ДЕПУТАТТАР ДЕПУТАТТЫ САЙЛАЙДЫ, БҰЛ ТУРАЛЫ ХАЛЫҚ НЕ ОЙЛАЙДЫ?

15 Сонымен, тағы да ел билігінің биік сатысына сенаторлардың кезекті жаңа бір легі сайланды. Парламенттегі Жоғары палатаға депутаттарды сайлау у-шусыз, халық назарынан тыс, жартылай құпия іс-шара ретінде өтті десе де болады. Тіпті кейбір тұрғындарымыз аталмыш сайлаудың болып өткенінен де бейхабар екен. Олай болса, білмей­тіндердің есіне сала кетейік, Сенатқа 47 депутат алты жылға сайланады. 15-ін Президент тағайындаса, 32 депутатты түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлайды. Биыл бұл науқанға 136 миллион теңге бөлінгені белгілі. Сайлауды бақылауға шетелдерден және өзімізден 400-ге жуық өкілдер қатысқаны да айтылды. Ал, олардың жол шығыны, ішіп-жемі, жүріп-тұруы, жатын орны сияқты шығындарға қанша қаражат жұмсалғаны туралы ешкім тіс жарған жоқ. Шетелдік бақылаушылардың біздің сайлау жоғары деңгейде өтті дегеніне қарағанда оларды жаман қарсы алмаған cияқтымыз. Бұл жолы 16 депутат сыннан өтіп, сенатор атанды. Өткен шақырылымдағы Сенат депутаттарының белсенділігі тым төмен болғаны белгілі. Жалғыз Светлана Жалмағамбетованың ғана қоғамдағы келеңсіз көріністерді көзге шұқып көрсеткен жанайқайын ести алдық. Қалғандары тасада тып-тыныш отырып, алты жыл уақыттарын өткізді деуге болады. Мәжілістен қабылданып келген жаңа заңдарды үстінен бір қарап шығып, қол көтеріп дауыс бергендері ғана көпшіліктің есінде қалыпты. Осыған қарап, жұрт «Бізге жоғары палата керек пе?» - деген сұрақты жиі қояды. Бұл сұрақ орынсыз да емес сияқты. Біріншіден, Парламенттің қос палатасының қызме­ті көп жағдайда бірін-бірі қайталайды Екін­ші­ден, 47 депутаттың әлеу­мет­тік-тұрмыстық жағдай­лары олардың қоғамдағы жоғары дәрежесіне лайықты болуы үшін қыруар қаржы кетіп жатыр. Айлығын айтпаған күннің өзінде, сенаторларға қызмет ететін жүйе жұмы­сына да айтарлықтай ақша жұмсалады. Әлемдік дағдарыс бай мемлекеттердің өзіне әрбір тиынды санауды үйрет­ті. Бізде де бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – жақында болған билік­тегі оңтайландыру. Бірнеше министр­ліктерді біріктіріп, саннан сапаға өту қолға алынға­ны белгілі. Бұл өзгерісті заң шығарушы орынға да қолда­натын уақыт жеткен секілді.                                                                                  Асан Айдарұлы