Құрылысты түсімізде көретін болдық...

thljyufhjd_berdongarov_berdongarov Құрылыстағы қырсыздық біздің депутаттарды да діңкелете бастаған сыңайлы. Астанадаға «Шығыс» тұрғын үй кешенін салушылар нысанды 2013 жылы пайдалануға беретін уақытты осы күнге дейін сағызша созып, кезекте тұрғандардың төзімін тауысып болды. Осыған орай депутат Тәңірберген Бердіоңғаров өзіндік бір берік шешім қабылдады. «АSI инвестициялық құры­лыс компаниясының» директоры Сергей Котляров үлес­керлер мен Мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердіоңғаровпен кездесу барысында құрылысты аяқтайтынына сендіріп бақты. Бірақ, Бердіоңғаровты бұлай алдау мүмкін емес. Бірнеше жылдан бергі құрғақ уәдеден жалыққан депутат бұл нысанды енді өзі тікелей бақылауға алып, құрылыстың жұмыс жоспары мен кестесін төсегінің басына іліп қоятынын айтты. «Құрылысшылар нысанды уақытында пайдалануға өткізбесе, қаржылық санкциялар тағайындалады» – деп мәлімдеді Бердіоңғаров. Сөйтіп, жатса да, тұрса да осы бір аяқталу мерзімі үш рет кейінге шегерілген «сақалды құрылыстың» қимылын ширатпақшы. Енді бұл құрылыс депутаттың күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайтын шығар. Шынында да, салған үйлері құлап жатқан, нысандарды пайдалануға уақытында бермей жұртты қан қақсатқан құрылыс саласынадағы сабаздарға айтып сөз, ұрып таяқ өтпей-ақ қойды ғой. Әрбір құрылыс нысанына халық қалаулыларынан бір-бір күзетші қойсақ, осыншама депутатты қайдан табамыз? Ал осы салаға тікелей жауап беретін министрлік пен әкімдіктегі шенеуніктерге не үшін жоғары жалақы төлеп, төрімізге шығарып отырмыз? Құрылысты қадағаламай, сапасыз салынған нысанды қабылдай салатындарға теміртордың ар жағынан бір-ақ шығатындай қатаң жаза қолданып, өз міндетіне салғырт қарайтын шенеуніктерді түгелдей жұмыстан қуатын уақыт жетті емес пе? Сондықтан депутат осы жағын да ескеріп, әріптестерімен бірігіп шұғыл түрде жаңа заң қабылдауы керек. Әйтпесе, бара-бара депутаттарымызға құрылыс алаңында түнеп, үш ауысымда жұмыс істеп, кірпішті өз қолдарымен қалауына тура келетін түрі бар. Айтпақшы, қазір көптеген құрылыс алаңдарынан нысанның әп-әдемі жобасы ілінген тақталарды көресіз. Онда құрылыстың басталуы мен аяқталу уақыты да тайға таңба басқандай көрсетілген. Оның қасындағы «Нұр Отан» партиясының бақылау бекеті» дегенді де адаспай табасыз. Онда партияның атынан бұл құрылысқа жауапты әр деңгейдегі депутаттар мен бақылау тобының мекен-жайы, телефондары жазылған. Бір қарасақ билік партиясы бақылау жасап жатқандай көрінуі мүмкін. Олай болса, құрылыс неге сапасыз салынып, өз уақытында бітпей жатыр? Жаңағы жазулар жарнама үшін ілінген бе? Саны жағынан ең көп, беделі жағынан да ешкімге жол бермейтін «Нұр Отанның» сарбаздары сонда не бітіріп жүр? Телеарналарды шақырып, әдемі сөз сөйлеп, жиналыс өткізу әркімнің қолынан келеді. Ал нақты жұмыспен сонда кім айналысады? Егер өздеріне қиын тиіп жатса басқа партиялар мен қоғамдық ұйымдарды көмекке шақырып, тізе қосып жұмыс істесе, беделі түсіп қала ма? Басқа партия болғанмен олар да өз еліміздің адамдары емес пе? Олар да біздің еліміздің гүлденіп, дамығанын қалайды. Кәсіпкерлер ғана емес, партиялар арасындағы жақсы мәніндегі бәсекелестік деп осыны айтпаймыз ба? Бізге бақталастық емес бәсекелестік керек, кім жұмысты адал, жақсы атқарса сол сенім мен құрметке ие болуы заңды. Жарапазан айтқаннан жұмыс өздігінен бітпейді. Ашығын айтсақ, бізде әзірге істен гөрі сөз көп, жалған бедел жинау жағы әлдеқайда басым түсіп жатыр. Құрылыс қана емес, басқа салалардың да ақсап жатқаны содан деп түсінуіміз керек.   Зейнолла АБАЖАН "Қазақ үні" газеті