Қазақтың тұңғыш мультипликаторы Әмен Қайдаров көз жұмды

Тоқсан екі жасқа қараған шағында қазақтың тұңғыш мультипликаторы, "Қарлығаштық құйрығы неге айыр?" мультфильмінің авторы, көрнекті режиссер Әмен Қайдаров көз жұмды.

Қазақтың тұңғыш мультипликаторы Әмен Қайдаров көз жұмды Бұл ақпаратты "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі растады. Кинорежиссер, суретші, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Әмен Қайдаров 1923 жылы Қарағанды өңірінде дүниеге келген.

1951 жылы Алматы суретшілер училищесін бітірген соң "Қазақстан әйелдері", "Ара" журналдарының редакцияларында жұмыс істеді. 1958-1965 жылдары Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетінде оқыды. 1965 жылдан "Қазақфильм" киностудиясында жұмыс істеді. Ол - Қазақстандағы мультипликациялық жанрдың іргесін қалаушылардың бірі. 1967 жылы Қайдаровтың салған суреті бойынша халық ертегісі негізінде тұңғыш түрлі-түсті "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" атты мультипликациялық фильм жасалды. Бұл туынды Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда (1968), Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалында жүлде алды. Сондай-ақ, Қайдаров "Құйыршық", "Жанар", "Күн сәулесінен пайда болған көжек" атты мультипликациялық фильмдерді жасаған. 1980 жылы Қайдаровқа "Ақсақ құлан", "Қожанасыр - құрылысшы", "Қырық өтірік" сияқты мультипликациялық фильмдер топтамасы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлық берілді. "Құрмет Белгісі", "Парасат" ордендерімен және медальдармен марапатталған. Баспасөз қызметінде, белгілі режиссерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең өтетінін хабарлады.

Источник: ИА "Казинформ"