Мәжілісмендер сенаторларды сынға алды

маж Жолы болмаған «Жол ережесі туралы» заң жүргізушілер мен жол сақшыларының қарым-қатынасындағы қақтығыстарға ғана емес, депутаттар арасындағы дүрдараздыққа да жеткізген секілді. Несі бар, бұл біз табынатын Батыс елдерінің тәжірибесінде жиі кездесетін көрініс. Сондықтан бұған таңғалмай, керісінше қуана қол соғуымыз керек. Сын түзелмей, мін түзелмейді... Сөйтсек, бұл жолы теп-тегіс жерден сүрінген Сенат көлік қоятын орынның аумағы, үлгісі мен ақы төлеу секілді әдістерін құжат жүзінде бекітпей, жай ғана «Жол ережесі туралы» заңға өзгеріс ретінде енгізе салған екен. Осындай айқындалмаған заңның кесірінен ақша төлеу немесе төлемеу төңірегінде талай дау-дамай туындап жатқан көрінеді. Сондықтан, төменгі палата депутаттары автотұрақ туралы заңды бүге-шігесіне дейін жіпке тізіп, шегелеп тұрып бекіту керек дейді. Шынында да «Жол қозғалысы туралы заң» жүргізушілерді ғана емес депутаттарды да діңкелетіп, жүйкесіне тие бастағаны байқалады. Жол бойындағы жасыл кеудеше кигендер өздерін жүргізушілерге көмекші әрі нұсқаушымыз деп есептейді. Олар көбінесе жұрт жиі келетін орындарды таңдайды. Тоқтамақ болған темір тұлпарлардың алдынан жүгіріп шығып орын тауып береді, ыңғайлы жайғасуына бағыт сілтейді. Тіпті, бұл қызметі үшін нақты соманы да сұрамай, бергеніңе риза болады. Яғни, бұл қызмет заңнан тыс қалып отыр. Оған қоса, ақылы автотұрақ деген аты болғанымен, темір тұлпардың қауіпсіздігіне ешкім жауап бермейді. Ал, мұндай орындарды белгілеп, кәсіпкерлерге жұмыс істеуге рұқсат ететін әкімдіктегілер де заңды белінен басып отыр деген сөз. Әзірге ақылы тұрақ Астана мен Алматыда ғана бар, енді облыс орталықтарында да пайда болмақшы. – «Жол ережесі туралы» заңда ақылы автотұрақтардың нақты ережесі жазылу керек. Көлік қоятын орынның аумағы, ені, қанша жолақ түседі, жүргізуші төлемді қалай өтейді, көліктің қауіпсіздігіне кім жауапты, Сенат енгізген өзгерісте бұл мәселенің бәрі толық шешілмеген, – деді белсенді мәжілісмендердің бірі Рауан Шаекин. Заңда тек ақша қабылдайтын құрылғының сертификаты болу керек делініпті. Бірақ, оның талон, билет не қолма қол төленетіні белгісіз. Мұның соңы жүйесіздікке алып келеді дейді мәжілісмендер.Мәжілісмендердің «Жол жүру ережесі туралы» заңға Сенат енгізген осы өзгерістерді сынға алатындай жөні бар. Жоғарғы палатаның мысы басты ма, депутаттар «Жол ережесі туралы» заңға Сенат енгізген өзгеріске қарсылық білдіргенімен, құжатты ақыры қабылдады. Бірақ, кейбір халық қалаулылары бұл мәселеге әлі қайтып оралатындарын ескертті. Төменгі палата төрағасы Қабиболла Жақыпов Ішкі істер министрлігіне ұсыныстарды ескеріп, заңды қайта толықтыруға кеңес берді. Төрағаның төрелігін теріске шығаруға болмайды. Өйткені бір қайнауы ішінде жүрген шикі заң жобасын ұсынған тап сол Ішкі істер министрлігі емес пе? Жүргізушілерді жазалауды білгенде, олардың зарын да тыңдай білу қажет. Соған орай ортақ шешім қабылдап, көпшіліктің көңілінен шығатын, ай сайын өзгертпейтіндей өміршең заң жобасын ұсынуға болушы еді ғой. Әлде шенді шенеуніктер үшін де депутаттар жұмыс істеуі керек пе?

Зейнолла АБАЖАН

"Қазақ үні" газеті