Келімбетов отставка туралы сұраққа жауап беруден бас тартты

Келімбетов өсек таратуға үйір тәуелсіз сарапшыларға шүйлікті. Еліміздің бас банкиріне олардың теңге құлдырайды деген болжамдары жақпай қалыпты деп хабарлайды КТК арнасы.

Келімбетов отставка туралы сұраққа жауап беруден бас тартты

Өзіне ғана сенуге кеңес берген Ұлттық банктың төрағасы  бұл жолы да девальвация болмайды деді. Ал уәдеңіз орындалмай қалса отставкаға кетесіз бе деген сауалға сол күйі жауап берген жоқ. Елді девальвация елесі қайта кезген соң Келімбетовтің өзіне мән-жайды түсіндіруге тура келгендей. Бас банкир көпті толғантқан басты сұраққа түк болмағандай әдеттегісінше, жылы жымиып отырып жауап  қатты. Сөйтті де, алдағы 3 жылда девальвация нақты болмайды деп тағы ант су ішті. Тіпті тұрғындарды сабырға шақырып соңғы уақытта тым көбейіп кеткен сарапшылардың сөзіне сенбеуге кеңес берді. Экономикалық ахуалға қатыстыболжам жасайтын сарапшыларды нақты дәйектен көрі, өсекке үйір деп мұқатқан Келімбетовтің сенімді сөйлеуі кейін белгілі болды. Сөйтсек, оның көңіліне демеу болатыны Ұлттық қордағы ақша екен. Осылайша кезекті рет уәдесін үйіп төккен Келімбетов айырбастау нүктелерінде валюта жетіспей жатыр деген әңгімені де, жоққа шығарды. Барлық сөзі оптимизге толы. Алайда бас банкирдің сөзі мен ісінің қаншалықты қабысататынын алдағы уақыт көрсетеді. Өйткені ақпандағы девальвациядан соң жұрт Ұлттық банкке асқан күдікпен қарайды.

Источник: КТК арнасы