Төтеншеліктер су тасқынына төтеп бере алмады

Су таскыны Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінің көптеген елдімекендерін күннің күрт жылынуына байланысты еріген қар суы басып жатыр. Әрбір ауылдың атын атамай-ақ, ресми деректерге сүйенсек, еліміздің 17 ауданында 50 елдімекені су астында қалғаны белгілі болып отыр. Оған қоса, 5 көпір қирап, сел салдарынан республикалық маңыздағы бірнеше тас жолдарда қозғалыс тоқтатылды. Күн қызып, су тасқыны енді қарқын ала бастағанын ескерсек қауіптің көкесі әлі алда сияқты. БОЖКО ҚҰДАЙ ЕМЕС, БІРАҚ ҚАУІПТІ ҚАЙТАРУҒА МІНДЕТТІ ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко Астанада өткен брифингте мұндай ауқымды су тасқынын бұрын-соңды болған-болмағанын есіне түсіре алмады. Есесіне «табиғатқа қарсы амалым жоқ» деп өзі басқарған саланың шарасыздығын көрсетті. «Әлін білмеген әлек» деген жақсы мәтел бар. Ұлытау ауданында ені 3 шақырым, тереңдігі 1 метрлік су жайыл­ғанда, кешірерсіздер, мен Құдай емеспін, ешкім де мұндай ағынды тоқтата алмайды. Өткен жылы бір рет «мен Құдай емеспін» деп айтып қалып, сіздер жыл бойы «Құдай емес министр» деп қағытып едіңіздер. Бұл тылсым табиғат...» деп журналистерге өкпе-назын да білдіріп қойды вице-министр. Тегіңіз Жаратқан иемізді еске салып тұрғанмен ( Бог, Боже, мой!), сіздің Құдай еместігіңізді былай да біледі жұрт. «Әлін білмеген әлек» деген мәтелді өте орынды пайдаландыңыз. Біздің түсінуімізше, әлін білмеген – төтеншеліктер, әлек болып жатқан су астында қалған тұрғындар. Бес қаруларыңызды сайлап, сонау қыстың ортасынан бастап, қыруар қаржы шығарып сансыз жаттығуларды не үшін жасадыңыздар? Қарамағыңызда мыңдаған адамдар, қолыңызда қуатты техникалардың түр-түрі бола тұрып, түк бітіре алмаған­дарыңыз өкінішті-ақ. ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ? Қашан да халықтың қамын ойлайтын депутаттарымыз да бұл жағдайды назарларынан тыс қалдырмады. Саны жағынан баршылық депутаттардың ойы онға бөлініп, әркім өз шешімін ортаға салды. Су астында қалғандарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге бір адамдай жұмылып көмек көрсетейік деді көпшілігі. Кейбірі тасыған суға ешкім кінәлі емес және ол үшін айыпты адамды іздеудің өзі қисынсыз дегенді айтты. Біздіңше ең бағалы пікірді депутат Нұртай Сабильянов білдірген сияқты. нур   «Алдын алу шараларына мемлекеттен жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Алайда жылда елдімекендер топан судың астында қалып жатады. Алдын алу шаралары бізде өз деңгейінде жасалмайды. Ауылдың іші қардан тұрақты түрде тазаланып тұруы керек. Бұл жағдайларға арналған үкіметтік резервтен бөлінген қаржы неге жұмыс істемейді?» – деді халық қалаулысы. БИЛІК ШЫҒЫНДАРДЫ САНАУДЫ ҒАНА БІЛЕ МЕ? Су тасқынынан ең көп зардап шеккен Қарағанды облысы. Ал жағдайы біршама жақсы деген Павлодар облысында шығын шамамен бір миллиардқа жеткен. Билік, оның ішінде, жергілікті әкімдіктер тек қана шыққан шығынды есептеумен отыр. Рас, Ерейментау ауданының әкімі барлауға шығып, өзінің «Джип» көлігімен су астында қалғаны бар. Тұрғындарды емес, ауылдастары төрге шығарар төрелерін әзер құтқарып қалды. Сөйтіп аудан әкімі бір күнде «батыр» болып шыға келді. Оған да шүкіршілік. Су қоймасынан төнген қауіпті көре сала туған-туысқандарын көлікке тиеп алып, Қызылағаштың әкімі сияқты қашып кетсе не істер едік?.. ҚАУІПТІ ҚАЙТАРҒАННАН ГӨРІ АЛДЫН АЛҒАН ТИІМДІ Су тасқынынан келген қауіп-қатер қарапа­йым халықты да бей-жай қалдырмады. Қалың оқыр­мандарымыз редакция­ға қоңырау шалып, алаң­даумен жүр. Енді сол оқыр­мандарымыздың ортақ ойын білдірейік. «Депу­тат Нұртай Сабильянов айтқандай, қауіпті қайтарғаннан гөрі, алдын алған тиімді екені бағзы заманнан белгілі. Қазір жер жағдайын есепке алмай баспана салу етек алды. Көктемгі су тасқыны бұрын да жиі орын алған. Бірақ аталарымыз бізге қарағанда анағұрлым ақылдырақ болған, су ағатын арықтарды асқан шеберлікпен пайдалана білген. Жердің қыртысын (рельефін) қатаң ескеріп, арналар (каналдар) жасаған. Ол үшін малды жайылуға жіберіп, сол оттаған жердің бойымен арық қазған. Өйткені шөп ойлы жерге шүйгін шығатыны әлімсақтан аян. Бізде не көп, сай-сала көп. Суды сол сайларға қарай бұратын арналарды неге алдын ала жасамаймыз? Сол кезде кейін пайдаланатын су қоймалары өзінен-өзі пайда болмай ма? Жылда шығынды өтеуге қыруар қаржыны босқа шашқанша, бір рет арна жасап қойсақ қауіп-қатер де азаяр еді» дейді көпшілік. Бұл пікірді де жөнсіз дей алмаймыз. Биліктің құлағына «алтын сырға» болсын деп еске салып жатқанымыз ғой. Иә, төтенше сияқты күштік құрылымдар мен біздегі жергілікті биліктің жағдайы бәрімізге белгілі. Жеріміз бүтін, халқымыз аман болсын делік те... Зейнолла АБАЖАН  "Қазақ үні" газеті