Школьник елдегі бензин тапшылығының себебін түсіндіруге тырысты

Владимир Школьник елдегі бензин тапшылығының себебін өзі түсіндірмекке тырысты. Айтуынша, біз жылына 2,8 миллион тонна АИ-92 бензинін тұтынамыз. Алайда өзіміз оның 1,8 млн тоннасын ғана өндіреміз.

Школьник елдегі бензин тапшылығының себебін түсіндіруге тырысты Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

"1 миллион тоннадай жанармай Ресейден келеді. Ол елде АИ-92-нің бағасы 165-170 теңге. Ал біздегі девальвациядан соң, Үкімет бензин бағасын көтермеу туралы шешім қабылдады", - дейді Школьник.

Министр жағдайды реттеу үшін, Шымкент мұнай өнімдері зауытын тоқтатпау жолдары қарастырылғанын жеткізді. Мұнан өзге елдегі 3 зауытты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, Владимир Школьник Қазақстан нарығында сұйытылған газ жеткізу тетігінде бірқатар проблемалардың бар екенін айтты. Аталған газды ел аумағынан шығаруға тыйым салуға ұсыныс жасады.

"Желілік газ тарату компанияларына, ұйымдарға әлеуметтік газдан басқа, сұйытылған газдың экспортына рұқсат берілген. Алайда, ел аумағынан коммерциялық әлде әлеуметтік газдың қайсысы экспортталып жатқанын қадағалау мүмкін болмай отыр. Әлеуметтік газ экспортқа кетіп жатыр. Сондықтан сұйытылған мұнай газын елден тысқары шуғаруға тыйым салуды ұсынамын. Қолданыстағы заң талаптарын бұзғандарды қатаң жазалау керек. Оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін заң нормаларына арнайы өзгерістер енгізілсе деймін",  - деді Энергетика министрі Владимир Школьник.

Өз кезегінде энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин 2021 жылдан кейін Қазақстан тағы да сұйық отын тапшылығына тап болуы мүмкін екенін айтты.

Бүгінде 3 зауытта өндірілетін жанармай елдегі қажеттіліктің 70 пайызын ғана қамтиды. Жүргізіліп жатқан шаралар нәтижесінде 2016 жылдан кейін бензин тапшылығы тоқтайды.

Бірақ сараптама бойынша, келешекте елдің жағдайы көтеріліп, индустриялық қуат қарқын ала бастаған сайын жанар-жағармайдың керекті мөлшері де арта түседі.

"2021-24 жылдардың арасында тағы да бізде тапшылық болады. Бірақ көп емес, 1 млн -1,5 млн тоннаға дейін дизель отыны қажет болады. Сол үшін сол кездерге қарай, біздің мұнай өндіретін зауыттардың күшін арттыруымыз керек", - дейді  Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин.

Источник: NUR.KZ