Астанада пәтерге таласқандар мәдениет сарайын талқандай жаздады

Астанада арзан  пәтерге талас тағы жанжалмен басталды.Осы аптада "Қолжетімді баспана" бағдарламасы бойынша, құжат қабылдау басталған болатын.Берілетін үй саны шектеулі. Бірақ бүгін "Жастар" сарайына таңмен таласа мыңдаған адам келді. Ашуға булыққан топ  мәдениет сарайының есігін сындырып, талқандай жаздады деп хабарлайды КТК арнасы. Тіпті арыны қатты жұртты Ұлттық гвардияның сарбаздары әзер тыныштандырды.

Осылайша есікті қирата жаздаған астаналықтар ішке қарай ентеледі. Айғайласып кірсе де, шират үшін бір-бірімен төбелесуге бар. Тіпті Ұлттық гвардияның зіңгіттей сарбаздарына  әл берер емес. Темір қоршауды бұза-жара қабылдау комиссиясына кезексіз ұмтылғандар табылды. Сый дәметіп жастармен бірге кезекте тұрған қарттардың  қарасы қалың. Бірақ көбі дүрмекке ілесіп келген. Олар қандай құжат керектігін де білмейді. Соны ешкім түсіндіріп жатқан жоқ деп ашулы. Тұрғындарға жаны ашыды ма, жалпы құжат қабылдаудың ережесі жазылған кітапшаны сарбаздар таратып жүр. Ал іріктеудің талабы қатал. Арызды тек бірнеше жылдан бері пәтерге кезекке тұрғандар бере алады. Онда да бюджеттік сала қызметкерлері, әскерилер, мүгедектер, жетімдер  мен көпбалалы отбасылар. Оның үстіне шенеуніктер үйді тегін таратқалы жатқан жоқ. Нарықтағыдан арзан делінген пәтердің шаршы метрі 180 мың теңге.  Баспана жалға беріледі, кейін сатып алуға болады. Тек оның әділ жүргізілетініне күмәнмен қараушылар көп. "4 жыл болды кезек әлі жылжыған жоқ. Пәтер алам деп ойламаймын. Әділдік жоқ.  Қаншама адам тұр. Қаншасының баласы мүгедек. Кейбір адамдар 2010-2011 жылы  кезекке тұрса да пәтер алған. Қалай білмейміз?", - дейді қала тұрғыны. Астаналық мыңдаған отбасы таласып жатқан тұрғын кешені осы. Құрылысы 2015 жылдың басында аяқталуы тиіс. Бірақ барлығына бірдей бұл жерден үй бұйырмайды. Себебі берілетін пәтер саны шектеулі. 678 ғана. Осы кезде бұл баспанадан  үміттілердің саны 32 мыңнан асады. Сондықтан баспананы бөлу кезінде шын мұқтаж жанұяларға басымдық берілмек. Астана қалалық тұрғынүй басқармасының бас маманы Айшакүл Молдағалиеваның айтуынша, "қалай кезекте тұр, сол бойынша пәтерін алады". Ол қазіргі кезекте 32 478 азамат тұғанын айтады. Айғайдан кейін шенеуніктер халықты сабырға шақырып отыр. Өйткені "Қолжетімді баспана" бағдарламасы бойынша, құжат  25-ші қазанға дейін яғни 2 апта бойы қабылданады. Оның үстіне кімнің бірінші арыз беріп үлгергені емес, тиісті талапқа сай келгендердің ғана бағы жанады.
Источник: КТК арнасы