Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ: Рухы мықты мемлекеттің болашағы кемел

Уалихан – Институттың соңғы жылдағы елеулі жетістіктерінен бастасаңыз... – Үлкен жетістігіміздің бірі, көптеген БАҚ беттерінде де жазылды – өткен жылы Астанадағы «Фолиант» бас­пасынан «Бабалар сөзінің» жүзінші томы жарық көрді. «Мәдени мұра» мемле­кеттік бағдарламасы аясында орындалған 100 томнан тұра­тын осынау құнды еңбекті дайындаған – М.Әуезов атын­­дағы Әдебиет және өнер инс­титуты болып табылады. Негізгі жұмысты атқарған «Қолжазба» бөлімінің қызметкерлері, солардың табандылығының арқасында осындай іргелі ғылыми еңбек жүйеленіп, баспадан жарық көрді. Бұл бірегей басылымның маңыздылығы – қазақ мәде­ниетінің рухани-зияткерлік, көркемдік таңғажайып мұ­расының ғылыми айналымға түсіп, ауыз әдебиетінің жау­һарларымен жұртшылықтың кеңінен танысуына жол ашады. Осы жерде айта кетейін, біздің еліміз рухани қазына­мызды бір жерге топтап, жүйе­леп, ғылыми шарт негізінде текстологиялық жұмыс жүр­гізіп, академиялық басылым ретінде 100 том етіп жарыққа шығарған жалғыз мемлекет болып табылады. Топтама ғылыми басы­лым­дардың жүйесінде дайын­далғандықтан, жинақ­тарда негізінен шағатай, қадім, төте араб жазулары мен латын әрпінде хатқа түскен мәтіндер қамтылды. Халық эпосының «Хикаялық дастандар» (13 т.), «Діни дастандар» (7 т.), «Ғашықтық дастандар» (11 т.), «Тарихи жырлар» (11 т.), «Батырлар жыры» (20 т.) секілді түрлері мен фольклордың «Мақал-мәтелдер» (5 т.), «Қара өлең» (2 т.), «Шежірелік жыр-аңыздар» (3 т.), «Ертегілер» (5 т.), «Тарихи аңыздар» (4 т.), «Ауызекі әңгімелер» (3 т.), «Моңғолия қазақтарының фольклоры» сияқты т.б. жанр­лары текстологиялық сараптаулардан өтіп, әр томның ғылыми қо­сымшасында тү­сініктемелер, қолжазбалар туралы мәліметтер, мәтіндерде кездесетін тарихи, діни есім­дер, мәтіндердегі түсініксіз ұғымдардың сөздігі, жер-су атаулары т.б. жазылды. Ендігі міндетіміз осындай жақсы дүниемізді көздің қарашығындай сақтап, қалың жұртшылыққа насихаттап, ұлтымыздың мәртебесін арттыру. – Институттың бүгінде кадрлық құрамы мен атқарылып отырған жұмыстарына тоқтала кетсеңіз... – Институтта жүзден астам қызметкер еңбек етуде, оның жетпістен астамы – ғылыми қызметкер, екеуі ҚР ҰҒА-ның академигі, екеуі ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, он екі ғылым докторы, жиырма то­ғыз ғылым кандидаты бар, соны­мен қатар, төрт PhD доктор мен он бес магистр білім алуда. Бір қуантарлығы, соңғы жылда­ры ғылым саласына жастар көп­теп келуде. Институттың 59 %-ы 45 жасқа дейінгі ғылыми ма­мандар құрап отырғанын да айта кеткім келеді. Институтта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулер бағдарламасы бойынша жоспарлы жұмыс­тар жүзеге асырылуда. Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысын­да қазақ фольклорының шы­найы да толық тарихы қалпы­на келтіріліп, қазақ әдебиеті­нің ежелгі және орта ғасырларда­ғы қалыптасу кезеңдері, XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезіндегі көрнекті ақындар мен жазушылардың шығармашы­лық сабақтастығы мәселелері зерттелуде. М.Әуезовтің бай мұрасы жан-жақты талданып, жаңа көзқарастар тұрғысында пайымдалуда. Қазақстан бейнелеу өнері мен көркем мәдениеті дамуының маңызды кезендерін жүйелеп, ғылыми саралау ісі қолға алынып, ежелгі заманнан XXI ғасырға дейінгі ұлттық музыка өне­рінің түрлі проблемалары қарастырылуда. Қазақ театр өнерінің негізгі даму кезеңдері мен заңдылықтары жаңа­ша пайымдалып, халықаралық әдеби байланыстардың қазір­гі ғаламдану жағдайындағы да­му ерекшеліктері зерделену үстін­де деп топшылауға болады. М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты ұжымы 2012-2014 жылдар аралығына «Қазақстан ха­лықтарының фольклоры, әдебиеттануы, өнері», «Шетел­дердегі қазақтардың фольк­ло­ры, әдебиеттануы, өнері» атты іргелі жобаларды орындау барысында Ресейдің, Қытай­дың, Монғолияның, Өзбекстан­ның, Қарақалпақстанның қазақтар тығыз қоныстанған аумақтарына экспедициялар ұйымдастырып, оған фольк­лортанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы мамандар барып қайтты. Соның негізінде қо­мақты материалдар жина­лып, ғылыми монографиялар жарық көру үстінде. Осы жылы «Ғылыми қа­зына» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан 34 томдық «Классикалық зерттеулер» сериясының және «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойын­ша «Абай», «»Жамбыл», «Құр­манғазы», «Ә.Қастеев», «Кү­ләш» кітаптары жарық көргенін де айта кеткім келеді. Жылда Республикалық, Халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық-теориялық конференциялар, ғылыми семинарлар, шығар­машылық кездесулер мен тұсаукесерлер өткізіліп ке­леді. Атап айтар болсақ, өт­кен жылы академик Зәки Ах­метовтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Академик Зәки Ахметов және қазіргі қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелері» атты халықара­лық ғылыми-практикалық конференциясы мен М.О.Әуе­зов үй-мұражайының 50-жылдығына арналған сал­та­натты мәжілісті ерекше атап өтуге болады. Аталған жиынға отандық және шетелдік (Ұлыбритания, Ресей, Қыр­ғызстан, Татарстан) белгілі ғалымдар қатысты. Осы осы жылдың маусым айында Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғаны­на 120 жылдығына, Әдебиет және өнер институты үстіміздегі жылы Т.Шевченконың 200 жылдығын мемлекетаралық деңгейде атап өтуге инсти­тут бастамашы болды. Қа­зақтың көрнекті ақыны әрі әдебиеттанушы ғалымы Әбділда Тәжібаевтың туға­нына 105 жыл толуы мен әде­биеттанушы-ғалым, сыншы Айқын Нұрқатовтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Айқын Нұрқатов әлемі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциялар­ға алыс-жақын жерлерден ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. – Осы орайда сұрай ке­тейін, биылдан бастап ЖОО-мен бірлесе отырып, ғылыми кадрлар дайындауды қолға алған екенсіздер... – Иә, оныңыз рас, осы жыл­дан бастап Ғылым ордасын­да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министр­лігі Ғылым комитетіне қа­расты ғылыми-зерттеу инс­титуттарында PhD докторан­тура мен магистратураны эксперименталды оқыту бағдарламасы қолға алынған болатын. Отандық ғалымдар жасаған жаңа бағдарлама бойынша ғылым мен білім берудің заманауи стандарты ұштастырылып, академиялық және ғылыми дәрежені алу­дың бірегей мүмкіндігі деп ойлаймын. Биыл еліміздің ғылыми-зерттеу институттары мен Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университеті ара­сында ғылым мен білімнің интеграциясы туралы келісімге қол қойылған болатын. Осы құжат негізінде бүгінгі күні М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының төрт докторанты мен он ма­гистранты «Қазіргі Қазақстан әдебиеті», «Текстология», «Фольклортану», «Теория және әдеби сын», «Қазақ фолькло­ры мен ежелгі әдебиет» сынды мамандықтары бойынша және институт базасынан тыс Ұлттық университеттерде оқып жүрген бес магистрантымыз мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Сондай-ақ, ғылым саласы шетелде білім алуды қажет ететіндіктен, министр­ліктің арнайы бағдарламасы бойынша магистранттар мен докторанттарымыз екі апта, бір семестр көлемінде шетелдің ЖОО-да ақысыз ғылыми тәжірибе алмасып келуде. Міне, осы жоба Қа­зақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Б.Сәрінжіповтің тікелей қолдауымен жүзеге асырыл­ып отырғанын айтқан ләзім. – Осы жылы Елбасы Н.На­зар­баевтың қабылдауында болдыңыз. Нендей мәселелерді сөз еттіңіздер? – Елбасының қабылдауында болу – бұл мен үшін үлкен мәртебе деп есептеймін. Елбасымен кездесу барысын­да еліміздегі гуманитарлық ғылымның жай-күйі және зиялы қауымның қазіргі за­мандағы рөлі жайында әңгіме өрбіді. Президентіміз интелли­генция өркендеген қуатты мемлекет құру үшін қазақ­стандық патриотизмді қа­лыптастыруға ерекше үлес қосуға тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге, иституттың қазіргі қызметі мен алдағы кезеңге арналған жоспарла­рын, оның ішінде, Мұхтар Әуезов­тің шығармашылық мұрасын зерттеуге және насихаттауға бағытталған жұмыстар, сондай-ақ қазақ әдебиетінің тарихы саласындағы зерттеулер жө­нінде де әңгімеледім. Келесі жылы қазақтың кемеңгер классик ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы­ның туғанына 170 жыл тола­ды. Кезінде М.Әуезов: «Қазақ деген халық Абайға белше­ден қарыздар» деп талай ескерт­кені бар. 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдық тойын тойлау кезінде еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Абай – қазақ халқының ру­ха­ни көсемі» деп атап айт­қан болатын. Бұл дүбірлі ме­рейтойды да институт ха­лықаралық деңгейде атап өтуге дайындық жасау үстінде. Сондай-ақ халық ақыны Ж.Жабаевтың туғанына 170 жыл толмақ. Оған «Жамбыл» энциклопедиясын шығарамыз ба деп отырмыз. 2015 жылы атақты суырып салма ақын, қайраткер Сүйін­бай Аронұлының туғанына 200 жыл толғалы отыр. Осы­ған орай ақынның академиялық екі томдығын шығаруды да көз­деп отырмыз. – Шетелдік ұйымдармен байланыс жағы қалай болып жатыр? – Институт алыс-жақын шетелдегі жоғары оқу орын­дары және ғылыми-зерттеу институттарымен бір­лес­тікте ғылыми жобаларды орындаймыз. Ресей, Украина, Румыния, Беларусь, Германия, Әзербайжан, Түркия, Иран, Корей Республикасы, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, ҚХР ел­дерінің басылымдарында институт қызметкерлерінің мақалалары жарияланып тұ­рады. Сонымен қатар, бірлескен конференциялар өткізіліп, ұжымдық монографияларымыз да жарық көріп отырады. 2013 жылдың өзінде әлемнің бірқатар ірі ғылыми орталықтарымен: Молдава Республикасы Ғылым академиясының Филология институтымен (Кишинев); Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтымен (Бішкек); KazakhArtsAcademy (Амстердам); Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік әдебиет музейімен (Омбы); Украина Ұлттық ғылым академиясының Т.Г.Шевчен­ко атындағы Әдебиет инс­титутымен (Киев); Ресей ғы­лым академиясының А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті инс­титутымен (Мәскеу) бірле­се жұмыс жасау жөнінде ке­лісімшарттарға қол қойылды. Институтта 2005 жылдан бастап, «Керуен» атты ғылыми-көпшілік және әдеби-көркем журнал жарыққа шығып келеді. Журнал беттерінде шет ел әдебиетшілері мен өнертанушыларының ғылыми мақалалары жарияланып тұрады. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан, Айнұр АХМЕТОВА