында аталып өтілмек болған ауыл тойы биылғы жылдың Наурыз мерекесі қарсаңында болып өтті. 21 наурыз күні мерейтойға орай ауыл сыртында аламан көкпар берiлдi. Бiлектi де жүректi жiгiттердiң көкпар ойыны түсте басталып, күн ұясына отырғанша жалғасты. Облыс көлемiндегi  барша аудандардан “сен тұра тұр, мен атайын” дейтiндей кiлең мықты шабандоздар қатысқан көкпарда жүлде алмаған жiгiт қалмады десе де болатындай. Салымға ақшалай 2 млн теңге, 70 кілем, 2 автокөлік  тігілді. Думанды шара 22 наурызда өз жалғасын тапты. Осы күнi ауыл орталығындағы саябақ пайдалануға берiлдi. Лента қию салтанатынан соң ардагерлер мен аудан басшылары осында көшет  отырғызды, игi бастамаға iзгi тiлектер бiлдiрдi. Салтанатты жиын барысында ауыл әкiмi Бауыржан Смадияров сөз алып, ауылдың өткенi мен  бүгiнiне шолу жасап өттi. Аудан әкiмiнiң орынбасары Б.Әлiпов те ауыл тұрғындарын зор ықылыспен құттықтап өттi. Ауыл имамының аруақтарға бағыштап құран оқуынан соң осы ауылдың төл перзенттерi, өнер десе iшкен асын жерге қоятын жаны жомарт кәсiпкер Дайрабай   IMG_3635 — копия IMG_3528  Үсiпбаев пен белгiлi ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi Әлiбек Шегебайлар өздерi құрастырған “Сыры терең Сүткент” атты энциклопедиялық жинақты жұртшылыққа таныстырды. Бұл жинақта Сүткент ауылының көне тарихы мен бүгiнi кеңiнен қамтылғандығын байқадық. Кiтаптың 1000 данасы осы күнi тұрғындарға тарту етiлдi. Ауыл тарихы ендiгi жерде әрбiр сүткенттiктiң шаңырығында тұратын болды десек артық айтқандық болмас. Түрлі-түсті қағазда әсем безендірілген кітап өзіндік мазмұнымен де, көркемдік сапасымен де ерекше назар аудартады екен. Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Т.Ағманұлы, Б.Қалмырзаев, Ә.Оңалбаев, Р.Кенбаевтар осы ауылды құруға белсене ат салысқан замандастарына  аса ризашылық бiлдiрдi. Бiр кездерi осы ауылда директорлық, түрлі басшылық қызмет атқарған азаматтар да сөз алып, iзгi тiлектерiн бiлдiрдi. Белгiлi айтыс ақыны, “Алтын домбыра” иегерi, айтыстың ақтаңгерi атанып жүрген Балғынбек Имашевтiң жиынға арнайы қатыса отырып, сүткенттiктерге жырдан шашу шашқаны тым әсерлi болды. Елімізге белгiлi ақын, "Қазақ үні" газеті Президенті, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, жерлесiмiз Қазыбек Иса да ауыл IMG_3559 — копиятұрғындарын жалынды жырларымен құттықтап, мереке көрігін қыздырды. Салтанатты жиын iзгi құттықтаулардан соң мектеп оқушылары  даярлаған концерттiк бағдарламаға ұласты. Мерекелiк концерт барысында бiздiң мақтанышымыз, бұлбұл дауысты Мөлдiр Бақытжанқызы, “Қазақстан дауысы” сайсында өнер көрсеткен Е.Бердалы, Б.Оспановтар әсем жырдан шашу  шашты. Осы кезеңде ауыл тұрғындарының бiр тобы бокс пен футболдан  ұйымдастырылған спорттық жарыстарды тамашалады. Биылғы ауыл тойының бiр ерекшелiгi – ақындар мүшайрасының ұйымдастырлуында екендiгiн баса айтқымыз келедi. Бұған дейiнгi болып өткен  ауыл тойларында мұндай шара өтпеген болатын. – Мүшайраны ұйымдастырудағы мақсатымыз – ақындар ауыл тарихымен тереңнен таныссын, сүбелi дүниелер жазсын, кейiнгi ұрпаққа үлгi болсын дедiк. Мүшайрадағы жырларды тағы бiр жинақ етiп бастырамыз, – дейдi жыр бәйгесiн ұйымдастырушы айтулы ақын Ә.Шегебай. Жыр додасына өлеңдi жандарына серiк еткен 25 ақын үмiттерiн үкiлетiп ат қосыпты. Iрiктеу кезеңiнен сүрiнбеген 14 ақын көпшiлiк алдында өлең оқу мәртебесiне ие болды. Байқаудың шарты бойынша Сүткент ауылы жайлы, патриоттық тақырыпта және лирикалық жанрда жыр оқыған ақындар өнер сүйер  қауымның қошеметiне бөлендi. Бәйгеге түскен  жырларды әділқазылар алқасы төрағасы Қазыбек Иса бастаған ақын, А.Иманов атындағы жалпы орта мектеп директоры Н.Ыбырайым, ОҚО ауыл шаруашылық басқармасының орынбасары Т.Оспанов және мүшайраның бас демеушiсi  Д.Үсiпбаевтар саралап, әдiлқазылық еттi. Бәйге қорытындысы бойынша Гүлназ Ералы, Қанат Дауылбаев, Ғайболла Бектөреев, Тұрғанбек Қанаев, Оспан Смадияров, Жанәділ Сейдан, Нұрғали Мырзахметовтер арнайы сыйлықтарды (ақшалай жүлделері 20 мың теңгеден) иемдендi. «Бабалар өткен кешегi, Құт қонған мекен деседi. Күндердi талай өткердiң, Қайғының соры бес елi»,- деп жырлаған Құдайберген Өтеш, Сүткент пен Қараөзекті қатар жыр еткен Хамит Жұмабеков, ауылдың бүкіл тарихын тізіп шыққан Құрманбек Шәметовтер жүлделi үшiншi орын иегерлері (ақшалай жүлдесі 30 мың теңгеден) атанды. «Қойнауында құпия сыр жасырып, Қарайды өлке жүзбенен мұңға сынық. «Жібек жолын» жалғаған қайран іздер, Жоғалып кетті ме екен құмға сіңіп»,- деп тебіренген ақын қызымыз Ажар Сламова мен «Жағада отқа оранған, Сан шаһар қирап тоналған. Ал Сүткент – сұлу Сейхунның, Алқасы сынды жоғалған!»- деп жырлаған Қасқыр Серiкбайұлы екiнiшi орыннан (ақшалай жүлдесі 50 мың теңгеден) көрiндi. Бiрiншi орынды «Сынық тасы сыр айтатын өткеннен, Көп жайларды ұқсам деймін көк белден. Сырбаз дала, сырың бүгіп жатсың сен, Сан тарихты бір басынан өткерген»- деп толғаған Сәбит Лаханов (ақшалай жүлдесі 70 мың теңге) иеленді. Ал Бас жүлденi: «Алмады жанар шырым, сана тыным, Бiлгенде осы тойдың болатынын. Өзегi өмiрiмнiң өлең-жырым, Тәңiрден сый-сыбаға алатыным. Көзi деп көне заман жыр арнадым, Сүткент, сүт мекенiм – қалашығым», - деп шабыттанған Әбдiғаппар Айдаров (ақшалай жүлдесі 100 мың теңге) қанжығасына байлады. Біз де мүшәйра жеңімпазы болған  "Қазақ үні" газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі, республикалық  терме байқауларының жүлдегері  Әбдiғаппар Айдаровты және өзге жүлдегерлерді құттықтаймыз. Осылайша, ауыл тойы өзгеше сипатта өтті.

Өз тілшіміз .                                                                                                      

Шардара ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

qazaquni.kz

Қараңыз:  Сыры терең, бірлігі ерен Сүткент. http://www.qazaquni.kz/?p=34580

IMG_3468

IMG_3548