Дінаралық қақтығысты ұйымдастырушылар екі жақтың татуласуын қаламайды…

3619

құран ғалам

«НУР И МУХАММЕДКЕ» «НУРИ ИМАН» КЕРЕК БОЛЫП ТҰР…

«Төбелестіруші»  күштер  екі жақтың татуласуын қаламайды, керісінше ұйымдастырып жатыр… 

Бала кезімізде ауылда ересектер «кім қораз» деп төбелестіруші еді. Біраз қызықтап болған соң,  ажыратып жіберетін. Әркезде төбелескің келмесе де, «мекиен» болғымыз келмей, жалған намыстан қораз болуға тырысатынбыз!!!…Енді қарап отырсам, сол кездегі ересектердің диалектикасы, «ер шекіспей бекіспес» деген мәмілемен аяқталып отыратын. Бала кезден ер болуға, намысты бермеуге сол «қораз болуға» деген таластың да орны бар ау сірә…  Бүгін сол достар кездескенде, балалық шақтың балалық психологиясы деп еске алып отырамыз.

Бүгін Франциядағы Хз Мұхаммед пайғамбарымыздың туылған айындағы мұсылмандардың намысына тиісу акциясын да өзімше балалық шағымдағы «кім қораз» таласымен өлшегенмін… Себебі,  құбылыстың сипаттары толығымен ұқсайды. Төбелестіруші күш бар. Намысқа тиюші бар. Оған жауап беруші «қораз» да бар. Бұдан да бүгінгі өркениеттік денгейге қарамастан, адамзаттың сана деңгейі өзгеріссіз қалып отыр. Бірақ ажыратушы жоқ болып тұр. Себебі «төбелестірушілер» бұл екі жақтың татуласуын қаламайды. керісінше жарнамалап, ұйымдастырып жатыр.

Сосын талас «жалған намыс» тақырыбы емес.  Муминнің ішкі руханиятының негізі болған Хз. Мұхаммед тұлғасына деген карикатура.  Бұл кез келген муминнің ашу ызасын туғызатын жайт.  Осы арқылы дінаралық араздық отын тұтатқысы келеді. Өздері жаққан отқа «төбелестіргіштер» муминдердің себеп болғандығын мына әлемге көрсеткісі келеді. Саяси сахнаға екі жақты Христиандар мен Мұсылмандарды актер қылып қойған. Жалпы бұл театр сахнасына үш ғасыр болды. Диалектикалық ақиқатты паш ету мақсатында рөл ойналады. Мына сынақ әлемінде Алланың құдіретін осы дүниеде паш еткісі келетін «құдіреттің иесі» болуға таластың метафизикалық және физикалық құрылымдары мен теориялары жан жақты қамтылған сахна…  Үшінші Будда әлемі бұл жарысқа қатыспайды…Себебі олардың кітабы ортақ емес. Бұған тек «ахли китаптар» кіреді. Олар «қай жеңгенің менікі» деп, алыстан қорқып, үрейленіп қарап отырады…  Бірақ олар қорқа-қорқа батыр болып алды. Ал мұсылмандар қай жақтан болса да, өспей жатыр… Жыл сайын мұсылмандардың өсу деңгейін тексеру үшін «төбелестіргіштер» осындай скетч ұйымдастырады. Бірақ әрдайым муминдер «балалықтарын» паш етіп, режиссерлардың мақсатына жеткендігін дәлелдеп келеді…

Қашанға дейін осылай жалғаса береді?  Негізі, бұл сұраққа тек мұсылмандар ғана жауап бере алады. Құранға қайта оралу керек!!!  Суннаға қайта оралу керек!!!  Ислам тарихына, діни тәжірибесіне қайта оралу керек!!!  Тарихын зерттемеген, танымаған қауым осылай жем болғаны – болған.  Құранға қайта оралу «нақылшылық емес».  Құранды «Кодекске» айналдыру емес!!!  Құран «Қасаң қағидалар жинағы емес»!!!  Құранды жаттау емес!!!  Құранды оқу емес!!!  Құранға оралу муминнің өзіне оралуды талап етеді. Сосын Алланың Каламының түсу тарихы мен адамның санасындағы исламның негіздерінің қалыптасу тарихын ең басты модель ретінде тануға оралуды талап етеді…  Алла адамға жаратылысында басқалардан қалай жоғары тұратындығын еске алу арқылы.  Сонда адамның өзінің  өзіне деген құрметі оянады. Ал өзін-өзі құрметтеп,  қадірлемеген мумин кез келген мақұлықтың келемежі мен мазағына қалуы заңды. Неге? Себебі, ол өзінің қадірін білмейтін, сондықтан да өзін қадірлете алмайтын мақұлық. Бүгінгі мұсылмандардың ахуалы осылай… өкінішке орай…
Қазақта сөз бар: «Жібекті жүн қылады түте алмаған» … Біздің мұсылмандар дін дегенде алдымен Алланы емес, форманы еске алады. Форма – намаз.  Қалай намаз оқу керек, қай жерді қанша рет жуу керек, сақалды қалай қою керек…
Алдымен, Алланың дінін не үшін таңдап, иманның шарттарын ұғынып, соған барар құралын сайлауы керек еді…

Муминдер ақылды қолдануды, мына әлемді танудағы өз орнын таба алмағандығын кешегі Францияда тағы дәлелдеді. Сырттай қарасаң,  мұсылмандарды аяйсың…  Ал шын мәнінде мұсылмандар сол акцияны ұйымдастырып отырған күшке аяушылығын білдіруі керек еді…   Алланың еркі осы деп…   Жоқ,  өздерінде ерік-жігер болмаған адам ол жерде Алланың еркін қайдан ұқтырсын христиандарга… Кез келген ауылдың итіне тоқтап қалсаң,  керуеніңді қашан жолға саласың… «Ит үреді – керуен көшеді» деген қазақ даналығына сүйенгеніміз жөн. Баламен бала болу жараса ма…   Біз шынымен соңғы дін Исламға сенетін болсақ,  Жүз жиырма төрт мың пайғамбарлардың соңғысы хатаму анбийаның тағдыры о бастан нақтыланғандығына иман етсек, Мына әлем «нури мухаммадпен» жаралған… Тек соны дұрыс тани алмай жатқандығымыздан, дұрыс сезіне алмай келеміз…

Досай КЕНЖЕТАЙ,

qazaquni.kz