Қарағанды облысының әкімі тұрғындармен мәселені шай үстінде шешетін болды

Халық алдында есеп берген Қарағанды облысының әкімі тұрғындармен мәселені шай үстінде шешуге сөз берді деп хабарлайды 31 арна.

Қарағанды облысының әкімі тұрғындармен мәселені шай үстінде шешетін болды Бір жылда атқарылған жұмыстарды тізбектеген аймақ басшысы тыңдауға үлгермегендерді өз кабинетіне шақырып, түйткілдерді қарастырмақ. Сағат он бірде басталған аймақ басшысының кездесуі үш сағатқа созылды. Халық алдында өзін емін-еркін ұстаған Нұрмұхамбет Әбдібеков өзге аймақ басшылары сияқты парағы қырық беске дейін жететін баяндамасын оқудан бастады. Бір сағаттық есебін тыңдауға келгендердің де қарасы қалың. Тыңдаушының көбі, кәсіпорын басшылары, ардагерлер, аудан және қала әкімдері. Тіпті, олардың әрқайсысына бір-бір орыннан тағайындаған. 2014 жылдың қорытындыларын тізбектеген әкім аймақтағы экономикада сыртқы әсерлердің ықпалына қарамастан тұрақты өсу ырғағының сақталғанын мақтанып айтты. Қорға құйылған инвестициялар санын келтіріп, 326 миллиард теңгеден асып жығылғанын тілге тиек етті. Бірақ, залдың екі жағына қойылған микрофонға кезекке тұрып, сұрақтарын айта алмағандар да болды. Қарағандылықтар осы күнге дейін шешімін таппаған мәселелерді шешуді талап етті. Көп жылдан бері үй кезегінде тұрып, пәтерге қол жеткізбегендер баспана мәселесімен келсе, басқасы жыры әлі бітпеген көкпектіліктердің жағдайын айтты. Бірақ облыс әкімі су астында қалған Көкпекті ауылының тұрғындарына бір тиын да төленбейтінін айтты. Көкпектіліктермен соттасып жүрген әкімдіктің басшысы да бөгеттің жарылуынан зардап шеккендердің шағымын негізсіз санайды. Жәрдемақының жартысынан көбін өтемеген аймақ әкімі сот үкімінен әрі аса алмайтындарын сылтауратты. Ал тағайындалғанына бір жыл да болмаған әкіммен кездесуге келгендер жаттанды баяндамадан жалыққан сыңайлы. Басшының есебіне қарық болмағандар сегіз ай бұрын келген әкімнің жұмысы әзірге көңілімізден шықпайды дейді. Сондай-ақ қойылған сұрақтарға мардымды, әрі сенімді жауап беруге тырысқан әкім жұмыстарды әлі де атқаратынын айтты. Айтылған мәселелерді қойындәптеріне жазып отырған басшы "қарастырып, шешеміз" дегеннен жалықпады. Ал өзге аудан тұрғындарымен онлайн режимінде сөйлескен Нұрмұхамбет Әбдібеков Шахтинск, Приозерск, Жезқазған қалалары мен Ақтоғай ауданындағы түйткілді бір жақты етуге уәде берді. Тіпті, тыңдауға үлгермегендерді өз кабинетіне шақырған әкім олармен шай үстінде сөйлесетінін айтты.

Источник: 31 канал