Сабина Алтынбекова 2014 жылы Қазнетте ең көп талқыланған cпортшы атанды

Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова 2014 жылы Қазнет пайдаланушылары арасында ең көп талқыланған спортшылар тізімінде көш бастады.

Спортшымыздың танымалдылығы Қытайда өткен Азия біріншілігінде жергілікті жанкүйерлердің назарына іліккеннен кейін басталды.

Әлемнің көптеген мемлекеттерінде қазақстандық спортшы жайлы бейнероликтер түсіріліп, мультфильм кейіпкері ретінде салынған суреттері ғаламтор беттерінде әп-сәтте тарап кетті. Бір-ақ күнде жұлдызы жанған спортшы бүгінде әлем сұлуларының көшін бастап тұр. Кенеттен келген мұндай танымалдылық сұлудың өзін де аң-таң қалдырды. Қазір оның фан-клубтары Қытай, Оңтүстік Корея, Тайланд және Тайвань сынды әлемнің бірқатар елінде құрылып, белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Волейболшының фан-клубтары Қазақстанда да бар. Жалпы, Сабина Алтынбекованың танымалдылығы күн өткен сайын артып, әлем назарын өзіне аударып отыр. Әлеуметтік желілерде қазақстандық спортшыға арналған түрлі аккаунттар мен топтар күн санап артып келеді. Қазақстандық ақпарат құралдарымен қатар, шетелдік басылымдар да отандасымыздан сұхбаттар алып, өз рейтингін көтеріп алғаны да жасырын емес. Спортшының алдағы жоспарын білгісі келгендерге Сабина "Мен болашағымды тек спортпен байланыстырғым келеді. Әрине, Алланың берген сұлу мүсінімен дүйім жұртты таңқалдыру кім-кімнің де қолынан келеді. Ал маңдай термен келген жетістіктің орны бөлек" деп, қысқа қайырыпты спортшы қыз.