ҰСТАЗДАР ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

1 Жақында Түркістан қаласындағы Ясауи атындағы ХҚТУ-де университет ұжымы өмірден озған әріптестеріне арналған ескерткіш тақта орнатты. Университет ректоры, профессор У.Әб­дібековтің қолдауымен және вице-прези­дент, профессор Б.Мұхамеджановтың тіке­лей мұрындық болуымен қойылған ескерткіш тақтаға 70-ке жуық марқұм болған азаматтардың есімі қашалып жазылған. Арнайы Қытайдан алынған мәрмәр тасқа Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де 1991-2014-жылдар аралығында қызмет атқарып жүріп дүниеден озған оқытушы-про­фессорлар мен қызмет­керлердің тізімі енген. Тақтаға «Сіздер жаққан білімнің шырағы сөнбейді, ардақты ұстаз, қадірменді әріптес!» деп жазылған. Ескерткіш тақтаның ашылуына университет ұжымы мен есімдері тасқа жазылған марқұмдардың туған-туыстары қатысты. Марқұмдардың туғандары ескерткіш-белгіге гүл шоқтарын қойып, өздерінің алғыстарын білдірді. Шара соңында әруақтарға құран бағышталды.