Қазақстан қысқы Универсиаданың алғашқы күнінде 2 алтын жеңіп алды

Кеше  Словакияда ХХVII қысқы Универсиада басталды. Алғашқы күнгі төрт алтынның екеуін Қазақстан спортшылары олжалап, жалпы командалық есепте көш бастады, деп хабарлайды  "Алаш айнасы".

 Қазақстан қысқы Универсиаданың алғашқы күнінде 2 алтын жеңіп алды Ең бірінші, ХХVII қысқы Универсиада жайлы ресми мәліметтерге қысқаша тоқталып өтейік. Әу баста бұл Универсиада Испанияның Гранада қаласы мен оның төңірегінде өтетін болып бекітілген (2009 жылы 23 мамырда, Брюссельде). Негізі, осы 2015 жылғы қысқы Универсиаданы өткізуге ниет білдірген тек Гранада болатын.

Алайда 2014 жылдың 25 маусымында FISU (Халықаралық студенттер спорты федерацисы) биатлон мен шаңғы спорты түрлерінің жарыстарын (сайыстарын) Словакиядағы қысқы спорт орталықтарында, яғни Штребске-Плесо мен Осрбльеде өткізу туралы шешім қабылдады. Себеп – қаржы тапшылығы... Енді ХХVII қысқы Универсиада 1 ақпанға дейін Словакияда (Штребске-Плесо мен Осрбльеде) өтеді де, содан кейін Испанияға (Гранадаға) ойысып, 14 ақпанға дейін созылады. ХVII қысқы Универсиаданың ресми сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, аталған бүкіләлемдік дүбірлі додаға 43 мемлекеттің спортшылары қатысады екен. Ақпанның бел ортасына дейін 11 спорттың түрінен 68 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Кеше соның төртеуі сарапқа салынып, сол төрт алтынның екеуі Қазақстан қоржынына түсті. Яғни ХХVII қысқы Универсиада Қазақстан спортшылары үшін өте сәтті басталды. Әуелі, шаңғымен жарысудан әйелдер арасындағы спринтте Анастасия Слонова жеңімпаз атанып, ел қоржынына алғашқы саф алтынды салды. Одан кейін биатлоннан әйелдер арасындағы 15 шақырымдық жекелей сында Алина Райкова теңдессіз шығып, елімізге екінші алтынды сыйлады. Қысқы Универсиада. Штребске-Плесо (Словакия) Шаңғы жарысы. Әйелдер. Спринт. 1. Анастасия Слонова (Қазақстан) – 3:22.75 2. Эвелина Марциш (Польша) – 0.18 секунд қалып қойды 3. Светлана Николаева (Ресей) – 0.42 Қысқы Универсиада. Осрблье (Словакия) Биатлон. Әйелдер. 15 шақырым (төрт рет жамбы ату). 1. Алина Райкова (Казахстан) – 47.29,4 (1) 2. Екатерина Аввакумова (Ресей) – 9,0 3. Паулина Фьялкова (Словакия) – 41,7 (4) 4. Галина Вишневская (Қазақстан) – 56.9 (2) Сөйтіп, бірінші күннен кейінгі жалпы командалық есепте Қазақстан спортшылары екі алтынмен көш бастады. Ресей жеті медаль (1 алтын, 3 күміс, 3 қола) алса да, екінші орында тұр. Ал үшінші орынға бір алтынмен Украина орналасты.

Источник: Алаш Айнасы