Әулет

райымкулов                                                        Рахметолла Райымқұлов зайыбы Мәкизамен   Аян-Сейітхан Нысаналин Адам бақыты деген не? Ұлы арманға аттанып, өмірдің үлкен жолында жар құшып, бала сүйіп, күйбеңгершілікті күйттеп, Жаратқан сыйлаған жарық дүниені жалпағынан басып, тіршілік кешу ме? Жоқ, ол мүлде басқа. Әрқашанда үлгі-өнеге болатын адамдар әр кезде де аз емес. Көз алдында асыл мұрат үшін маңдайын тауға да, тасқа да соғатын жанкешті жандар: қолы қалт еткенде кішкентай Ақтотыны бір елі қасынан тастамайтын майдангер жазушы Рахметолла Райымқұловтың жанқиярлығы, қоғам бетінен қанша қақса да шарболаттай шыңдала түскен Зейін Шашкиннің қайтпас қажыр-қайраты мен қаһармандығы, Ұзақбай Қарамановтың қарапайым қызметкерден премьер-министрге дейін өскен қайраткерлігі және өзгелердің ерлікпен барабар еңбегі тұрады; олар шаңырақ көтеріп, отау тігіп, ұрпақ дәмін шашып, терең тамыр тартып, қалың жапырақ жайған алып бәйтерекке ұқсайтын әйгілі әулетке айналды. 1. Райымқұловтар Ары-бері өткендер ғашық көзбен қарайды. Қандай ғажап жер! Тәңіртаулардың аяғы Өгемнен Алайға, шығыстан батысқа қарай созылып жатқан жоталарға жататын жерұйықтай бұрынғы Бостандық ауданындағы (Жалға берілген!) Қараманас ауылы соның бір иінінде. Жусанның шырша шайырымен аралас исі іштаһаңды ашып, жан сарайыңды кеңітіп, тау мен дала самалы аймалайды. Бұл – жазушы Рахметолла Райымқұловтың туған топырағы. Ол соның шаңдағына аунап, шыбығын ат қылып мініп, айтақырда асық атып, ләңгі теуіп өсті. Жастық жылдары ашаршылыққа тап келіп, тағдырдың ауыр тауқыметін қанша тартып, жоқшылық иектесе де өмірге қызу құштарлығын арттырмаса, таудай талап пен меселін қайтара алған жоқ. Отызға жетпей қан майданға аттанып, от пен оқ арасында жалынға шарпылып өмір мен өлімнің ымырасыз шайқасынан аға лейтенант елге аман-есен оралып, қаруды қаламға айырбастады. Соңынан әріптестерінің бірі оған сүйсініп, пікір де білдірді: «Рахметолла Раймқұлов өз дәуірінің, өз заманының перзенті, оңтүстіктің тамаша табиғатының жемісі. Ол өз кезінің талғам-талабына үн қосып, идеясы берік туындылар берген, қазақ әдебиетіне бай тұлға – Дархан, Меңсұлу сияқты көптеген өз ерекшелігімен бейнеленген қаһармандар қалдырған жазушы». Оның өларадағы атамекен атырабын айшықтағаны қандай! Кестелі көрініс көкейден кетпейді: «Мезгіл марттың іші болғанымен биыл бұл өңір әлі суық. Тегіс жерлерде қырбақ қар жатыр. Кейде алай-дүлей жел бораны соғып өтеді. Жылда бұл мезгілде ағаштар бүртік атып, күңгей беттерде бәйшешектер жайнап тұратын. Жұрт егін салып, дала төсі тілгіленіп жататын да, бақшаларда көктем исі аңқитын. Айдалып басталған қара топырақты құнарлы жер буы бұрқырап, қақ шекеден қараған жаймашуақ күн нұрына балқып, төгіліп төрге түсетіндей еді. Оқтын-оқтын құйып өтетін нөсер жаңбыр былбыраған жер құйқасын сәл ширата түсетін де, күн сайын дүркірей көтерілетін әрқилы өсімдік атаулының тебіндеген балғын балауса жапырағы желпілдей өсіп, дала өңірі құлпыра, гүлдене беретін»... Ол кезде Рахметолла «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы болатын. «Қара жорға» романы бірнеше хикаясы мен көптеген әңгімелері жарияланып әлдеқашан оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген еді. ...Ақпан ақырып, қар қалың түссе де тез кіржолақтанып табанжол жиегінде үйіліп жанға дақ қалдыратындай біртүрлі. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған қалаға үйрене алмай жүргенмін. Жатақхана есігі қағылды. Ақсары қызылшырайлы кісі дала исін аңқытып кіріп келді. – Өзіңді іздеп келдім. Мен Рахметолла деген ағаң боламын. Жүр, біздікіне барып, ауқаттанғанымыз дұрыс шығар... Кейіннен білдім. Бұлар – атақты Әбу Сәрсенбаев, Жәрдем Тілеков пен Рахметолла Райымқұлов екен. Майдангерлер өмірінен шығарма жазбақ болып, Мәскеу түбіндегі Подольск қаласындағы әскери мұрағатпен танысуға бір айлық оқуға келіпті. – Менің інім, – деді Рахаң еркін билеп-төстеп. – Шымкенттің шалғайынан шығып осында оқып жатыр. – Елдің тұз-дәмін, татсын дедік,– деп Әбең әңгіме тізгінін іліп әкетті,– әлгі Тәкен (Әлімқұловты айтады. А.Н.) қолға түспей тұр. Тағы да бір реті болар. Дастархан жайнап тұр. Қазы-қарта. Білем-білем құйрық. Бір шетінде Атыраудың ақмарқасы қойылыпты. Құрт. Ірімшік. Бауырсақ. Қымсына отырып қол создым. Сыпайы дәм-ауыз тиіп кеткенім ұмытыла ма? Шынында да ауылды сағынып жүр едім. Ағалар келіп, арқа-жарқа болып қалдым. Мәскеуге бүкіл дала көшіп келгендей. Бірде Рахаң келіп, сыр бөлісті: – Алматыда қарындасың бар. Ақтоты әлі кішкентай. Қайтіп жүр екен?.. Кейіннен күзге салым Рахаңмен Алматыда ұшырастым. «Аққу» кафесіне барып, аққайнар атылды. – Ақтоты мектепте барды. Соны қарсы аламын... Әншейінде сабырлы қалпын бұза бермейтін Рахаң асықты. Үлкен-кіші деп алаламайтын асыл ағалардың аңқылдаған ақ көңілі мен ыстық алақаны-ай!.. Сағыныш сағымға айналғандай. – Ығыты келгенде Мәкиза жеңешеңмен таныстырамын, – дейтін ол анда-санда кездескенде. Рахметолла Райымқұлов – қыр баласы. Найзағайдай күркіреп 1418 күнге созылып өткен қантөгіс сұрапыл соғыста қарапайым жауынгерлер болып кіріп, сардар-офицер ретінде жеңіспен аяқтады. Ақырғы деміне дейін туған халқының мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосып адал еңбек етті. Ұдайы алға ұмтылыпты. Бұл үдеріс оны шабыт шыңына шығарды!.. 2. Шашкиндер Шашкин-1 Адамзат тарихының о жақ, бұ жағын ақтарғанда жиырмасыншы ғасырда дәл қазақтардай қасірет шеккен халық жоқ шығар. Жүзжылдың басында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қаншама «Әлхамдулилла санымыз алты миллионға жетті» деп жүрекжарды сүйіншілегенмен ұлт-азаттық көтерілісі, жалған төңкеріс жалыны, аштық пен қуғын-сүргін науқанында ажал орағы елім деп еңіренген талай боздақтарды қыршынынан қиып, жалмауыздай жалмады. Солардың ішінде нақақ жаламен жазаланып Е.Бекмаханов, Х.Есенжанов, М.Қаратаев, Қ.Жұмалиев, З.Шашкин, Б.Ысқақов, Қ.Мұхамеджанов және басқалар кете барды. Түп төркіні тиянақсыз бұлдыр, жүзі жылы ұшырағанмен сықпыты суық қитұрқы қоғам оқтын-оқтын халық ойының қаймақтарын қалқып алып, тағдыр тәлкегіне ұшыратып, бүрі жоқ тайғанақ табанына таптады. Қамал бұзар шағынан енді асқанда қапастан қайтып келіп, Зейін Шашкин әдебиетке ашкөздікпен араласты. Зая кеткен жылдар көп күтпей жемісін берді. Аз уақыт бедерінде «Темірқазық», «Доктор Дарханов», Тоқаш Бокин», «Теміртау» романдары туды. Дімкәс жазушы соған қарамай тағы бірнеше хикаяттар мен әңгімелер жазды. 1947 жылы жазға салым Мәскеуден Алматыға келіп, жолай «Қазақфильмге» соқтым (ол кезде Комсомол мен 8 март көшелерінің қиылысы). Киностудия директорының кабинетінде қызылкеңірдек қып-қызыл айтыстың үстінен түстім. Барлығы «Тревожное утроның» қазақшасына келісе алмай жатыр екен. Состиып абыржып қалған маған Камал Сейітжанұлы: – Төрелігін мәскеулік студент айтсын. Сеніңше «Тровожное утро» қалай болғаны дұрыс? – деп сауал тастады. – «Мазасыз таң» немесе «Қилы кезең» шығар... Ақыры көрермен жүрегіне «Қилы кезең» деп жол тартқан сол фильмнің сұлба-нұсқасын (сценарий) жасаған да Зекең екен. Егер ол Мұхтар Әуезовпен: «Менің осы күнге дейін жарық көрген еңбектерімнің кем-кетігін тағы да бір қарап, толықтырып, екі томдық шығармамды баспаға ұсынбақ ойым бар. Қазір өз замандасыма арналған үлкен роман жазып жүрмін. Бұл романның кейіпкері – партияның берік солдаты, халықтың адал да таза ұлы, қандай қиындық көрсе де төзе біледі. Таяудағы мақсатым осы романды аяқтап оқушы жұртшылыққа ұсыну» деп хат жазып, сыр бөліссе, ұстазы туралы тебіреністі ой-толғауын да жасырмайды: «Еліміздің әдебиет туын қолына ұстап, алдыңғы сапта келе жатқан кемеңгер, ұстазымыз ақылшы ағамыз кемеліне келіп, толған шағы еді. Әдебиеттің қия жартас биігіне өрлегенде сол бұлақтан нәр татып, қуат аламыз? Мұхаң кімге қолын созбап еді? Бірде сынап қатты айтса, енді бірде маңдайдан сипап, қолтықтан демеген жоқ па еді? Кейде біз сол ақыл айтқан сын сөзіне өкпелеп, торсаңдап та жүрдік. Енді, міне, сол сөзіне зар болғандаймыз. Я, Мұхаң барда біз жас та едік. Кемеңгер ағамызға жүктің ауырын артып, көшті бастатып қойып өзіміз жайбарақат жүр едік. Енді, міне, бір күнде сақайып, өзіміздің кім екеніміз еске түсті. Мұхаң ұстаған көркем әдебиеттің шеберлік туын қолдан кетірмей, мықты ұстау – бізге парыз, ұлы ұстаздың жақсы сөздерін жадымызда сақтап, соның еңбек сүйгіш мінезіне еліктеп, үйрену – біздің алдағы міндет». Қилы-қилы өмір құбылыстарын кейіпкерлерінің мінез-құлқы, іс-әрекеті мен қимыл-қозғалыстары арқылы бейнелеген жазушы халқына қалтқысыз қызмет жасап шығармадан шығармаға шырай бітіріп, шеберлік шыңына шырқады. Әсіресе, Зейін Шашкин тарихи-төңкерістік тақырыптарға барғанда алдына жан салмай, кезеңдер шындығын барынша ашып көрсетті. Қаламнан қолы босап, қалт еткенде ел-жұрт, туғандары мен туыстарын да ұмытпайды. Бір орайда қарындасы Мәкиза мен күйеу баласы Рахметоллаға хат жолдап, өз жайын да айта кетеді: «Қолдарыңды қысып, ыстық сәлем жолдаймын. Өз қалдарың қалай? Әйтеуір, бой күтіп, өмір ұзартқанның артықтығы жоқ қой. Осы соңғы екі айда жап-жақсы тынығып қалдым. Әбден шаршасам керек-ті. Осы жолы Дәкеңе соқсам ба деген ойым бар, кім біледі... Сәті түссе, көптен көрмеген ағам еді. Сағынып жүрмін. Жолшыбай Бурабайға да соғып, жаз барып дем алатын жер ескерсем бе деймін. Романдардың аудармасы бітпей, қинап тұр. Біреуі – бітті, енді, біреуі – қалды. Соны қарайлап, өзім де еңбектеніп, алысқа сендерді сағынып, ұшарға қанат жоқ, жатырмын... Қалмұқанға сәлем де. Басқа жаңалық жоқ. Хош сау болыңдар». Жазушы ұсақ-түйекпен шектелмей, өткенге үңіліп, келешекке көз жібереді. Көкейге түйгенін күнделікке түсіреді. Бір тұста: «Лагерьде жүргенде мен көп жаза алғаным жоқ. Небары екі роман, бір тетрадь екен. Романдар да – орыс тілінде. Бірақ соларды түзеп қайта өңдеуге мойным жар бермейді. Архивте жата берсін, бір керегі болар...» десе, басқа бір кезекте өз әріптесінің шығармашылығына тоқтап өтеді. «Иван Денисовтың өмірінің бір күні» атты повесті (Сірә Е.И.Солженицынның хикаятын айтып отырған болар. А.Н.) оқып шықтым. Повестің лагерь өмірін көрсетуі демесе, маған көркемдік суреттеудегі алған бағыты ұнаған жоқ. Сырттай фотограф келіп басып алған. Басқадай баға бере алмадым». 1958 жылы 10 сәуірде күнделіктің бір бетіне: «Фадеевтің неге өзін-өзі өлтіргенін бүгін түсіндім. Жүректі құрт жеп қойғанда, көкірек саңғырап бос қалған. Қалай дейсіз ғой? Ағаш жүрегінің дәні – идеал екен. Егерде ол идеал қираса, жоғалса, өмірдің сәні жоқ. Ағаш өмірден жиіркенеді, төлінен жиіркенген малдай, безіп кетеді. Аржағында сонда бір-ақ жол қалады. Ол – өлім. Идеал деген туған жеріне, еліне, анаңа, жарыңа, дос-жараныңа деген ыстық махаббат. Егер сол махаббатқа кір түссе – жақсы адам ит тәрізді өлімін көрсетпейді. Менің де еліме, Отаныма деген махаббатым айдын көлдей мөп-мөлдір таза еді, сонда аздап кір түсті. Ал, сол кір ұлғая берсе ше? Онда... Фадеевтің ізін қууға тура келер» деп түйін түйеді. З.Шашкин ауыр ойлар қаузағанда көлеңкені күнес, күрсіністі күлкі жеңетінін қаперге салады: «Алдар-Көсе... Алдар-Көсе ауыз әдебиетінің жасаған мәңгілік тұлғасы. Алдар-Көсені ойлағанда маған бір тебіреніс пайда болады... Алдар-Көсе сияқты адам Сталин заманында лагерьде қалай күн көреді екен? Күліп жүріп тірі қалды-ау, тегі... Осы тұрғыдан күліп тұрып мәжілісті тоқтатса деймін». Оның балаша санын шапалақтап мәз болатыны да бар. «Эврика, Алақай таптым! 37-жылды көрсетуде романның жаңа бір формасын ойлап таптым. Сәті түссін де! Бұл жылдарда бүгінгі өмірден жеке алып, жазуға болмайды, ал сол жылдардан бастап жазу үшін бірнеше кітап керек. Және де адамның қайғы-қасіретін тәптіштеп жаза беру оқушыға қаншалықты тиімді екен? Менің ойлап тапқаным, бүгінгі өмір мен өткен өмір араласып отырады». Сөз өнерінде үздіксіз ат үстінде қарымды қаламгер суытылмаған сәйгүліктей қолтығын сөге алмай барлығып қалуы бек мүмкін. Шарқ ұрып ізденген жазушы мұндайда қайтпек? Тек тосырқап қалмау қарекетін қарастырады. «Көп жылдар қолыма қалам тимей ашығып қалсам керек. Жазғым келе береді. Айтатын сөзім көп. Соларды айтып кетсем деген ой менің мойнымды ешқайда бұрғызбайды. Сен мені «тез жазасың» деп ұрсатын болып жүрсің. Ағызып шауып келе жатқан бәйге аты басқа ұрса не болмақ? Қазақ баласын білесің ғой. Сондықтан, қарқынды тоқтатпау керек. Мұхтар «Абайға» дейін қанша повесть, әңгіме, пьеса жазды білесіз бе? Ол жазғандарының бәрі «Абаймен» тең түсіп жатқан жоқ қой. Сен шын солай деп ұқсаң, маған хат арқылы өзіңнің пікіріңді айт. Әрине, айтудың айтуы бар. Ілияс Омаров «Тоқаш Бокинді» оқып шығып, бес бетке өзінің пікірін жазып жіберіпті. Соның ішінде өзіне ұнамаған жерін де айтады. Бірақ қалай айтқан десеңші» – деп жазады Есмағамбет Ысмайыловқа жолдаған бір хатында ақтарылып. – Түзетуде тұрған не бар? Дүниежүзіне аты шыққан «Тынық Донды» да Шолохов қайта түзетті. Түзету деген нәрсе таусылмайды. Осы күні Мәскеуден жылына жүздеген роман шығады. Соның бәрі лениндік премияны алып жатқан жоқ қой». Әдебиетке «ашығып» кіріскен З.Шашкинді жамиғат қана емес, қазақ даласының табиғаты да беймаза ойға қалдырады. «Туған жер толғантады» атты мақаласында сезім сілемі соған сілтейді: «Табиғат дегеніңіз керемет суреткер ғой. Қазақ халқы Арқа атайтын Орталық Қазақстанда шебер адам қатты ойланып отырып қолмен орнатқандай тамаша жерлер бар. Ұшы-қиырына көз жетпейтін түйе өркеш таулар, таудың тас төбесінде тостағанға құйған зәмзәм суындай мөп-мөлдір көлдер, ит тұмсығы батпайтын қалың орман... Бурабай, Қарқаралы, Баянауыл, Ереймен... Бірақ Қазақстанда тың жерлерді игеру басталған кезде, бұл сияқты игі жұмысты басқарған кей қызметкерлер ауданның осындай ерекшелігін ескермейді, шаруа көзімен қарамай, айғайы көп науқанға айналдырып жіберді. Сөйтіп егін шықпайтын тау-тасты, ащылы бұйратты жырта берді. Оның үстіне жерді өңдеу, химиямен тыңайту дегенді ешкім ескермеді. Осының салдарынан астық та алынбады, мал азығы да азайып кетті». Ой мен сезім бейнелеу құралдарына қанат бітіріп биік мақсаттарға жетелейді. Қаламы қолынан түскенше қайраткерлігінен айырылмаған З.Шашкин дүниені өзіне жалт қаратқандай күй кешті. 3. Қарамановтар karaman Тумысында «Құданы Құдай қосады» деген осы шығар. Немесе Сарыарқаның қиырдағы бір пұшпағында бұлаңдап өскен бойжеткен түстік топырағына тастай батып, судай сіңді. Алматы аруының Арал аспанында періштедей қанат қағуының құпиясы қандай? Райымқұлов – Шашкин – Қараманов тандемі ұрпаққа не дейді? Әрине, оның тәлімі зор. Әсте ат үстіндегі азаматқа сын жоқ. Ол ұзақ жолдан өтті. Арал жағасында туып, ұлы теңіз түлегі жыраққа жол тартып, Еділ бойындағы қалада білім алып, өмір жолдамасымен «Қызылордадорстройдан» «Главалматы стройға» дейін бірталай мекеменің табалдырығын тоздырды. Қазақстан КП Орталық комитетінде қызмет атқарды. Құрылыс министрі болды. Қазақ елі ата-бабалар аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, Тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Елбасымен үзеңгілес жүріп, қиын уақытта біраз жыл Қазақ үкіметін басқарды. Бұның бәрі Ұзақбай Қарамановтың қажыр-қайраты арқасында жүзеге асты. Ақын Ш.Сариевтің бір арнауында айтылғандай: Сапар кешіп, болды сонда қайда арман? Ұзақбай ұлық атқа сай болған. Ұлы Арал, Ұлы теңіз перзенті, Алатаудың ақ шыңына айналған! Шыққан аман қиын кезден тұзақтай, Өз ісіне түспеген кір сызаттай. Сол бір дәуір ортасының куәсі, Қара үзіп Қараманов Ұзақбай! Жаны жайсаң жақсыларды жазамын, Бары осы, мен ақынмын ғажабым. Бұл әулеттің тойы – халық тойы ғой, Тойларыңыз тойға ұлассын, Қазағым! Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді дегендей, әлде маңдайға жазғаны солай ма? Рахматолла мен Ұзақбай құда, Мәкиза мен Ұлдай құдағи болып шыға келді. Нұрлан Қараманов пен Ақтоты Райымқұлова екеуі тұрмыс құрып бір үйдің шаңырағын көтеріп, уығын шаншып, келешекке қосылып аттанды. Үміт ешқашан үзілмейді. Ата-бабалар рухы жас отауды желеп-жебеп жүрген шығар... Мәңгі өмір өзені тоқтамайды. Жиырма бірінші ғасырдың және бір көктемі келе жатыр. Одан жастық лебі есіп тұр.