Талғат тағы да тасыр мінез көрсетті...

т «Депутаттардың сұрақтарынан әрең сытылып шыққан Талғат Мұсабаев тілшілерге сұхбат бермейтінін айқайлап айтып, көлігіне мініп кетіп қалды» деп хабарлады КТК сияқты бірқатар телеарналарымыз. Депутаттар ғарыш саласына бөлінген 1,5 миллиард доллардың пайда әкелмегенін айтып Мұсабаевты сынға алды. Алайда мұндай құпия мәліметті қалай біліп қойғанына аң-таң болған Аэроғарыш комитетінің төрағасы әдеттегідей бет бақтыртқан жоқ. Есесіне, Қазақстан ғарыш державасына айналып келеді, тіпті Ресей бізден спутниктік суреттер сатып алмақ деп мақтанғанына куә болдық. Бірақ, мемлекеттік маңызы бар құпия болса керек, ғарыштан түсірілген фотолардың бағасын ақыры айтпай кетті. Талғат Мұсабаевтың баяндамасы Қазақстан мен Франция арасындағы ғарыш жүйесін құру және пайдалануға қатысты болған еді. Қазіргі кезде отандық технология деп айтып жүрген жер серіктері мен зондтау құрылғыларының бәрі дерлік осы елмен бірлесіп құрастырылғаны мәлім. Төрағаның өзі айтқандай миллиардтаған қаржының желге ұшқанын депутаттар да ұмыта алмаса керек. Сұрақты бірінен соң бірін қарша боратқанмен, мардымды жауап алмай діңкелері құрыды. Бәріне «өте керемет сауал болды» деп сылап-сипаған комитет төрағасы қулығын асырды. Депутаттар дәмеленген жауапты естімек болған журналистер де жер сипап қалды. Өзіне онша ыңғайлы болмаған отырыс біте сала сыртқа тұра ұмтылған Талғат Мұсабаевтың журналистермен де жүздесетін көңіл-күйі жоқ-ты. «Ассалаумағалейкум! Бүгін бізде сұхбат болмайды!» – деген батырымыз тілшілердің «Уағалейкумсаламын!» күтпей-ақ тайып тұрды. Бір емес екі елдің қаһарманы атанған атпал азаматымыз бұдан бұрын да ерсі қылықтар көрсеткенін білеміз. Байқоңырда құлаған «Протон-М» зымыран тасығышына қатысты үкімет отырысынан сыналып шыққан Талғат Мұсабаев, бар қаһарын сұрақ қойған журналистке төккен болатын. Шетелде оқитын жастарымыздың сырахананы жағалайтыны туралы пікірін де тілшілер дұрыс түсінбей, теріс бұрмалады деген күндері де болған. Журналистер жуас халық қой, бәріне де төзеді. Мойнымызға моншақ тағып тілеп алған ерімізді еркелете білмесек, ел боламыз ба? Келесі жолы қандай қылық көрсетер екен деп күтуіміз де заңды сияқты бұл орайда. Зейнолла АБАЖАН  "Қазақ үні" газеті