Қазақстан мектептерінде футбол пәнін енгізу ұсынылды

Қазақстанның орта мектептеріне футбол пән ретінде енгізілуі мүмкін. Бұл жайында Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов УЕФА баспасөз қызметіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Қазақстан мектептерінде футбол пәнін енгізу ұсынылды "Біз футболды орта білім беру жүйесіне енгізуді жоспарлап отырмыз және бұл ұсынымызды үкіметтің алдына қойдық. Қазір бұл мәселені парламенттің қарауына ұсынбақпыз. Біздің елде футболға қызығушылық танытып,  айналысқысы келетіндер өте көп. Бірақ, олардың барлығында мүмкіндік жоқ. Әсіресе, күннің суығында. Сол үшін төбесі жабылатын алаңдар керек", -  деді Қожағапанов.

ҚФФ президенті атап өткендей, ол өз әріптестерімен Қазақстандағы футбол деңгейінің тым төмендігі жайында көп талқылаған. Ал оның басты себебі футбол инфрақұрылымының дамымауы деген нәтижеге келіпті. "Біздің елдің басым бөлігінде қыс ұзаққа созылады. Ал жастарымыз жыл он екі ай жаттығуы үшін төбесі жабық футбол алаңдары қажет. Егер, 1 алаң 100 мың адамға жетеді деп есептесек, қазіргі таңда олардың саны 170 болуы керек екен. Өкініштісі, футбол нысандарын салу қаржы жағынан өте қиын мәселе", - деді ол. Аталған саладағы тағы бір үлкен проблема - білікті бапкерлердің жоқтығы. Қожағапановтың айтуынша, біздің елде бір бапкерге 342 шәкірттен келеді екен. Ал Англияда әр бапкерге небәрі үш шәкірттен тиесілі. "Сондықтан, біз Платини мырзадан білікті бапкерлерді даярлауға көмектесуін сұраймыз. Бұл біздің елдегі балалар футболының дамуына үлкен көмек болмақ", - дейді федерация президенті.

Источник: BAQ.KZ