ЕРЕЖЕП АЙЫНДА ТУҒАН ЕРДОҒАН КІМ ЕДІ?

2419
4
Бөлісу:

erdogan 1

Өткен аптада ресми сапарымен елімізге келуіне байланысты Қазақстандық БАҚ Түркия Президенті Ердоған туралы көп жазды. Оған соңғы жылдары диктатор ретінде баға берілді. Былайғы жұрттың бір сыпырасы оны Түрік мемлекеттерінен шыққан қабілетті қайраткер деп қабылдайды. Ал, сіз бен біз Ердоғанды қаншалықты танимыз?

Бүгін – мұсылман күнтізбесіндегі қасиетті үш айдың бірі, Ережеп айының алғашқы күні, яғни Хижра күнтізбесінде 1436 жылыдың  алтыншы айының бірі.  Ал Түрік президентінің есімі осы аймен қатысты екенін біреу білсе біреу білмейді. Осыған байланысты Ердоғанның өмірі мен саясаттағы жолына көз жүгірткен едік.

 

РЕЖЕП ЕРДОҒАННЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

Режеп Тайып Ердоған 1954 жылы 26 ақпанда Ыстамбұл өңіріне қарасты Қасымпаша ауданында жанұясындағы үшінші бала болып өмірге келді. Анасының есімі Тензиле. Әкесі Ахмет Ыстамбұлға 13 жасында келіп жерлесіп, жағалау капитаны болып жұмыс істеген. Асылы туған жері Түркияның шығыс солтүстігіндегі Ризелінің Гүнейсу аумағы. Қаратеңіз жиегіндегі бұл аймақ Грузияға жақын орналасқан. Ата-анасы Ризеліде тұрмысы нашарлаған соң Ыстамбұлға қоныс аударуға мәжбүр болыпты.

Ердоғанның өзі бір сұхбатында, «Ережеп айы қарсаңында туылғандықтан, әрі атасының есімі Тайиып болғандықтан» өзінің есімі «Режеп Тайиып» болып қойылғандығын айтқан. Ол үйіндегі төрт баланың – үш ұл, бір қыздың бірі. Режеп бастауышты Пияле бастауыш мектебінде оқыды. Бастауыштың бесінші сыныбында жүргенде үлгерімі жақсы оған мектеп үйлестірушісі Ихсан Ақсой ықпал етіп, бірдей уақытта «Имам Хатип(Имам және уағызшы)» оқуына да баруға себепші болған. 1965 жылы бастауышты бітірген ол,   «Имам Хатип» лицейінің оқушысы болды. Ережеп балалық шағында өте белсенді болып, поэзия оқу жарыстары, эссе байқауынан бастап Мектепаралық дебат; жеңіл атлетика, спорттың барлық түрлеріне дейін, футбол турнирлері, әлеуметтік және мәдени іс-шаралардан тыс қалмаған. Ол құранды аса бір нақышпен оқитын болған. Оны сыныптастары «құран бұлбұлы» деп те атаған екен.

Ережеп 16 жасында 1000 лираға әуесқой футболшылар лигасына ауыстырылады. 4 жыл «Жамиалты» лигасында ойнаған ол «İETT(Стамбул электр трамвай және тоннельге)» ауысып, онда жеті жыл ойнайды. Тіпті сонда жүріп, Түріктің Фенербахче футбол клубына шақырту да алады. Алайда әкесінің «оқуыңды жалғастыруға тиіссің» дегенінен соң доптан алыстаған. Кейін балалық шағы өткен Қасымпашадағы бір стадионға оның аты берілді. Ол бірнеше жыл бұрын балалық шағы өткен ауданға барғанында: «Бұл арада мен 15 жыл доп ойнадым, туған, өскен жерім, үйім дәл осы жерде еді», – деп сөйлеген.

Режеп 1973 жылы Имам Хатип лицейін тамамдап, Университетке кірудегі сандық шектеулер себебімен айырмашылықты дәрістерін алу үшін Еюп лицейінен екінші орта білім дипломын алады. Соңынан Мәрмара университетіне бағымды, Мәрмара университеті Экономика және әкімшілік ғылымдары факультеті болып өзгертілген сол кездегі Экономика және коммерциялық ғылымдары Ақсарай жоғары оқу орнын бакалаврлық дәрежеде 1981 жылы бітірді.

ЕРДОҒАННЫҢ САЯСАТҚА КЕЛУІ

Режеп Тайиып университетте жүргенде Түрік Ұлттық Студенттік Одағына(MTTB) мүше болады. 1976 жылы MSP-нің (Millî Selâmet Partisi – Ұлтты құтқару партиясы) Бейоғлу жастар қанатының төрағалығына және осы жылы осы партияның Ыстамбұл өңірлік жастар қанатының төрағасы болып сайланды.

1980 жылғы, 12 қыркүйек төңкерісінен кейін, 1983 жылы оның саси жолы RP-мен(Refah Partisi  – Әл-ауқат партиясы)  қайта жалғасады. Тайиып Ердоған аталған партияның 1984 жылы Бейоғлу ауданындағы төрағасы, 1985 жылы парияның осы аудандағы төрағасы әрі Орталық Шешім кеңесінің(MKYK) мүшесі болады. 1986 жылы аралық сайлауда депутаттыққа да үміткер болды. 1989, 1991 жылғы жергілікті сайлауларда депутаттыққа үміткер болды.

Оның саясаттағы күш алған бір кезеңі: 1994 жылы, 17 наурыздағы жергілікті сайлауда 25,19% дауыс жинап, Ыстамбұл әкімі болып сайлануы.

 

ЕРДОҒАННЫҢ САЯСАТТАН ШЕТТЕТІЛУІ

«Мұнаралар – найзамыз, күмбездер – дулығамыз, мешіттер болса казармамыз болды. Оқылған азанның үнін ешкім де өшіре алмайды. Түркиядағы нәсіл алалығын қалайда тоқтатамыз. RP(Refah Partisi  – Әл-ауқат партиясы) басқа партиялармен қайшы пікірде. Жолымыздан таймаймыз. Көк пен жер ашылып, үстімізге топан су мен жанартау шашылса да жолымыздан таймаймыз. Менің назарым Исламда. Бұны сөйлей алмасам өмірімнің мәні бар ма? Еуропада құлшылыққа, бас орамалына құрмет көрсетіледі, ал Түркия бұған аяққа оралғы болып отыр… Әр Дәуірдің Ферғауыны мен Намруты болғанымен олардың алдынан қарсы шығатын, лас жолдарын тазалап, кедергіден құтылатын Мұса мен Ибраһимі болады».

1997 жылдың  12 желтоқсанындағы Түркияның Сирия мен Иракқа жақын аумақта орналасқан Шиирт ауданында сөйлеген Ердоғанның осы сөзі оның саяси жолының тарылуына әкеліп соғады. Ердоғанның үстінен DGM(Devlet Güvenlik Mahkemesi – Мемлекеттік Қауіпсіздік Соты)   TCK(Türk Ceza Kanunu – Түрік Қылмыстық-атқару кодексі) 312 бабына сәйкес «сыныбы, діні, нәсіліне, діни немесе аймақ айырмашылықтарына қарай халықтың айқын өшпенділігі мен араздығын қоздырды» деп айып тақты, әрі он ай қамау жазасына кесті. Оны соттау 1998 жылы 23 қыркүйекте Жоғары сот тарапынан ресми бекітіледі. Ол осы жылдың 26 қазанында  Fazilet(Ізгілік) партиясынан шықты. Диярбакыр Қауіпсіздік соты берген жазасын өтеу үшін ол Пынархисар түрмесіне беріледі. Әрі, тұтқындалар алдында: «бұл қоштасу емес, бітпеген композицияның бір соққысы ғана. Бір тыныстап алу» деген. Жоғарыдағы тағылған айып бойынша ол 4,5 жыл бойғы Ыстамбұл Әкімшілігі төрағасы орын тағынан босатылды, әкімдік лауазымы 11 қарашада заңмен тоқтатылады. 1999 жылы 26 наурызда Пынархисар түрмесіне кіріп, 24 тамызда «жазасын өтеп» шықты.

Оның үстінен Ыстамбұл әкімі болып сайланғанда-ақ сайлау нәтижелері турасында іс қозғалған. Алайда тараптардың араласуымен тоқтатылып келген.

ЕРДОҒАННЫҢ АҚ ПАРТИЯСЫ

Фазилет партиясы(Бұл партия 1997 жылы 17 желтоқсанда RP(Әл-ауқат партиясы) жабылу қаупі қарсаңында,  Ұлттық пікір ұстанған партия ретінде Исмаил Алптекин басшылығымен құрылған. 1998 жылы 16 қаңтарда Рефах партисы Конституциялық сот тарапынан таратылды) 2001 жылы, 22 маусымда Конституциялық сот тарапынан жабылған соң, партия ішіндегі қайраткерлер ұлттық көзқарасымен жаңашылдығына қарай екіге жіктеліп, екі партия құрды. Ұлттық пікірдегі топты соңына ерткен Режай Құтан Saadet(Бақыт) партиясын, Режеп Тайиып Ердоған басқаруындағы жаңашылдар 2001 жылдың 14 тамызында Adalet ve Kalkınma(AK – Әділет және даму) партиясын құрды. Және бұл партияның алғашқы арнайы конгресінде Ердоған төраға болып сайланды. 2002 жылғы, 3 қарашада өткен сайлауда 34.29% дауыспен жеңіске жеткен АҚ партия биліктен орын ала бастады, алайда сайлаудың өзіндік шектеуімен Ердоған бірден Премьер-министр бола алмады. Партияның басшысы мен Премьер-министр орнына біраз уақыт Абдулла Гүл отырды.

Шиирт депутаты Фадыл Ақкүндіздің депутаттықтан түсуімен, 2003 жылдың 9 наурызында Ердоған Шиирттан Парламентке депутат болып сайланды. АҚ партияның төрағалығы мен Түркияның 58 үкіметі басшылығынан отставкаға кетуіне сай Гүл босатқан орнынға 59 үкіметті жасақтап, әрі Түркияның 59 Премьер-министрі ретінде Ердоған отырды. Оның басқаруындағы партия 2007 жылы, 22 тамыздағы сайлауда 46.6% дауыспен тағы жеңіске жетіп, биліктегі күшін жоғалтпады. Түркияның 60 үкіметі ретінде билік басына келді. Ердоған екінші қайтара Премьер-министр болды. 2010 жылы 12 қыркүйектегі Конституцияға өзгерістер енгізуге сай референдумда Ердоған 58 пайыз дауыспен тарихи жеңіске жетті. 2011 жылы, 12 маусымда мәжілістің 24 сессиясын жасақтауда АҚ партия 49,8 дауыспен билікті тағы да иеленді.

2014 жылы 30 наурызда болған сайлауда АҚ партия 43,39% дауыс жинап биліктегі орнын кезекті рет сақтап қалды.

Ал, осы жылдың 10 тамызында өткен тұңғыш реткі халықтық президент сайлауында Ердоған 51,79%(21 000 143 дауыс) дауыспен елдің Президенті болды.

Биыл, 7 маусымда елдің TBMM(Түркие Үлкен Ұлт Мәжілісіне) депутаттар кезекті рет сайланады. Оған биыл төрт партия қатысады.  Ал, елдегі кезекті Президент сайлауы 2019 жылы өтеді.

ЕРДОҒАННЫҢ ЖЕКЕ ӨМІРІ

Ердоғанның бойы 1,83 см. Ол әкесінің екінші некесінен туған баласы.

Режеп Ердоған жары Әмина(Эмине) ханыммен 1977 жылы бір конференцияда танысқан. 1978 жылы 4 тамызда үйленді. Екі ұлы, екі қызы бар(Ахмет Бурак, Нежметтин Біләл, Есра және Сүмейие).

Оның саяси өмірінде бірнеше рет өмірін қиюға бағытталған қастандықтар сәтсіз аяқталған.

Ердоғанның  балалары негізінен кәсіпкерлер. Шетелде оқыған ұлдары саясатпен айналыспайды.

Ердоғанның былтырғы президенттік кандидатурасы кезіндегі декларациясына сай, Атақонысы Ризе, Гүнейсуда 10 мың түрік лирасы тұратын жер телімі, 234 мың түрік лирасы құнында бір авто көлігі болған. Түрлі банктарда жиыны 4,5 миллион түрік лирасы және 200 мың доллар капиталы бар екенін де жариялаған. Сондай-ақ, ұлы Ахмет Бурактан алашақ 500 мың түрік лирасы қаражаты болған екен.

 

ЕРДОҒАНДЫ СЫНАУШЫЛАР

Түріктің қазіргі президентін сынаушылар оны елдің әскери, сот, бюрократиялық күштері мен қорғанышын әлсіретті деп санайды. Түрік дәстүрлі экономикасының қалыбын бұзған, сыртқы саясаттағы ел деңгейін артқа жіберді деп ажуалайды.

Ең бастысы сыншылар Ердоғанды Түркияның 100 жылдық қанды мәселесі болып келе жатқан оңтүстік шығысындағы күрттермен ұлт аралық мәселеде «Шешім операциясын» бастап, олардың ыңғайына жығылды, оларға үміт сыйлады деп айыптайды. Оны Грузин немесе Еврей деп шет көретіндер де жетерлік.

Түркияның билік партиясынан өзге партиядағы бір сыпыра саясатшылары Соңғы бірнеше жылдағы сайлаудың нәтижесіне күмәнмен қарайды. Ердоған сайлаулардың нәтижесін қолдан жасады деп сенімсіздік танытады.

2013 жылы, 17 желтоқсанда басталған кампания бойынша интернет желісінде пайда болған Ердоған мен ұлы Біләлдің дауыстарына ұқсас жазба Ердоғанды құрдымға кетіре жаздады. Ол жазбада олар алған үлкен көлемдегі пара ақшасын бір жақты етуді ақылдасты деп айыпталған. 2014 жылдың 30 наурызындағы сайлауға қарсы ел лидерін сүріндірмек болды деп бағаланған бұл іске, олар шынымен үлкен ақшалы «ойын ойнады» деп шүбә келтіретіндер бар. Ал, Ердоған бұны Түркиядағы ең үлкен жолсыздық деп бағалаған. Әрі осыдан кейін белгілі Ислам ғалымы, Түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүлленмен Ердоғанның арасы ашылып кетті.

ЕРДОҒАННЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Оның басты ерекшелігі өз партиясын мықтап құра алғаны. Оған өз партиясынан қарсы шыққандар бүгінге дейін кезікпеген. Оның партиясына лидерлігі, басқару тәсілі жүйелі. Бұл сатыдан оның өмірінде орын алатын үлкен есім Нежметтин Ербақан. 1996-1997 жылдары арасында тура бір жыл Түркия президенті болған Ербақанды Ердоған ұстазы санайды. Ердоған саси ұстанымы осы партияда қалыптасты. Ербақан да өмірінің соңына дейін оған қолдау көрсетіп кетті.

1997 жылы, өзінің тұтқындалуына себеп болған жалынды сөздерді ол, белгілі Түрікші Зия Гокалыптың 1912 жылы жазған дастанына өзгеріс енгізіп оқыған. Ол өзінің жаңа резиденциясында биыл жыл басында Палестин елінің басшысын 16 түрік мемлекетінің тарихтағы әскери үлгісімен киінген сарбазымен қарсы алған болатын. Ал алдыңғы аптада Қазақстанға келгенде «Ата-бабамының жеріне келдім» деп кетті. Осылардан басқа оның Түрікшілдігін білдіре қоятын саяси іс-әрекеті кезікпейді.

ЕРДОҒАН САЯСАТЫ

2005 жылы, 3 қазанда Түркия ЕО-ға мүшелікке кандидат болды. 2002 жылы Түркия мен Ресей сауда айналымы 5 миллиард доллар болса, бұл көрсеткіш 2011 жылы 32 миллиард долларға жеткен. Тіпті бұны 100 миллиардқа жеткізуді де нысана еткен.

Ердоған саясаты тұсында Түркияның араб тілді мемлекеттермен қатынасы жақсарды. Түркия Палестинаға көбірек көңіл бөліп, тарихи, діни нысандарды қорғау жөнінде әлемге үн қатып келеді.

Ердоған Сириядағы әскери қақтығыстан босқан халыққа үлкен қолдау көрсетті. Соңғы үш жылда Түркияға Сириядан 3 миллионға жуық босқын кіргені айтылуда.

Ердоғанды елінің халқы «халық адамы» деп бағалайды. Батыспен біте қайнасып тұрған Түркияның Исламшыл басшысы ретінде оны сүйетін тұрғындары да жетерлік.

Ердоған саясатына кеңірек тоқталмадық. Себебі ол билік етіп келе жатқан 12 жылда Түркияда көптеген ішкі және сыртқы саясатпен қатысты бағдарламалар жүзеге асырылды. Халық қажетіне керекті жаңартылып жатқан жолдар мен салынып жатқан тұрғын үйлер, әуежайлар мен айлақтар, Еуропа-Азия аралық магистралдар, түрлі мемлекеттермен жақсарған дипломатиялық қатынастар жетерлік. Ел экономикасының да миллиондаған долларлық өсімі, халық қажетіне бөлінген бюджет қаражатының артып жатқанын да жергілікті БАҚ жиі жазады. Сондай-ақ қол қойылған халықаралық келіссөздер, академиялық бағдарламалар да көп. Оның үстіне саясаткер ретінде Ердоған әлі жол үстінде. Еңбегін түйіндеуге ерте. Оған көптеген халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерден түрлі наградалар, «жыл лидері» атақтары табысталған.

Ол диктатор болып халықтан алшақтап кете ме, әлде ұлтының адал ұлы болып Түркияның халқы мен бірге гүлденген Түркияға жол ала ма? Ол ертеңнің еншісінде. Бір анығы Ердоған тәжірибесі жетерлік әккі саясаткер.

НҰРҒАЛИ НҰРТАЙ

 

Дереккөз:

http://www.rte.com.tr/

http://www.milliyet.com.tr/

http://www.hurriyet.com.tr/

http://www.cumhuriyet.com.tr/

http://tr.wikipedia.org/

http://www.mynet.com/

http://www.tbmm.gov.tr/

http://www.aksam.com.tr/

 Abai kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 4 пікір жазылған

  1. Ілесбек Байжанов 22 Сәуір, 2015 17:08 Жауап

    Ердоғандай Ері бар күллі Алаш бақытты!
    ************************************

    Ердоғандай Ұл туған Анасынан айналдым!
    Түріктер біздің бауырлар, Ана төлінен айналдым!
    Атажұрттан кеткен бауырым, Сіздерге бақ тілеймін,
    Алаштың бұларда ұрпағы, туғандардан айналдым!
    Вт Июл 01, 2014 17:06 Zonakz.net

  2. Мұқитұлы 22 Сәуір, 2015 21:35 Жауап

    Жұрт не десе о десін,Ердоғандай Ұлт Басшысы бар Түрік Елі бақытты.Оның ең бастысы – Ол нағыз ұлтшыл Көсем!

  3. Bolat 23 Сәуір, 2015 12:46 Жауап

    onshen uru Musulman halıkkın sendirib uruluh isteb jurgoi bilmesizder. Ünversite ohumagan jalgiz auzben gana soz soileb Dİndi holdanadi.

  4. Болат 34 9 Мамыр, 2015 03:52 Жауап

    Түркі мемлекеттерінің күшейгені олардың көпвекторлы бірігуіне жол ашады. Түрік армиясы европадағы күшті армиялардың бірі.Азербайжан армиясы да осал емес. Еліміздің армиясы да күшейіп келе жатқаны кешегі парадтан көрініс тауып отыр.Тек тілеріміз – Қырым мен «Лугандон»нан айрылған Украинаның қорғаныс саласындағы орысшыл сатқындардың зардабындай зардап, бізде де қайталанбасын.

Пікір немесе жауап жазу

он бір − бес =