Дархан Қыдырәлі: Қазақ елі түркі әлемінің ұйытқысы болып отыр...

darhan – Дархан мырза, «түркі әлемі» деген кең ұғым. Бізді қазақ елінің түркі халықтары дүниесіндегі орны қызықтырады. Өзіңізбен осы төңіректе аз-кем тілдессек деп едік... – Түркіге ортақ ақын Мағжан Жұмабаев бір жырында «Түркі енші алып тарқасқанда, Қарашаңырақ қазаққа қалған жоқ па?» деп жырламай ма. Сондықтан да қазақ жері, ең алдымен, бүкіл түркі жұртының да, көк түркінің де атажұрты, қасиетті қарашаңырағы десек қателеспейміз. Соның дәлеліндей, анау – Анадолыда, Еуропада, Кавказда, Еуразия құрлығының түкпір-түкпіріне таралған түркілер өздерінің атақонысы ретінде, ең алдымен, қазақ жерін киелі атажұртымыз деп қастерлейді. Жалпы, қазақ елі тәуелсіздік алғаннан соң экономикалық тұрғыдан біршама даму жолына түскені мәлім. Соның арқасында Қазақстан түркі әлемін құрайтын жетекші мемлекеттердің біріне айналғанын көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Жасыратыны жоқ, ең алғаш егемендік алған жылдары бізге деген көзқарас басқашалау еді. Өйткені, шекарасы толықтай бекітілмеген, демографиясы әлсіз, экономикасы тоқыраған ел ретінде көптеген қиындықтарға жолықты. Дегенмен де еліміз бұл проблемаларды ұтымды шеше алды. Ал қазір біз түркі әлеміндегі экономикасы дамыған жетекші елдердің қатарына кіріп отырмыз. Сонымен қатар, қазақ елі түркі әлеміндегі барлық интеграцияның ұйытқысы болып отыр. Өздеріңізге де аян, Елбасымыздың бастамасымен дүниеге келген Халықаралық түркі академиясы, «Түрксой», «Түркі кеңесі» секілді халықаралық ұйымдар пайда болып, олардың қызметін дүниежүзі біліп отыр. Ал Түркияның он бірінші Президенті Абдулла Гүл мырза Қазақстан Президентін түркі әлемінің лидері деп қабылдаған болатын. – Осы орайда өзіңізден түркі мемлекеттері арасында Наурыз мейрамын ең алғаш қай ел тойлаған деп сұрағым келіп отыр. – Наурыз «Түрксой» ұйымының ұйытқы болуымен Қазақстан, Әзірбайжан және Түркияның бастамасымен ортақ мереке ретінде тойлана бастағанын білеміз. Онда біздің елдің ұстанымы айқын еді. Қазіргі таңда Наурыз мейрамы барлық түркі халықтары тойлайтын негізгі мерекеге айналды. – Елімізде қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі жатқанын білесіз. Бұл ретте түркі әлемінің қазақ тарихымен байланысы қандай деген сауал туындайды. – Негізінде, біздің тарихымыз – бөлінбейтін тұтас тарих. Шын мәнінде, біздің төрт мыңжылдық тарихымыз да тұтас. Мысалы үшін Бейбарыссыз, Еділсіз қазақ тарихы қандай кем болатын болса, ғұндардың, сақтардың, қыпшақтардың, үйсіндердің тарихынсыз түркі тарихы да сондай кем-кетік болады. Ал енді әулеттердің, тайпалардың, мемлекеттердің тарихы бар. Солардың ішіндегі ең бұтақтысы ол – қазақ тарихы. Біз Түркияда қазақ хандығына байланысты үлкен жиын өткіздік. Сонда мына мәселеге баса назар аударылды. Қазір Түркия ғалымдары қазақ хандығының тарихын білмейді. Себебі, іргеміз ажырап қалғандықтан, олар негізінен, Османлы, Селжүктер тарихына мән береді. Ал қазақ тарихшылары қазақ жерінен кеткен, сырдың бойынан ауа көшкен, Жетісуды мекендеген, сонау Алтайды мекен етіп Орхоннан жылжып келген Оғыздардың тарихын, Селжүктер мен Османлылардың тарихын біле бермейді. Мысалы үшін, Османлылар барған жерін Ұлытау деп атады, Селжүктер Сырдың бойынан көшті. Ал бүгінгі таңда біздің тарих оларсыз жазылып жатыр. Жалпы, тұтас қарайтын болсақ, қазақ тарихы даладағы, Еуразия кеңістігіндегі соңғы көшпелі империялардың жұрнағы деп айтуға болады. Себебі, Алтын Ордадан кейінгі Дешті Қыпшақтағы Жошы ұлысы ретінде тарих сахнасына шыққан қазақ хандары, әсіресе, Қасым хан Алтын Орданың мұрагері екендігін алға тартып отырмыз. Менің ойымша, Елбасымыз атап көрсеткендей, Қазақ хандығының 550-жылдығын атап өту арқылы біздің ақтаңдақтарымызды, әсіресе, қазақ хандығына байланысты айқындалмай келген көптеген жайттарды түгендеуге мүмкіндігіміз туды. Мысалы үшін, әлі күнге дейін қазақ тарихының құрылу пәлсапасы жайында дау көп секілді. Айталық, кейбір тарихшылар Керей мен Жәнібек Әбілқайырға өкпелеп кетті дейді. Егер әр өкпелеген адам бір-бір мемлекет құрып ала беретін болса, одан кейін де хандықтар шыға бермей ме? Қасым ханның тұсында бір миллиондай әскер жинай алатындай іргелі мемлекетке айналуымызға қарағанда, мұнда үлкен идея жатыр. Сол идеяны Асан Қайғы, Жиренше шешен, әз-Жәнібектер армандап Шудың бойына барды. Себебі, ол жер батыс түрік қағанатының іргетасы қаланған жер еді. Жалпы, Ұлы Жібек жолындағы қалаларды бақылауына алу үшін Қазақ хандығы құрылды деп айта аламыз. – Халықаралық түркі академиясы қазіргі таңда немен айналысуда? – Таяуда ғана ҚР Мемле­кеттік хатшысы біздің ака­демияға келгенде, Қазақ хан­дығының 550 жылдығын шетелдерде атап өтілуін бізге табыстаған болатын. Расында, қазір Қазақ хандығына байланысты Қытай, Моңғолия елдерінен мол құжаттар таптық. Мысалы, жоңғар-қалмақ со­ғысы неден басталды? Қазір айтылып жүргендей, ол жерге таластан туындамаған. Ол – мәдениеттердің, діндердің таласынан туған соғыс еді. Шыңғысхан келгенде көшпелі түркі тайпалары, қыпшақтар қарсылық көрсеткен жоқ. Бірақ оның ұрпақтары ойраттар, қалмақтар келгенде неге қарсылық танытты, өйткені, олар буддизмнің туын көтеріп келді. Немесе, соңғы шайқасты «Аңырақай» деп жүрміз, ал біздің деректеріміз бойынша соңғы шайқас «Сары белде» өткен. Міне, осындай жинақтарды біз қайта қарастырып шығаруды көздеп отырмыз. Ал енді Халықаралық түркі академиясы Елбасымыздың тапсырмасымен 2010 жылы құрылды. Қазіргі кезде түркі академиясын түркі әлемінің ғылым академиясы деп айтуға болады. Немесе түркі әлеміндегі ғылым мен білім жөніндегі халықаралық ұйым деп те атауға негіз бар. Себебі, түркі әлемі деген, өзіңіз айтқандай, өте кең ұғым. Және де ғылымда шекара болмайды. Егер түркі кеңесіне төрт мемлекет мүше болса, онда түркі академиясының міндеті – түркі әлемін тұтас зерттеу. Және де түркі әлемін жаһанға таныстыру, адамзат тарихына түркі халықтарының қосқан үлесін айқындау сияқты міндеттер тұр. – Сонда сіздердің жазған еңбектеріңіз қай тілде жазылып жатыр? – Әрине біз қазақ, қырғыз, әзірбайжан, түрік және ағылшын тілдерінде жазамыз. Себебі, ағылшын тілі халықаралық тіл ғой. Сонымен қатар, біздің «Глобал түрік» деген журналымыз бар. Бұл басылым әлеуметтік-экономикалық тақырыпты арқау етеді. Және де түркология саласына байланысты журналымыз шығады. Бұл жарияланымдар бес тілде бірдей шыға береді. Өздеріңізге белгілі, кезінде Ресей түркологияның аса ірі орталығы болғандықтан және де Ресейде көптеген түркітектес халықтар тұратындықтан, еңбектеріміз орыс тілінде де жарық көреді. Сонымен қатар, екі жүздей ғалымның қатысуымен қырықтан астам жоба іске асты. Оған он бес мемлекеттің ғалымдары тартылды. Қазірге дейін академия қырықтан аса кітап шығарды. Бұл кітаптардың басым көпшілігі, ең алдымен, қазақ тілінде жарық көрді. Біз бұдан былай түркі әлеміне кеңінен тарайтын еңбектерді шығаруды да жоспарлап отырмыз. Баршамызға белгілі, түркология саласы кезінде түркі халықтарын жаулауға, отарлауға арналған ілім ретінде пайдаланылды. Ал қазір түркология саласы түркі халықтарының өзін-өзі тануға және өзін дүниеге танытуының бір ғылымы ретінде өркендетуді мақсат етеді. Бұл, ең алдымен, елдердің тарихы, сонау археологиялық қазба жұмыстары арқылы шығаратын мәдени құндылықтары, әдебиеті мен тілі. – Осыншама жобаны іске асыру үшін мол қаражат қажет. Ол жағы қалай шешілді? Қаржы жеткілікті ме? – Қаражат төрт мемлекеттен келуі тиіс. Осы жолда жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл академияны мемлекет басшылары бекіткен соң, қаржы жағы да шешілер. Академияда Әзірбайжанның, Қырғызстанның, Түркияның ғалымдары келіп жұмыс істеуі керек, алайда қазіргі таңда қаржы күтіп отырмыз. Дегенмен, Өзбекстаннан, Ресейден тағы да басқа елдерден қатысатын ғалымдар бар. Олар да нәтижелі жұмыс істеп жатыр. – Дархан мырза, қазақ тарихын байытуда түрлі фильмдер, сериалдардың да рөлі орасан екені түсінікті. Осы бағытта атқарылып жатқан қандай шараларға тоқталар едіңіз? – Әрине, қазір ақпараттық заман. «Мылтықсыз майдан» деп жатамыз ғой. Елбасымыз өткен жылғы саммитте арадағы бір жылды «Ақпарат кезеңі» болсын деп тапсырды. Соған орай, түркі әлеміне ортақ телеарна құрылсын деген бастама көтерді. Бұл бойынша қазір түркі кеңесі жұмыс істеп жатыр. Ал, оның ішін толтыру түркі академиясына да, Түрксойға да жүктеліп отыр. – Қазақ елі түркі әлеміне нендей өнеге көрсете алады деп ойлайсыз? – Мұның өте орынды сұрақ. Бұл тұрғыда «Экспо-2017» үлкен белес болады ғой деп ойлаймын. Соның ішінде біздің этнографиямызды, тарихымызды, мәдениетімізді насихаттап көрсетуіміз керек. Жалпы, қазақтың жерінде көрсететін дүниелер өте көп. Мысалы, біздің ғалымдарымыз Тараз жерін қазып, зерттеп жатыр. Ол екі мыңжылдық тарихы бар шаһар екен. Оның жанында Баласағұн болуы мүмкін деген сөз де айтылады. Ал Алтай - Мағжан айтқандай бүкіл түркі жұртының алтын бесігі. Біздің осындай жерлерімізге бүкіл түркі әлемінің қызығушылығы артады ғой деп ойлаймын. – Сіз Түркияға жиі барып тұрасыз. Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжандағылар өз тілдерінен бөлек қай тілдерді меңгеруге күш салады екен? – Менің ойымша, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан тұрғындары көбінесе бір ғана тіл біледі. Ол жақтағы жастар біздегідей орыс тіліне құлшына қоймайды. Тіпті, білмейді десек қателеспейміз. Мәселен, Түркиядағылар қазақ жастарына қайран қалады. Өйткені, біздің жастар орыс, ағылшын, түрік тағы да басқа тілдерде еркін сөйлейді ғой... – Көп тіл білу арқылы біз түркі әлеміндегі ең мықты елге айнала аламыз деуге бола ма? – Жалпы, халықтың санына емес, сапасына да байланысты ғой. Түркияның өзі Қазақстанды түркі байланыстарының ұйытқысы деп бағалап отыр... – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Сейілбек АСАН