Қазақстан «Шетел агенттері туралы» өз заңын әзірлеп жатыр

Үкіметтік емес ұйымдардың қаржы қызметі туралы заң жобасы құқық қорғаушыларды алаңдатты. Ондайда шетел гранттарын ұйымдарға бөлумен үкімет тағайындайтын бірыңғай оператор айналысады.

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері акция кезінде. Астана. 23 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет).
Азаматтық сектор өкілдері мұны ұйымдардың тәуелсіз қызметіне тыйым салу ретінде бағалайды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Үкіметтік емес ұйым(ҮЕҰ) қызметі мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Шетел гранттары есебінен жұмыс істейтін бірқатар құқық қорғау ҮЕҰ өкілдері  «заң жобасы шетел гранттарына іс жүзінде монополия орнату, ҮЕҰ қызмет түрлерін шектеу арқылы құқық қорғау ұйымдарын Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігінен айыруды көздейді» деп мәлімдейді. Олар бұл заң жобасын Ресейде қабылданған «Шетел агенттері туралы» заңмен салыстырады.

ИДЕЯ АВТОРЫ – АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНС

Заң жобасын әзірлеу идеясының авторы - Қазақстан азаматтық альянсы, үкіметшіл ҮЕҰ коалициясы президенті Нұрлан Ерімбетов. Ол - елде шетел гранттарын беретін негізгі донор – «Сорос-Қазақстан» қорындағы бақылау кеңесінің бұрынға мүшесі. Екі жыл бұрын азаматтық альянс басшысы болып тағайындалғаннан бері оның риторикасы да өзгерген.

Қазақстан азаматтық альянсы, үкіметшіл ҮЕҰ коалициясы президенті Нұрлан Ерімбетов. Aлматы. 12 қазан, 2010 жыл.Қазақстан азаматтық альянсы, үкіметшіл ҮЕҰ коалициясы президенті Нұрлан Ерімбетов. Aлматы. 12 қазан, 2010 жыл.

— Мен шетел компанияларының қаржыландыруына үзілді-кесілді қарсымын, өйткені шетел ақшасы - екіжүзділік пен сайқалдық. Мен бұрын шетелден ағылған  ақшаның орнына енді өзіміз қаржыландырсақ деймін, - деп мәлімдеді Нұрлан Ерімбетов баспасөз өкілдеріне.

Оның айтуынша, «Қазақстан қоғамына пайдалы» жобаларды іске асыру шартымен қазір шетел компаниялары гранттарын  алып отырған үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын енді мемлекет қаржыландыра алады. Ал бұл жобалардың қаншалықты пайдалы-пайдасыз екенін шенеуніктер анықтауы тиіс деп санайды Ерімбетов.

ГРАНТТАР ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ БАҚЫЛАУЫНДА БОЛАДЫ

Қазақстандық құқық қорғаушыларды әсіресе үкімет белгілейтін акционерлік қоғам - бірыңғай оператор құзырындағы өкілеттіктер алаңдатады. Шенеуніктерден құрылатын бұл орган мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен шетел гранттарын өз қалауынша бөліп қана қоймай, тексеру жүргізіп, оларды жұмсау барысына бақылау орнатқысы келеді. Заң жобасына сәйкес, оператор грант алған ұйымның кез келген, тіпті коммерциялық және банктік құпия деп танылған қаржылық құжаттарын сұратуға құқылы.

ҮЕҰ-ның немен айналысуы тиіс екені заң жобасында анық жазылған. Бұл - салауатты өмір салтын насихаттау, экология, демография және гендерлік теңдік проблемалары, өнер мен мәдениетті дамыту, тарихи мұраны қорғау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, әлеуметтік проблемалар сияқты тақырыптар. Ал азаматтық және саяси құқық саласындағы құқық қорғау қызметі жайлы заң жобасында ештеңе айтылмаған.

ЗАРДАПТАРЫ ТУРАЛЫ

 «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры сияқты көптеген құқық қорғау ұйымдары заңды бұл күйінде қабылдауға қарсы. Қор өкілдері заң жобасын талдап шығып, жайсыз қорытындыға келген.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының сарапшысы Амангелді Шорманбаев. 14 қаңтар, 2014 жыл.«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының сарапшысы Амангелді Шорманбаев. 14 қаңтар, 2014 жыл.

— Шенеуніктерге елдегі гранттарды бөлуге заң жүзінде монополия орнатып, құқық қорғау жұмысын шектеу мүмкіндігін беретін мына заң жобасы шетелдің қаржыландыруы арқылы тәуелсіз әрі объективті зерттеулер жүргізіп, биліктің ресми көзқарасына балама көзқарас ұсынатын үкіметтік емес ұйымдарды шын мәнінде тіршілігінен айырады, - дейді қор сарапшысы Амангелді Шорманбаев.

КРЕМЛЬДІҢ ІЗІМЕН

Сарапшылар сынаған заң жобасын қазақстандық құқық қорғаушылар «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңға немесе 2012 жылдың шілдесінде Ресейде қабылданған «Шетел агенттері туралы» заңға ұқсатады.

Заң «шетел агенті» деп танылған қоғамдық және саяси ұйымдарды шетелден қаржыландыруға қатаң тыйым салады.

Азаматтық қоғам және халықаралық құқық қорғау ұйым өкілдері ресейлік заңды елдегі қоғамдық-саяси, азаматтық белсенділік пен қоғамның наразылық білдіру әрекеттерін басып-жаншу ретінде бағалаған.

Қазір көрші Қырғызстанда да осындай заңға қатысты айтыс-тартыс қызып тұр. Ел парламенті жанындағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес комитеті заң жобасын наурыз айында мақұлдаған. Бірақ Қырғызстандағы қоғамдық бірлестіктер сынынан кейін оны түпкілікті қабылдамаған. Қырғызстанда 200-ге жуық үкіметтік емес ұйым «шетел агенттері туралы» заң жобасын қабылдауға қарсы.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда тіркелген 27 мыңға жуық ҮЕҰ-дан қазір екі мыңға жетпейтін ұйым қалған. Қазір шетел ондаған ұйымды ғана қаржыландырады. Қалғандары мемлекеттік тапсырыс есебінен күн көреді.