Қазақстанға экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны таяп келеді

Қазақстанға экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны таяған сыңайлы.  Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың "жөнді-жөнсіз халықаралық форумдарды қысқарту керек" деген мәлімдемесі қоғамда осындай пікір туғызып отыр. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Кеше ғана Атырауда өткен аймақаралық форумның бергені мен шығынын есептеп болмай жатып, мәжіліс депутаттары тағы бір жиынды өткізуге ақша сұрап ши шығарды.

Бұл жолы 2016-шы жылы Петропавлда болатын Қазақстан және Ресей шекара аймақтық жиынына дайындық үшін қомақты қаражат қажет екен.

"Бұл үшін облыстық бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінетін болады. Бұл объектілер құрылысына инвесторлар тартылуда. Облыс форум жұмысының уақытылы әрі сапалы жұмыс жүргізуі үшін республикалық бюджеттен қосымша 29 миллиард бөлу жөніндегі үкіметтен қолдауға мұқтаж. Яғни, 40 миллиардқа жуық қаражат басқосуға жұмсалмақ", - деді  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов.

Аймақтық форумдарды былай қойғанда, 3 жыл бұрын Астанада әлем басшыларын жинаған ОБСЕ саммитінен кейін де қоғамда "оның орнына баспанаға мұқтаж мыңдаған адамға үй салмай ма" деген пікір жиі айтылған болатын.

Сол түрткі болды ма, белгісіз, бүгін білдей сенат спикерінің өзі маңызсыз жиындарға қаржы шашқанды тоқтату керек деп елді елең еткізді.

"Халықаралық форумдарды өткізуді азайту керек. Бюджет қаржысын босқа шашпаған жөн", - деген Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевың сөзін әркім өзінше қабылдап, іліп әкетіп жатты.

Біреулері "сең қозғалды" деп қуанып жатса, "айтылып-айтылып аяқсыз қалады" деген күдікпен қабылдағандары да болды. Ал сарапшылар мұны елдегі жағдайға байланысты алдын ала ойланып қабылданған шешім деп отыр.

"Ресейге салынып жатқан экономикалық санкциялар, сонымен бірге мұнай бағасының түсуі, Каспийдегі мұнайдың алынбай қалуы Қазақстанның экономикасына орасан қиындықтар әкеліп жатқаны бәрімізге белгілі. Соның бір себебі кез-келген жайғдайда, тіпті аз-мұз шығындар болсын үнемдеу мәселесі сөз болып жатқан сияқты", - дейді заңгер Мақсат Ілиясұлы.

Бұл ретте үкімет жыл сайын өтетін халықаралық форумдардың шығыны - жиын барысындағы келісімдер негізінде құйылатын инвестициялармен жабылады деп ақталатыны анық. Алайда, әлемдік және мемлекеттік маңызға ие бірқатар бағдарламалардың аяқсыз қалып жатқаны қаншама.

Тағы бір айта кетерлігі, сенат депутаттары келер аптада Астанада өткелі отырған "Электрондық үкімет"Біріккен Ұлттар ұйымы" ғаламдық форумына қаржы бөлу туралы құжатты қабылдап жіберді. Тіпті "дүбірлі жиындарды қысқартайық" деп бастама көтерген спикер Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де қазынадан 500 мың долларды шығынға шығаруға қарсылық танытпады.

Источник: NUR.KZ