Ақмола облысындағы бассыздық!!!

Ақмола облысындағы Купчановка психдиспансерінің 500 емделушісі қыстай уылдырық жеп, жылқы етін азық етіпті, - деп хабарлайды КТК арнасы.

Алайда бұл – мекеме директоры Данияр Жангелдиновтің қағаз жүзіндегі есебі. Шындыққа “үш қайнаса сорпасы қосылмайтын” осындай мәлімет берген директордың мәселесін Тәртіптік кеңес қарап, оны қызметіне лайықсыз деп тапты. Шенеуніктердің тәртібі қаралған жиында арақ ішіп, көлік жүргізген Атбасар ауданы әкімінің орынбасары да ұяттан жерге кіре жаздады. Купчановка психдиспансеріндегі ақыл-есі кем азаматтар не киіп, не ішіп жатқанын, әрине, айта алмайды. Бірақ мекеме басшылығының азық-түлікке берген тапсырысынан науқастардың жегені теңіз өнімдері мен жал-жая екенін байқауға болады. Мәселен, өткен жылы диспансерге 1 миллион 700 мың теңгенің қызыл уылдырығы сатып алынған. Бірақ емделушілер содан ауыз тиді ме, жоқ па белгісіз.

Ал сойылған жылқы директордан ауыспайтынын қызметкер мойындапты. Жангелдинов қызметке де туыстарын алған.

“Диспансерде әйелім істейді. Медициналық білімі бар, сондықтан алдым. Купчановка ауылына мамандар бара бермейді. Қазірдің өзінде маған 3 қызметкер жетіспейді”, – дейді Купчановка психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры Данияр Жангелдинов. Директоры етті де, жетіспейтін картопты да қоймаға қойғанын айтты. Бірақ бұл уәжі кеңес мүшелерінің көңілін жібіте алған жоқ. “”Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес” Заңына сәйкес тәртіп бұзғаны үшін Жангелдиновті қызметінен босатуды ұсынамын”, – деді Ақмола облыстық Тәртіптік кеңесінің төрағасы Қуаныш Жапақов.

Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Александр Чириковтың да жұрт алдында кешірім сұрап, қызаруына тура келді. Шенеунік қауырт жұмыстан қажыды ма, әйтеуір, ащы суға тойып алып, көлік тізгіндеген.

Орынбасарды сот осы әрекеті үшін 3 жылға көлік жүргізу құқынан айырған. Тәртіптік Кеңес сол жазасы жеткілікті деді ме әйтеуір, психдиспансер директоры сияқты қызметінен қуып шықпай, тек сөгіс жариялады.