Құлыбаев: Қазақстанда әзірге экспорттайтын ештеңе жоқ

Мемлекеттік қолдау елеулі болғанына қарамастан, Қазақстанда экспортқа шығаратын тауар жоқ.

Құлыбаев: Қазақстанда әзірге экспорттайтын ештеңе жоқ Тимур Құлыбаев

Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев Атырауда өткен аймақтық кеңестің кеңейтілген отырысында кәсіпкерлерге ащы да болса осы шындықты жайып салды деп хабарлайды Астана арнасы. "Әзірге экспорттайтын ештеңе жоқ. Бізде экспортты қолдайтын бағдарламалар жеткілікті, қаржы да бөлінді, бөлініп те жатыр. Алайда өкінішке орай, қолдайтын өнім жоқ", - дейді төраға Құлыбаев. Тимур Құлыбаев сондықтан, қандай да бір кәсіпорын құрар кезде, алдымен Ресей мен Беларусь және Қытай нарығын зерттеуге кеңес берді. Өйткені еліміздің кейбір саласы қазірдің өзінде Кедендік одаққа мүше елдермен бәсекелестікте "бел көтере алмай қалды". "Алда Дүниежүзілік сауда ұйымының қақпасы ашылғанда, алпауыт Қытай нарығымен бәсекелестік күтіп тұр",- деп ескертті төраға. Сондықтан мемлекеттік қолдауды пайдаланып, сұранысты зерделеп, өнім сапасына назар аударуға, заманауи технологияға иек артуға үндеді.