ДАБЫРА ДАРАҚЫЛЫҚТЫ ДОҒАРҒАН ДҰРЫС

токаев Сайлаудың салқыны әсер етті ме кейінгі кезде сенаторларымыз күтпеген жерден белсенділік таныта бастаған сыңайлы. Соңғы отырыста Сенаттың төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет, дәлірек айтсақ, халықтың қаржысын жөн-жосықсыз шаша беруге қарсы пікір білдірді. Елордада Біріккен Ұлттар ұйымының аясында «Электронды Үкімет» атты жаһандық форум өткізілмекші екен. Бюджеттің жарты миллион доллары тағы бір кезекті форум өткізуге жұтылатынын естігенде Сенат төрағасы да тіксініп қалды. Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі шаралар өткізіп шетелден қонақ шақыруды жақсы көретін Үкіметке бюджет қаржысын ысырап ете бермеуге кеңес берді. Бірақ, Астанада 6-8-қыркүйек аралығында халықаралық форум өткізейік деп қиылып келген Инвестиция және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиевтің мемлекет қоржынына салған қолын қағып тастай алмады. Алдағы уақытта көп ақша жұмсалатын жиындарға әуес болмау керектігін айтумен ғана шектелді. Дабыра дарақылықты доғару туралы Елбасы да әлденеше рет айтқан болатын. Бірақ, бұл ескертулер Үкіметтегілердің бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кеткені анық. Шетелдік бақылаушылар, ақыл айтушылар, әншілер мен бишілер біздің қонақжайлылығымызды тұрақты көріп келеді. Қөрсеткен өнері үшін әкесінің құнын сұрайтын шетелдік жұлдыздарсыз бізде бірде-бір мереке өтпейтін болды. Бұл туралы сөз болса, ақшаны демеушілеріміз шығарып жатыр деп жалтарады ұйымдастырушылар. Сол демеушілер әлеуметтік жағынан нашар қорғалғандарға неге қол ұшын созбайды? Өйткені бұл бағытта олармен ешкім ешқандай түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Билік түрлі басқосу мен шараларды өткізуге неге құмар? Әлде басқа істейтін жұмыстары жоқ па? Кейбіреулер олар үшін пайдасы бар, бөлінген қаржының белгілі бір бөлігі өздерінің қалтасында қалады дегенді айтады. Еліміздегі өтетін ресми мерекелік шараларға да қыруар қаржы бөлінетіні белгілі. Бірақ, жергілікті әкімдіктер қаладағы кәсіпкерлерді жегіп, мерекелік шараларды солардың «демеушілігімен» өткізеді екен. Ал, қала қоржынынан бөлінген қаржы қайда кететіні белгісіз дейді бұл істің қыр-сырынан хабардар ақпарат көздері. Осындай шараларға жұмсалған есепсіз қаржыға қанша мектеп, қанша балабақша салуға болатын еді, ол жағы әзірге ешкімді ойландырмайтын секілді.