МҰСТАФАНЫ МАЗАҚ ҚЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ ӨЗГЕРЕДІ

мустафа-55 2004 жылы Алматы облысына қарасты Бесағаш ауылына даңқты спортшы, қазақ таэквондосының негізін қалаушы - Мұстафа Өзтүрікке арналған ескерткіш тұрғызылған еді. Бірақ мүсіннің ұсқынсыздығынан көргендердің бірі оны аң-құсқа, енді бірі ергежейліге теңеп келген-ді. Енді, міне, арада 10 жыл өткенде ғана оған тиісті орындар назар аударып, Мұстафаның 60 жылдығы қарсаңында ескерткішті өзгерту жөнінде шешім шығарылып отыр. Мұстафа Өзтүріктің 50 жылдық мерейтойына орай, Бесағаш ауылындағы басты алаңға қойылған ескерткіштен астындағы жазуы ғана болмаса, үстіндегі кескініне қарап айбынды таэквондошыны тану қиын. Сондықтан мұндағы тұрғындар оның алынып тасталуын, не орнына басқасының қойылуын талап етіп келді. – Әрине, Бесағашта тұрған ескерткіш спортшының кескініне сай емес. Біз оны енді жөндеуге тырысамыз. Оған бюджеттен ақша бөліп қойдық. Ең мықты деген мүсіншілерді тартып жатырмыз, - дейді ҚР таэквондо федерациясы Алматы қалалық бөлімшесінің төрағасы Серік Абдуллаев. Кеште болсын, даңқты ағасын еске алып жатқанына Мұстафаның туған інісі – Әбдулназы Тәйжі де риза. Сәтін салса, мерейлі тойға Германияда тұрып жатқан атақты спортшының қос қызы мен ұлы да келмек ниетте екен. Осылайша ескерткіші тұрмақ, өзі де ұмытыла бастаған Өзтүріктің есімі қайта жаңғырмақ. Мерекенің алды 11-12 қазанда спортшы атындағы жүлде қойылған турнирмен басталады деп жоспарлануда.