Экономика Нострадамусы доллардың тағдыры туралы айтты

Экономика Нострадамусы доллардың тағдыры туралы айтты

Фото © Ренат Ташқынбаев
Америкалық сарапшы Нуриэль Рубини доллар тағдырының қандай болатынын айтты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz  тілшісі. Экономикалық және қаржылық мәселелердің сарапшысы Рубини "доллар болашағының қандай болатынын 2008-2011 жылдардағы ғаламдық дағдарыс көрсетіп берді" деген. "Қазір доллар басты валюта ретінде сақталып тұр, негізінен халықаралық қатынастарда доллар пайдаланылады, негізгі қажеттіліктер доллармен өтеледі, табиғи ресурстар, мысалға мұнай бағасы да доллармен белгіленеді.  Соған қарамастан, басқа да әлемдік валюталар, мысалы еуро, британдық фунт, швейцария кронасы, жапон ақшасы пайда болуда. Меніңше, халықаралық нарыққа ақырындап басқа валюталар ене бастайды. Мен дереу олар барлық елге танымал ақшаға айналады деп отырған жоқпын. Олар мысалы Қытай ақшасы секілді ақырындап еніп, үлкен маңызға ие болады", - деді Рубини Астанада өткен баспасөз конференциясында. Сонымен қатар ол, долларды "жерлеуге" әлі ерте екенін түсіну керектігін де айтты. "Сіздер білесіздер, бұған дейін талай мәрте доллардың құлайтыны, валюта ретінде қордағы бірлік секілді жоқ болып кететіндігі, негізгі құн алтынмен немесе қытай ақшасымен өлшене бастайтыны жайлы талай пікірлер айтылып келді. Мен долларды соншалық дәрежеде әлсіз валюта деп ойламаймын. Америка экономикасы еуропа мемлекеттері мен жапондардан гөрі жедел даму үстінде. Америка экономикасы доллардың өсуінің кепілі. Сондықтан да, мен "жуық арада АҚШ валютасы жоқ болып кетеді" дегенге сенбеймін", - дейді сарапшы. Нуриэль Рубини бүгін "Самұрық-Қазына" қорының трансформация форумына қатысты. Ол Қазақстанның экономикалық дамуына да өз ойын білдіріп, еліміздің зор табысқа жетуге әлеуеті жететінін атап өтті.
Автор: Ренат Ташкинбаев tengrinews.kz