"Ай мен Айша" сахналанды

baner-ajsha-men-aj1 (1) Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театры Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесінің желісі бойынша театр директоры, өнертану ғылымының кандидаты Еркін Жуасбек жазған драманы сахналады. Туындының қоюшы режиссері - Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Әл-Тарази. Қойылымның тұсаукесеріне Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан алматылық Ұлы Отан соғысының және тыл еңбегінің ардагерлері арнайы шақырылды. Сұрапыл соғыс жылдары ел үшін кеудесін оққа тосып, ерліктің үлгісін көрсеткен жандарға әкемтеатр ұжымының атынан сый-сияпаттар табысталды. Спектакльді елінің мұңы мен шерін қаламымен шерткен қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртазаның өзі де келіп тамашалады. шер Шерағамызды көргенде, биыл 15 жасқа толған біздің басылымымызға ол кісінің ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы «Кімнің кім екенін білгің келсе, кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін тек «Жас қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар» деп берген бағасы ойымызға оралды. Қан майдан қаһарын төкпей тұрып, ауыл халқы мамыражай өмір сүрді. Мұртазаның ойда-жоқта, жазықсыздан жазықсыз «халық жауы» атануы бір отбасының ғана емес, бүкіл ауыл жұртының берекесін қашырды. Үш баласын бауырына басқан күйі зар еңіреп қалған Айшаның төзімділігі мен қайсарлығы сол замандағы қазақ әйелдерінің тұтас бейнесінің жиынтығындай. Бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өзінің бауыр еті баласынан безінетін аналардың қатары күн санап көбейіп бара жатқанда, жесірмін демей, үш баласын қайтсем жетілдірем деп тіршілік тауқыметімен тайталасқан Айшаның ісі көпке үлгі болса керек-ті. Бұл тұрғыда өжет ананың күрделі образын шебер сомдап шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дария Жүсіптің актерлік шеберлігін де ерекше атап өткен жөн. Қойылымдағы Мұртаза мен Мамайдың отбасындағы жағдай бүкіл қазақ халқының басындағы қайғы мен қасіретті көз алдымызға әкелді. Көзіне жас алмаған көрермен болмаған шығар бұл қойылымда. Соқыр кемпір Қамқа мен жан жары Орақтан айырылып, бесіктегі баласымен қалған Тотияның зары да әрбір жанды толғандырмай қоймайды. Бозбала жігіт Нұрперзенттің аңғалдығы, Айдай қызға деген кіршіксіз сезімі қойылымда шынайы суреттеледі. Тағы сол соғыстың кесірінен, ұрпағын сақтау мақсатында жігіттік шаққа жете қоймаған бозбала Нұрперзентті әмеңгерлік салтымен жесір жеңгесі Тотияға қоспақ болғаны да оқиғаны одан әрі шиеленістіре түседі. Әрбір кейіпкер өз алдына бір әлем десек, елдің есінде ерекше қалған бейне ол – Барысхан болды. Өйткені оның рөлі Шерхан Мұртазаның прототипі ретінде баяндалады. Барысхан – өзін Айшаның қамқоршысы ғана емес, өзіндік ойы мен пікірін ашық білдіретін азамат ретінде таныта білді. Барысхан бейнесін сәтті шығарған актер – Елжан Тұрыс. «Ай мен Айша» драмасы сол бір қиын-қыстау заманда ашаршылықтың азабын тартқан жұрттың шыдамдылығын да көрсете білді. Қойылымнан көрерменнің ойға түйгені көп болды. Сұм соғыстың зардабын көзбен көргендей әсерде қалған жұрт, ең бастысы, егемен елде, бейбіт күнде өмір сүріп жатқандарына шүкірлік айтып, тарқасты.

Гүлмира САДЫҚОВА

"Қазақ үні" газеті