ДАҒДАРЫС ҮНЕМДЕУДІ ҮЙРЕТЕ БАСТАДЫ

1185928 Дағдарыс дөңгелек дүниені өз дегенімен шыр айналдыра бастағаны байқалады. Осыған байланысты әлемдегі өзге елдер сияқты біз де бюджетімізді ықшамдап, кейбір жобаларды қысқартып жатырмыз. Мұғалімдердің жалақысын көтеруді кейінге шегеріп, қариялар үйіндегі зейнеткерлердің зейнетақысына дейін қысқартып, бірыңғай үнемдеуге көшкен жағдайымыз бар. Үнемдеуді үйренгеніміз дұрыс-ақ, өйткені біз өте ысырапшыл халықпыз. Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржыны оңды-солды шашып, той жасау үшін, қымбат көлік міну үшін де несие қамытына басымызды ойланбастан сұға саламыз. Үнемшілдікке үйренсек, алдымен дағдарысқа алғыс айтуымыз керек шығар. Дегенмен атының өзі айтып тұрғандай сол дағдарыс деген дүлейдің тезірек өтіп кеткені дұрыс болар еді. Экономикалық қыспақ кімнің көсегесін көгерте қойсын? Әсіресе, әлеуметтік жағынан нашар қорғалғандардың күні не болады екен деп алаңдаулымыз. Қазір барлық сала бойынша артық шығындардың құйрық-жалын күзеудеміз. Мемлекеттік қызметкерлердің керекті-керексіз, кейде алыс шетел асып кететін іссапарларын қысқарту арқылы ғана 103 миллиард теңге үнемдейтін болыппыз. Бұл ақшаға кем дегенде 40-50 мектеп салуға болады екен! Сонда жыл сайын біз бірнеше мектептің қаржысын іссапарға шығуымызбен ғана шашады екенбіз ғой. Міне, ысыраптың көкесі қайда жатыр! Ал, осы сияқты негізсіз шығындарды санасақ саусағымыз жетпесі анық. Бұдан кейін қайтіп дағдарысқа алғыс айтпасқа, ол болмаса біз үнем туралы ойланбас та едік қой. Жаңа жылдан бері жаңаша, белсенді жұмысқа көшкен мәжілісмендер арасында да бұл мәселе кәдімгідей сөз болды. Ресейлік әріптестері ерікті түрде жалақыларынан жырып бюджеттің жыртығын жамап жатқанын естіген депутаттарымыз ресейлік әріптестерінің бастамасына көзбояушылық деген баға берді. Тегін үйде тұрып, қымбат көлік мініп, қызмет түрлерін тегін көретін депутаттар дағдарысқа байланысты жалақыларын қысқарту мәселесіне мүлдем қарсы шықты. Тіпті, соңғы жеті жыл ішінде 500 мың теңгеден тұратын айлығымыз бір де бір рет өскен емес, бұдан ары кесетін болса «арзан» парламентке айналамыз деп шуласты. Халықтың салығынан түскен әр тиынға жанашырлықпен қарайтын әншейіндегі үнемшіл депутаттар өздерінің жалақылары туралы айтылғанда шоршып түсті десек те болады. Ресейде депутаттардың табысы әлдеқайда көп екенін алға тартумен болды. Ал табыс жағына келетін болсақ, бұл даулы мәселе. Шынын айтсақ, әртүрлі деңгейдегі депутаттарымыз бен әкімдердің 80-90 пайызы бизнестен келгендер. Әлі де сол шаруаларын дөңгелетіп отырғаны да жасырын емес. Депутаттыққа сол бизнестерін қорғау үшін барады көбісі. Олай болса бір өзі қатардағы он мұғалімнің жалақысын ала отырып жылап-сықтағандары оларға жарасып тұр деп айту қиын. Өзгелерге үлгі болу үшін тым болмаса жалақыларының бес пайызын ерікті түрде қысқартып, халық алдында біраз бедел жинап алулары керек-ақ еді. Өкінішке орай, олай болмады. Бәлкім дағдарыс тым ұзаққа созылып кетер деген болар... Зейнолла АБАЖАН