Аналарын қаңғыртқан Ақтөбе облысының әкімі қайда қарап отыр?!.

Ақтөбеде ең жас батыр ана баспанасыз босып жүр. 32 жастағы Айсәуле Сатыбалдиева 8 құрсақ көтеріп, қазір тоғызыншы сәбиіне аяғы ауыр. Бала-шағасымен облыс орталығынан жалдауға да пәтер таба алмаған. Енді амалсыз мал бағатын қожалықтың аядай бөлмесін паналауда. "Алтын алқа" иегері ретінде үкіметтен 15 мың теңге қаржы алады.

Қайыңдысай ауылының іргесіндегі шағын үйде Бергешовтер отбасы тұрады. Олар бұл жерге жарты жыл бұрын көшіп келген. Көпбалалы отбасына жергілікті шаруа қожалығының басшысы бұл баспанада тұруға уақытша рұқсат беріпті. Ол үшін отағасы оның төрт түлігін бағып күнелтеді.

Отыз жасында алтын алқа иегері атанған Айсәуле бұғанда шүкіршілік етіп отыр. Себебі пәтерін жалға беретіндер бала санын көпсініп жолатпайды екен.

Ал малды ауылдағы бұл үйдің таршылық етіп отырғанын бөлек, кем-кетігі көп. Терезесі шағылып төбесі тесілген. Батыр ана алдағы қыстың қамын ойлап алаңдайды.

"Бес ұлым, үш қызым бар шүкір. Енді елбасымыз, атқамінерлер көріп, естіп біліп көмек берсе дейміз. Баспана берсе. Сол жағынан қиыншылықтар болып жатыр",- дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Айсәуле Сатыбалдиева.

Сегіз баланың алтауы іргедегі ауылға қатынап оқиды. Аядай бөлмеде ас ішіп, сабақтарына дайындалады. Ұйықтайтын, жуынатын жері де осы.

Айсәуленің ұлы Әліби өзіміздің үлкен үйіміз болса, осы үйден кетіп, үлкен үйге барсақ деп армандайды.

Айсәуле әр баланың өз несібесі барына сенімді. Ақтөбедегі ең жас батыр ана екенін айтып шенеуніктерге міндетсініп көрмепті. Тіпті көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегіне тұруға болатынын жақында білген. Сондықтан жеті мыңыншы болып тұрған тізімінің қашан басына жететіндігін биліктегілер айта алмайды.

Аймақтағы ең жас батыр ана тұрмыс тауқыметін алға тартып әлі де болса тосылып қалмайтындығын жеткізді. Енді келер жылы тағы бір бөбегін құшағына алғалы отыр. Бірақ бұл отбасы шілдеханаға дейін қоныс тойын тойлауды армандайды.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысында да сегізінші баласына аяғы ауыр келіншектің сабаннан салынған үйде өмір сүріп жатқанын хабарлаған едік.

Источник: NUR.KZ