Бейбіт Ыстыбаев “Қазақстан Барысына” бесінші рет қатысатын болды

“Қазақстан Барысы” республикалық  турниріне Жамбыл облысындағы іріктеу кезеңдері аяқталды.

 Photo: Бейбіт Ыстыбаев "Қазақстан Барысына" бесінші рет қатысатын болды Оның қорытындысы бойынша Әулиеата жерінің балуандары арасынан 2015 жылғы “Қазақстан Барысы” турнирінің финалына Бейбіт Ыстыбаев пен Айтбек Айбол жолдама алды, деп жазады “Алаш айнасы”.

Кеше Тараз қаласындағы “Тараз-Арена” спорт кешенінде “Қазақстан барысы” турнирінің Жамбыл облысындағы іріктеудің үшінші туры аяқталды. Аталмыш доданың алғашқы екі кезеңіне Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке, Мойынқұм, Талас, Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарының және Тараз қаласынан жалпы саны 1512 спортшы қатысқан болатын. Солардың ішінен баптары мен бақтары қатар шапқан 23 балуан облыстық сайысқа жолдама алып, өзара мықтыны анықтады. Ақтық айқастарда жұлдызы оңынан туған Айтбек Айбол мен Бейбіт Ыстыбаев доданың финалдық кезеңіне берілетін жолдаманы қанжығаларына басты. Айта кетейік, Бейбіт Ыстыбаев “Қазақстан барысы” республикалық турнирі басталғаннан бері ұдайы қатысып келеді. Ол 2012 жылы бұл бәсекенің жеңімпазы атанған да болатын. Ал Айтбек Айбол болса бірінші рет қатысқалы жатыр.