Интернет жойылып кетуі мүмкін

АҚШ арнайы қызметтерінің Интернетті уысында ұстауға деген құлшынысы болашақта оның жойылып кетуіне себеп болуы мүмкін. Өйткені, көптеген шетелдік тұтынушылар жеке ақпараттары АҚШ тыңшыларының олжасына айналады деген қорқыныштан америкалық ІТ-компанялардың қызметінен бас тартуда. Егер үрдіс жалғаса берсе, Ғаламтор ғаламдық әлеуетінен айырылып, бірнеше ұлттық желілерге ыдырап кетеді деген қауіп бар. 

 Американың бақылау нысанына ілікпес үшін, өзге елдер жеке ақпараттық желілерін қалыптастырып, мәліметтерін АҚШ-та емес, өз өңірлерінде орналасқан серверлерде сақтауға әрекет жасап жатыр, деген пікірде Google директорлар кеңесінің төрағасы Эрик Шмидт (Eric Schmidt). Мұндай мәлімдемесін Эрик Шмидт АҚШ сенаторы әрі саясаткері Рон Уайден Пало Альтода ұйымдастырған конференция барысында жасады, деп жазады cnews.ru. Қазірде Эрик Шмидттің айтқанына Google, Microsoft, Facebook, Dropbox пен басқа да америкалық технологиялық компаниялардың өкілдері қосылып отыр. Олардың пікірінше, АҚШ-тың ІТ саласы үлкен шығындарға тап болуда, себебі көптеген шетелдік тұтынушылар өздерінің мәліметтері АҚШ арнайы қызметтердің қолына түседі деген қорқыныштан олардың қызметінен бас тартып жатыр. Ғаламторды ұлттық бөлшектерге ыдырату ақпараттың еркін айналымы ұғымына мүлде қайшы, деп санайды конференцияға қатысқан әлемдегі ірі ІТ-компаниялардың өкілдері. Ғаламтордың тағдырына етене араласып кеткен АҚШ Ұлттық қауіпсіздік қызметінің «сұғанақтығы» ертелі-кеш Интернеттің түбіне жетеді, дейді Эрик Шмидт. Негізінен, АҚШ ҰҚҚ тұрақты бақылауы салдарынан болашақта Әлемдік ақпарат жүйесі ұсақ ұлттық желілерге бөлініп кетеді деп 2013 жылдың желтоқсанында «Касперский лабораториясы» да болжаған еді. Ол кезде «Касперский лабораториясының» басты антивирустық сарапшысы Александр Гостев «Kaspersky Security Bulletin 2013. Болжамдар» атты жаңажылдық баяндамасында біртұтас Ғаламтор ұсақ бөлшектерге бөлінеді деген мәлімдеме жасады. Басты мысал ретінде осы бағытта белсенді жұмыс жасап жатқан Қытайдың ұлттық файерволдары (компьютерді Интернет арқылы жүзеге асатын сыртқы бақылаулардан қорғау – агент. ескертп.) атап өтілді. Сонымен қатар Германияның ведомствоаралық коммуникациясын ел ішінде өзара бекітіп тастау туралы ниеті және Бразилияның Флорида арқылы өтетін интернет-арнаны пайдаланбас үшін оған баламалы магистральді арна төсеу жоспары да баяндамашының назарынан тыс қалмады. «Егер осы сынды мысалдар кеңінен етек алатын болса, адамзат ортақ ақпарат алмасу алаңынан айырылып, есесіне, бірнеше жекелеген ұсақ желілерге топтасады», - деген еді сол кезде Гостев.

bnews.kz