“Білім министрі тым жұмысбасты. Қабылдауға уақыты жоқ”

bilim

Елдің бірінші педогогы саналатын БҒМ Аслан Сәрінжіповке қазақстандықтардың жағдайы бәрібір сияқты.  Нұр Отан партиясының "жемқорлыққа қарсы" өткізген қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова  осылай деп мәлімдеді.

"Қазақстандықтардың тарапынан Білім және Ғылым министріне қатысты шағымдар жиі келіп түседі. Мысалы, кішкене балаларын балабақшаға орналастыру үшін мекеме басшалыры "пара" сұрағандарын айтады. Ал қарапайым тұрғындар Министр мырзаға жолығуға мүмкіндіктері жоқ. Аслан Сәрінжіпов мырзаға  тұрғындар тұрмақ, біздің депутаттардың өзі жолыға алмайды. Себебі, біздің Білім министрі тым жұмысбасты. Қабылдауға уақыты жоқ", - дейді депутат  Меруерт Қазбекова.

Меруерт Қазбекова,  ҚР Мәжіліс депутаты:

- Министрлік басшылығы ресми ақпарат беруге аса мән бермейді.  Білім және Ғылым министрлігінің ресми сайтына түрлі санаттар бойынша (пара алу, пара беру, балабақшаға орналастыру тәртібінің бұзылуы, орта мектептердегі мұғалімдердің оқушыға қол көтеруі, мектеп директорларының тағайындалуы т.б. ) келіп түскен 534 шағымның ескерілмеуі, аталмыш шағымдарға ешқандай  жауаптың берілмеуі сөзіміздің дәлілі болмақ. Сондай-ақ, 2014 жылғы 12 айдың 6 айында Министр Аслан мырза  тиісті халықтық  қабылдауларын мезгілінде өткізбеген. Министрдің кабинетіне қарапайым халық тұрмақ, біз - депутаттардың өзі кірі алмай кеткенбіз.

Ал Аслан Бәкенұлы ҚР министрлер кабинетіндегі жас министрлердің бірі ғой. Ол халықты тікелей қабылдап, олардың сауалдарына нақты жауап беретін бірден-бір адам - өзі екенін білмейді ме?! Сонымен қатар, министр мырза Білім және Ғылым министрлігінің портфелін ұстағалы бері ешбір аймақтарға ресми сапармен бармаған. Осыған қарап, егер Министр мырза аймақтарды жиі-жиі аралап, министрліктің сайтына келіп түскен сауалдарға мезгілінде жауап қайырып тұрғанда білім саласындағы жемқорлық азаяр еді.

Салыстырмалы түрде алып қарасақ, 2012 жылы білім беру саласының шенеуніктері ішінде 5 бірдей пара алу фактісі тіркелсе, ал 2013 жылы 9 шенеунік парамен ұсталған болатын. Ал 2014 жылдағы жарты жылдықтың өзінде 19 шенеунік қылмыстық жауапқа тартылған. Ал Білім және Ғылым министрлігінің аймақтық қызметкерлері арасында 2013 жылы 117 қылмыстық іс тіркелген болса, өткен 9 айдық өзінде 228 білім беру саласы мамандары қылмысқа шатылған.

Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов мырза  Білім және Ғылым министрлігін басқарып отырған 10-шы министр. Сондай-ақ, Асекеңнің білімі де өзге қызметтестерімен салыстырғанда жоғары. Аслан мырза 3 бірдей ЖОО дипломы бар білімді басшы. Сонымен қатар, қазіргі БҒМ басшысының сонау Гарвардта тәжиірбие жинап қайтқанын тағы ескеріңіз. Соның ішінде Аслан мырза өзінің 3 бірдей дипломының тек біреуіне ғана Қазақстанда ие болған.

Сол Аслан Сәрінжіпов мырза 2013 жылдың 2 қыркүйегі күні Министр лауазымына тағайындалған еді. Аслан мырзаға дейін осы постты басқарған Бақытжан Жұмағұлов мырзаның ісінен шикілік шығып, тиісінше ол қызметінен болатылған болатын. Десе де минстрлікке жаңашылдықпен әкеледі деп сенген министр Аслан мырза да Бақытжан мырзаның кебін кигендей болған. Соңғы кездері баспасөз беттерінде Аслан Бәкенұлының атына түрлі сын тағыла бастағаны тағы рас. Мысалы, министр лауазымына тағайындала сала, "орта мектептерде бастауыштан бастап кәсіптік мамандар даярлау керек. Оқушыларды кәсіпке баулу керек" деп шыққан. Ал өткен жылдың наурызында белгілі болғандай, БҚО-да балабақшаларда "біржынысты отбасы" туралы ертегілер оқытылған. Сондай-ақ, Алматы облысының Ұйғыр ауданында орта мектептерде "мектеп бағдарламасына енгізілмеген пәнді оқытқан" болатын. Бұл туралы қазақстандық бұқаралық ақпарат қызметкерлері жазғанымен Министр мызра мыңқ етпеген еді. Енді міне, Министр Сәрінжіпов қазақстандықтардың БҒМ ресми сайтына  жолдаған сауалдарына құлақ түрмек түгілі бұрылып назар салмаған да. Тіпті, ол кісінің орынбасары Тахир Балықбаев мырзаның өзінен жауап алу тым қиын. Өзі Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі. Сөйте тұра Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған іс-шараны Студенттер сарайында өткізуге ықпал етуді сұраған журналистерге бір ауыз жауап жазуға уақыт таппаған.

Соған қарағанда Сәрінжіповтің де, Балықбаевтың да елденде маңызды  басқа жұмыстары бар сияқты....

Нұрзат Тоғжан

"Қамшы" сілтейді