«Әзірет Сұлтанның» директоры мен асхана жалдаушысы айтысып жатыр...

«Әзірет Сұлтанның» директоры ақталып жатыр

"Садықбеков асхана үшін ай сайын бір жарым миллион теңге сұрады"

Мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанындағы асханада жұмыс істеймін. Өзім 4 балалы жесір әйелмін. Жаздың жаймашуақ бір күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесі кешенінің басшысы Мәулен Садықбеков (суретте) өзіне шақырды. Бір емес, бірнеше рет шақырды. Бардым. Жағдай сұрап болған соң, «әпке маған ай сайын 1 500 000 (бір жарым миллион) беріп тұрасыз, олай болмаса, асхананы басқа біреуге жалға беремін. Сол тауып беріп тұрады» деді. Мен «тауып бере алмаймын, ондай ақша қайдан келсін, азырақ айтыңыз» деп едім, көнбеді. Қазір асханамызда жарық жоқ, жарық есептегішімді өшіріп тастаған. 2 ай бойы мотор қосып жұмыс істеп жатырмыз. Күніне 2 мың теңгеге бензин құямын, оған жалғыз 1 тоңазытқышты қосамыз. Менің асханамнан кесененің жұмысшылары да тамақтанады. Олар не ішіп жесе де барлығы 150 теңге ғана. Жаз бойы 15 адам тамақтанып тұрды. Қыс мезгілінде 5-6 адам ғана қалады. Мәулен Садықбеков асхананың есігінің алдына тас пен цементті түсірткізіп қойды. Онымен қоймай тасты жұмысшыларға лақтыртып есіктің алдына үйіп тастады. Кіріп-шыға алмай қалдық. Қыздарымызбен жабылып жүріп есік алдын, зорға аршып алдық. Кесененің дәу машинасы бар. Оны да есігімізге әкеліп тіреп қойды. Сонда Елбасымыздың шағын кәсіпкерлерді қолдаңдар деген саясатына кесене басшысы, жергілікті әкімшілік пысқырмайтын болғаны ма? Ай сайын ақша бермедің деп көрсетпеген қорлығы қалмады. Ал мен болсам заңды түрде салығымды төлеп, 15 жанұяны жұмыспен қамтамасыз етіп отыр едім. Мемлекетке салық төлемей, жемқор басшыға пара беруім керек пе!? Олай істегім келмейді! Күн сайын жағдайым ауырлап барады. Тоңазытқышта тұрған 70 келі ет, 5 келі сары май, 100 литр қымыз бен 150 литр қымыран сасып кетті. Себебі, бізде 28 шілдеден бері жарық жоқ. Біздің жанайқаймызға назар аударып, жәрдем ететін ел ағалары табылар ма екен?!

Есенкүл Махамбетова, жеке кәсіпкер, Түркістан қаласы.

 

"Махамбетова алдау арқылы мемлекет қаржысын қалтаға басып келеді... "

 

Үстіміздегі жылдың 9 қазаны күні КТК телеарнасының жаңалықтарынан«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РММ-не қарасты асхана төңірегінде туындаған мәселелерге қатысты хабар берілді. 2-3 минуттық хабарда мәселенің ақ-қарасын ашып көрсетіп, түсіндіру де, көрерменге оны түсіну де оңай емес. Ал одан 1-2 күн алдын «Namys.kz» және «Serke.org» сайттарында «Ясауи кесенесінің басшысы кәсіпкер әйелді бопсалап жүр» деген тақырыппен сол КТК тілшілерін шақырып, елді шуылдатып жүрген жеке кәсіпкер Е.Махамбетованың  ел ағаларына арнаған шындыққа еш жанаспайтын, ешқандай дәлел-дәйексіз жазыла салған арызы-жаласы жарияланды. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген «ұстанымдағы» ылас ойлы адамдардың қоғамдық пікірді шатастырмауы үшін мәселенің мән-жайын нақты дәлелдермен ашып көрсетуді жөн көрдім. Ал мәселенің шындығы мынау: Жеке кәсіпкер Есенкүл Махамбетова 2010 жылдан бастап, 5 жылға жуық уақыттан бері «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РММ-не қарасты асхана ғимаратын жалға алып, жұмыс істеп келеді. Қазақстан Республикасы «Мүлік туралы» заңының талаптарына сәйкес кез келген мемлекеттік мекеменің жалға берілетін нысаны сол мекеменің келісімі негізінде аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бұйрығымен бір жылға ғана жалға беріледі. Жалға беруші аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті болып табылады және келісім шарт та осы департаментпен жасалады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің 2014 жылғы 4 наурыздағы № 46 бұйрығының және № 65 Тұрғын емес жайды жалдау Келісімшартының негізінде Түркістан қаласы, Тәуке хан даңғылы, 70 мекенжайында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РММ-нің ғимаратынан жалпы алаңы 85 шаршы метр тұрғын емес жай тағы да жеке кәсіпкер Махамбетова Есенкуль Махсутханқызына жалға берілген болатын. Келісімшарт талаптары бойынша жалдаушы «қабылданған объектіні шартта көзделген мақсаттарда ғана пайдалануға» (10 бап, 3 тармақ), «объектіні тиісінше тәртіпте ұстауға, объектіге немесе онда орналасқан инженерлік коммуникацияларға зақым келтіруі мүмкін әрекеттерді жасамауға (10 бап, 4 тармақ) және «жалға берушінің алдын-ала жазбаша рұқсатынсыз объектіні, онда орналасқан желілер мен коммуникацияларды қайта орналастыруды немесе қайта жабдықтауды жүзеге асырмауға» (10 бап, 7 тармақ) міндетті. Алайда жеке кәсіпкер Е. Махамбетова өз міндеттемелерін орындамай, келісімшарт талаптарын өрескел бұзуға жол берді. Атап айтқанда: 1. «Жалдаушы», яғни жеке кәсіпкер Е.Махамбетова объектіні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РММ қызметкерлерін ғана тамақтандыру мақсатында жалға алып, жалдау ақысын жеңілдікпен (8501 /сегіз мың бес жүз бір/ теңге) ғана төлеп келе жатқандығына қарамастан, бірінші кезекте зияратшылар мен туристерге қызмет көрсетуді жолға қойып отыр. Мұндай жағдайда ол жалдау ақысын бірнеше есе артық төлеуге тиіс болатын. Алайда Е.Махамбетова алдау арқылы мемлекет қаржысын қалтаға басып келеді. Бұл қылмыс емес пе? 2. Қазақстан Республикасының заңдары мен келісім шарт талаптарын аяққа таптап, жалға берушінің алдын-ала жазбаша рұқсатынсыз объектіге жапсарластырып қосымша құрылыс салып, объектіні айтарлықтай өзгеріске ұшыратты. 3. Жалға алған  85 шаршы метр жайдан бөлек, жалпы көлемі 100 шаршы метрден астам бастырманы рұқсатсыз пайдаланып, оны жыңғылмен қоршап алған және сол арқылы ғимараттың сәулетіне нұқсан келтірді. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РММ тарапынан жасалған ескертулерге қарамастан «Жалдаушы», яғни жеке кәсіпкер Е.Махамбетова заңсыз әрекеттерін  тоқтатпады. Содан соң біз осы мәселелерді атап көрсетіп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы М.Р.Сәбденовке өтініш жазып, жеке кәсіпкер Е.Махамбетовамен жасалған келісім шартты мерзімінен бұрын бұзып,  жалға берілген объектіні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РММ-не қайтаруды сұрадық. Өтінішіміз қанағаттандырылып, департаменттің 2014 жылғы 16 шілдедегі №142 бұйрығымен жеке кәсіпкер Е.Махамбетовамен жасалған келісім шарт мерзімінен бұрын бұзылып, күші жойылды. Осы бұйрық біздің қолымызға тиген күні, яғни ү.ж. 24 шілдесінде Е.Махамбетоваға бұйрықтың көшірмесін тіркей отырып, арнайы хабарлама хат жазып, асхана ғимаратын босатып, бастапқы қалпында қорық-мұражайға қайтару қажеттігін хабарладық. Міне, содан бері үш ай жуық уақыт өтсе де ол мемлекеттік мекеме ғимаратын босатып бермей, заңсыз кәсібін жалғастырып келеді. Осы аралықта маған салмаған адамы қалған жоқ. Онысынан түк шықпаған соң түрлі өсек-аяң таратты, қоқаң-лоқы жасады.  Енді міне, маған жала жауып, жан-жаққа арыз жазуға кірісіпті. Е.Махамбетова «4 балалы жесір әйелмін» депті. Ия, жесір әйел екені рас. Бірақ жесір болғанымен жерде жатқан жан емес. Басқаларын айтпағанның өзінде балаларының бәрі жетілген. Бір сөзбен айтқанда Е.Махамбетованың біреуді бопсаламаса, біреуден бопса көретін жағдайы жоқ. Сөзімнің дәлелі ретінде мынаны айтсамда болады.  Жоғарыда айтып өткенімдей жесір әйел-жеке кәсіпкер Е.Махамбетова жалға алған  85 шаршы метр жайдан бөлек, жалпы көлемі 100 шаршы метрден астам бастырманы басып алып, оны жыңғылмен қоршап, одан бөлек мекеменің гүл егетін жерлерін таптап, тағы да 100 шаршы метрден астам  жерге тапшан, шатырлар құрып қойған. Гүл егілуге тиісті 40-50 шаршы метр жерге қазан-ошақтары мен шашылық пісіретін мангалын, шай қайнататын титандарын қойып тастаған. Осылайша Е.Махамбетова жалға алған 85 шаршы метр жайдан бөлек тағы да 250-300 шаршы метрдей жерді басып алып, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің ол жерлерде жұмыс жүргізуіне мүмкіндік бермей отыр. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бұйрығымен келісім шарты мерзімінен бұрын бұзылғандығына қарамастан, Е.Махамбетова жалға алған ғимарат тұрмақ, заңсыз пайдаланып жүрген жерлерін де босатып бермей қасарысуда. Ғимаратты босатуды талап етіп мекеменің жауапты қызметкерлері барса немесе тапсырмаға сәйкес сол маңда жұмыс жүргізуге жұмысшылар барса Е.Махамбетова заңсыз әрекеттерге барып, туған-туысқандарын жинап, сес көрсетіп, шу шығарады. Екі жарым айдан берігі жағдай осы. Мұны аз десеңіз түрлі деңгейдегі адамдар хабарласып, «Махамбетоваға тиіскеніңді қоймасаң сені де жайыңа қоймаймыз» дегендей доқ көрсетеді. Міне, кімді кім бопсалап жүргендігі осыдан-ақ анық көрініп тұрған жоқ па? Ел ағаларына жазған арызында Е.Махамбетова асхананың жарығын қиып тастағандығымызды айтып , «2 ай бойы мотор қосып жұмыс істеп жатырмыз Күніне 2 мың теңгеге бензин құямын, оған жалғыз 1 тоңазытқышты қосамыз. Тоңазытқышта тұрған 70 келі ет, 5 келі сары май, 100 литр қымыз бен 150 литр қымыран сасып кетті. Себебі, бізде 28- шілдеден бері жарық жоқ. Менің асханамнан кесененің жұмысшылары да тамақтанады. Олар не ішіп жесе де барлығы 150 теңге ғана. Жаз бойы 15 адам тамақтанып тұрды. Қыс мезгілінде 5-6 адам ғана қалады... Ал мен болсам заңды түрде салығымды төлеп, 15 жанұяны жұмыспен қамтамасыз етіп отыр едім» депті. Сөз түсінетін адамға Е.Махамбетованың заңсыз әрекеттері оның осы өз сөздерінен-ақ белгілі болып тұр ғой. Біріншіден,  жеке кәсіпкер  Е.Махамбетова асхана ғимаратын «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының ұжымын ғана тамақтандырамын деп өте төменгі бағамен жалға алған. Ал қорық мұражай ұжымында дәл қазір 120 адам жұмыс істейді. Бұл ұжымның барынша ықшамдалғаны. Өткен жылдары 160 адамға дейін жұмыс істеген болатын. Осынша адамның 15-і ғана жаз айларында, 5-6-сы ғана қыс мезгілінде Е.Махамбетованың асханасынан тамақтаныпты. Көріп отырғандарыңыздай бұл жеке кәсіпкердің өз сөзі. Ал сонда қорық-мұражайдың қалған адамдары түстігін қайдан ішіп жүр? Өз асханамыздың тамағы нашар ма? Жоқ әлде түскі үзіліс уақытында асханада орын болмайды ма? Біз ол жағын қазбаламай-ақ қояйық. Бірақ, қорық-мұражайдың өз аумағында ұжымы үшін арнайы жұмыс істейтін  асхана тұрғанда, ұжым мүшелерінің 90 пайызы  одан безіп, алыстағы асханаларды жағалап жүрсе, мұны қалай түсінуге болады? Екіншіден, егер ол қорық-мұражайдың 15 адамына ғана өзі айтқандай 150 теңгеден тамақ беріп отырса, оның таза табысы моторға бензин құйып отырған 2 мың теңгесін де жаппас еді. Үшіншіден, күніне 15 адамға ғана тамақ беретін асханамен қалайша15 жанұяны жұмыспен қамтамасыз етеді? Әлде Е.Махамбетова қол астындағыларға еңбекақы бермейді ме? Төртіншіден, «Тоңазытқышта тұрған 70 келі ет, 5 келі сары май, 100 литр қымыз бен 150 литр қымыран сасып кетті» дейді. 150 теңгеден 15 адамды ғана тамақтандырып отырған асханаға осынша ет пен қымыз-қымыранның не қажеті бар? Айта берсек жеке кәсіпкердің арызында оның өзінің кім екендігін дәлелдейтін мысалдар баршылық. Бірақ, осының өзі-ақ жеке кәсіпкер-жесір әйел Е.Махамбетованың «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РММ-не қарасты асхананы «мұражай қызметкерлеріне ғана тамақ беремін» деп алдап, жеңілдікпен жалға алып, ал шын мәнісінде Қазақстан Республикасының заң талаптарын да, келісім шарт талаптарын да белден басып, мемлекеттік мекеменің асханасын үлкен заңсыз сауда орталығына айналдырғандығына жеткілікті дәлел болмайды ма? Әлде жесір әйел-жеке кәсіпкер заңға бағынбауы керек пе?

М.Садықбеков,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық-мұражайы» РММ  директоры.

Түркістан қаласы